Бесінші жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жатқан Шортанды ауданындағы ат спорты жарыстары Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.
Ата-бабамыздан қалған осынау дәстүрлі ойындарды тамашалау үшін шортандылықтар мен аудан қонақтары алаңға бір адамдай жиналды. Ауа райы мерекенің жақсы өтуіне септігін тигізейін дегендей, шайдай ашық болды. Мерекелік іс-шара Керей мен Жәнібек хандардың қазақ хандығын қалай құрғандығы жайлы сыр шертетін шағын театрландырылған көрініспен басталды. Бұдан әрі жиналған қауымды Шортанды ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин құттықтап, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ат жарысты өткізудің басты мақсаты – ел арасында ұлттық ат спорты түрлерін насихаттау, халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Жарыстан алаңға жиналған қауым көкпар, құнан бәйге, тоқ бәйге, аламан бәйге, аударыспақ, қыз-қуу сияқты ұлттық спорт түрлерін көре алды. Әсіресе, Астана қаласының №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері көрсеткен, әр түрлі акробатикалық элементтер барша жұрттың көңілінен шықты.
Жорға жарыста бірінші орынды Евгений Чибисов, екінші орынды Виктор Патрикеев, үшінші орынды Николай Бабичев иеленді. Тоқ бәйгеде жүлделі бірінші орын Берік Қабылбековтің қанжығасына байланса, екінші орынды Диас Серғазиев алды, ал жүлделі үшінші орынды Айдар Бексейітов қанағат тұтты. Арбалы жорға жарыста Антон Чибисов жеңіске жетсе, Иван Шатковский мен Дарья Некрасова өзара екінші және үшінші орындарды бөлісті.
Осы ат спортының дамуына үлес қосып жүрген «Нива» серіктестігінің директоры Владимир Абермит пен жеке кәсіпкер Ілияс Смайыловты атап өтуге болады. Сондай-ақ, аудан тұрғындарының Қазақстан Республикасы ат спорты Федерациясының басшысы Сәдібек Түгелге айтар ризашылықтары зор. Оның бастамасымен 2010 жылы Шортанды ауданының аумағында аты аңызға айналған Құлагерге ескерткіш орнатылған.
Жадыра ӘУБӘКІРОВА.
Шортанды ауданы.