Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарих қойнауындағы 90 жыл - АРҚА АЖАРЫ

Тарих қойнауындағы 90 жыл

Сенбі күні Зеренді ауданындағы Қызылсая орта мектебі өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Өзіндік дәстүрі қалыптасқан, тарихы тереңде жатқан білім ошағы төңіректегі он бес ауылдың оқушыларына тәлім-тәрбие берген айтулы мектептің санатында. Былтырғы оқу жылында мектеп түлектері Нұргүл Тезекбаева, Азиза Аукарова, биылғы оқу жылында мектеп түлегі Әсем Сәлім Алтын белгіге ие болып, білім ошағының абыройын асқақтатты.

Салтанатты шараға облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ботагөз Байназарқызы, Қызылсая селолық округінің әкімі Бақытжан Аукарова және көптеген мектеп түлектері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Әдеттегідей салтанатты жиналыс Әнұранның шырқалуымен және көк туымыздың желбіреуімен басталды. Алғашқы сөзді мектеп директоры Болат Рахымжанов алып, барлық түлектерді, мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтап, мектептің іргесін көтеруге атсалысқандарға, олардың ұрпақтарына алғысын білдірді. Мерейтой барысында көптеген түлектер де ізгі-тілектерін жолдап, мектептегі күндерін еске алып, көптеген тарту-таралғыларын табыс етті. Білім берген ұстаздарымен жүздесіп, шәкірттік көңілмен шынайы алғыстарын білдіріп, сағынышпен қауышып жатты. Қызылсая мектебінің жүздеген, тіпті, мыңдаған түлектерінің сан-салада табысты еңбек етіп, тамаша жетістіктерге жетіп жүргеніне қарағанда білім ошағындағы білім беру ісі марапатқа лайық.
– Мектепті бітіргеніме 50 жыл болды. Кейін Алматы жаққа көшіп кетіп, көптен бері мектепке келмеп едім. Енді міне жарты ғасыр өткен соң ұшқан ұяма оралып, қатты толқып тұрмын, – дейді мектептің 1965 жылғы түлегі Омарбек Әбенов.
90 жылдық мерейтойға орай 1925 жылы мектептің алғашқы директоры болған және осы мектепті ашуға тікелей атсалысқан Құлан Шәйкенұлына арналған мемориалдық тақта ашылды. Бұл салтанатты шараға Құлан Шәйкенұлының қызы Күлжапен Мұқанова мен немерелері қатысып, әке рухына тағзым етті. Жалпы, мектептің өздерінің тарихына, бұрынғы істеген қадірлі қызметкерлеріне аса үлкен құрметпен қарайтыны бірден көрініп тұр. Оған дәлел мектептегі музей.
Одан әрі мерейтой түлектер мен қонақтарға арналған концертпен жалғасты. Оқушылар күй тартып, ән шырқады. Өзге ауылдардан келген өнерпаздар да, түлектер де сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Оған қоса әртүрлі дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылды. Оның ішінде қазақтың делебесін қоздыратын ат жарыс та бар. Оған Қызылсаяның жүйріктеріне қоса көрші ауылдардың да жүйріктері қатысты. Ат жарыстан кейін қазақша күрес, қол күрес, кір көтеру тағы басқа қызықты жарыстар өтті. Жүлдегерлерге ауыл адамдары тағайындаған әртүрлі жүлделер табыс етіліп, мерейлі мереке барысында ұйымдастырылған сайыстың жүлдегерлері құралақан кеткен жоқ.
Ғасырға жуық тарихы бар білім ошағынан талай ғылым докторлары мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшып, бүгінде мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде ел игілігі үшін тынымды еңбек атқарып жүр. Тіпті, олардың арасында спорт саласында да биіктерді бағындырған жеңімпаздар бар. Солардың ішінде тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпиондары атанған Абай Сәбитов пен Фариза Бексұлтанова бар.
Тоқсан жыл бойы осы төңірекке білім нұрын шашып тұрған білімнің қара шаңырағы өткен күндерін екшеп, бұл күнде көне тарихқа айналып бара жатқан әр сәтін әйгілеп, болашаққа берік бағдар алды. Қызылсаяның қырларын дүбірлеткен тамаша той өзіндік өнегесімен, үлгісімен ел есінде ұзақ қалатындығы сөзсіз.   

 

Рамазан Төлеубай

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар