немесе ауыл спортының жағдайы қалай?
Жастайынан кез-келген тынымсыз тірлікке үйренген ауылдың баласы ес білгеннен бас-тап еңбекке қауырт араласып өсетіні сөзсіз. Кір көтеру, аяқ, білек және бел күшін сынасу, аяққа қоржын байлап жүгіру, қол күрестіру, тағы басқа толып жатқан дене қимылдары баланың бойына қуат, жанына сергектік сыйлайды. Бойында күш-жігері тасыған бұл балалардың патриоттық сезімі мен ұлттық намысы да тас жолдың үстінде өскен қала балаларына қарағанда мықты болады емес пе? Сондықтан, оларды кішкентайынан спортқа баулып, тәрбиелейтін болсақ, Қазақ елінің атын шығарып, талай Олимпиадаларда ел мерейін үстем етіп, көк туымызды көкте желбіретер еді…
Қашанда аттың құлағында ойнайтын ауыл жеткіншектері бала жастан ержүрек, жауынгер болып өсуді көксейді. Сол себепті де шығар, ежелден қазақ балалары қарсыласынан кем түспеу үшін алыспақ, белдесу, күресу, жұдырықтасу, атыспақ сияқты ойындарға машықтанды. Бірақ, кеңестік кезеңнің солақай саясатының салдарынан ауыл спорты тұншығып қалды. Басқа елдердің спортына таңдай қағуымызға тура келді.
Жалпы, спорт дегеніміз – жасампаздықтың символы. Өркениетті елдердің бәрі де спортқа араласу арқылы жігерлі түрде қимылдап, алға басып озуда. Суда жүзу, теннис, конькимен жүгіру тәрізді спорт түріне әу бастан қырымыз жоқ, ал асық атып, доп лақтырып, жілік сындырып, көкпар тартып өскен ұрпақ күрес пен жұдырықтасудан, бокстан ешқашан да кем түскен емес. Сондай-ақ, қайсыбір ауылға барсаңыз да желаяқтар жетіп жатыр. Сонымен бірге, велосипедке мініп алып, көшенің шаңын шығаратын балалардың ішінен небір жүйріктер, велоспортшылар шықпасына кім кепіл? Тегімізде мықтылық бар, бірақ жас буынды жеңіл атлетикаға баулитын мамандар ауылды жерлерге бара бермейді ғой.
Ауылды аймақтардың көбінде палуандар сайысына арналған боз кілем төселген бөлме түгілі баскетбол, волейбол, футбол ойнайтын алаңдар да толық жасақтала қоймаған. Мәдени орталықтарда, кейбір ауылдық клубтарда спортзалдар бар, алайда, олардың бәрі бірдей жұмыс істеп тұрған жоқ. Және де ол спорт залдарда жуынатын және киім қоятын бөлмелер де толық жабдықталмаған. Сондай-ақ, ауыл мектептерінде ядро мен диск, найза, футбол, баскетбол, волейбол ойнайтын доптар, биіктікке секіру мен сырықпен секіруге арналған жабдықтар бола бермейді.
Бірде ауылға барып едім. Көше бойымен келе жатып, мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген ұстазымды көріп, амандық-саулықты сұрасқаннан кейін, оның ауыл балаларын волейболдан аудандық жарысқа дайындап жатқанын білдім. Мектебімізде біз оқыған тұста кей кездері допқа да зәру болып қалатынбыз. Сол есіме түсіп, ұстазымнан спорт құрал-жабдықтары жеткілікті ме деп сұрадым. Бірақ, ол маған ауыз толтырып ештеңе айта алмайтындығын жеткізді. Жалпы, спорт құралдарының қымбат тұратындығы белгілі. Тіпті, күрес кілемінің өзі – 1,5 миллион теңгені құрайды екен. Хоккейге қажетті кешенді спорт жабдығы тым қымбат тұратындықтан, кейбір ауылдың балалары әлі күнге дейін хоккей таяқшасын қолдан жасап алып жүр. Кейбір ауылдарда хоккей ойнайтын корд та жоқ. Бұл ойынға қызығушылығы барлар шамалары келгенше, ауылдан бір кең алаңды тауып алып, шама-шарықтары келгенше су құйғызып, ойнап жатқанын да көрдік. Тағы бір қызық айтайын. Жоғары оқу орнына түскен жылы қыс мезгілі жеткен соң дене шынықтыру мұғаліміміз біздің топты шаңғы базасына алып барды. Сонда солтүстік қазақстандық құрбымның шаңғыны аяғына кие алмай жатқандығын көріп, ойланбастан «шаңғы теуіп көрмегенсің бе?» деп қалдым. Сөйтсем, олардың мектептерінде шаңғы тебу былай тұрсын, спорт зал да болмаған екен.
–Бүгінде ауыл спорты аса жоғары деңгейде дамыған деп айта алмаймын. Қазір ауыл балаларына спорттық мектеп-интернаттар мен дарынды балаларға арналған спорт мектептеріне барып дайындалмаса, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін жүзеге асыру қиын. Шыны керек, бүгінде ауылдан шыққан чемпиондар азайып келеді. Тек арнайы спорттық мектептерге жолы түскендер мен бағы жанып қабылданғандар ғана спорт шеберлерінің қатарына қосыла алады. Сондықтан, әрбір ауылда бір-бір спорт секциясы жұмыс істеп, онда білікті дене шынықтыру мұғалімі немесе спорт жаттықтырушысы сабақ берсе, ауылдан шыққан чемпиондар қатары көбейер еді деп ойлаймын, –дейді кезінде Петропавл қаласындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде білім алған Марлен Елеуов.
Соңғы кезде мемлекет тарапынан жас-
тар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында облыстарда, аудан орталықтарында арнайы кешендер салынып жатыр. Алайда, бұл игі шара шалғайда жатқан елді мекендерге әлі жете қойған жоқ. Тіпті, ауылдағы азын-аулақ жұмыс істеп тұрған секцияларда тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер шетеліңіз былай тұрсын, басқа облыстағы, қаладағы спорт сайыстарына қатысу мүмкіндігінен қағылып жатады. Себебі, олар жарысқа өз қаржысымен баруларына тура келеді. Алайда, баланың жолақысын, жатын орнын, басқа да шығындарын ауылды жерде тұратын отбасының қаржылық әлеуеті көтере алмайды. Әкімдіктер мен мектеп әкімшілігі тарапынан да көмек көрсетілмейді. Сөйтіп, бағы мен бабын сынайтын сайыстарға бара алмаған жас спортшының сағы сына береді. Менің ойымша, дәл осындай жағдайда Үкімет тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шығып жатқан жас спортшыларға көмек берілсе, әлі еліміздің атын әлемге мәшһүр ететін чемпиондар шығар еді. Бұл орайда, облыс орталығы Көкшетауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Марат Әзілхановпен сөйлесіп, оның ой-пікірін білдік.
–Елбасы еліміздегі спортты дамыту жөнінде жиі айтады. Оны орындау – Үкіметтің ісі. Ірі ауылдық аймақтарға спорт мектептері мен клубтары салынып жатыр, –деп қысқа қайырып еді, онда неге ауылдың қара домалақтары әлемдік чемпионаттарға шығып, ел мерейін үстем етпей жатыр? – деп сұрақты төтесінен қойдық. Бұл орайда, вице-министр Марат Алмасұлы:
–Ауыл балалары қала балаларына қарағанда қарулы, жігерлі болып келетіні рас. Бірақ, көп жағдайда оларды спортқа баулитын адамдар, ұстаздар ауылдық елді мекендерге көп бара бермейді. Сол себепті, балаларды спортқа тартуды отбасынан бастау керек сияқты. Біздің қазекеңдер, күнделікті күйбең тірліктің салдарынан мұндай жағдайларға аса көп мән бере бермейді. Сондықтан, қашанда баланы спортқа баулуды әркімнің өз отбасынан бастаса игі. Сонда ғана қазақтың балалары әлемдік ареналарда көк байрағымызды көкте желбіретеді, –деді.
Бүгінде ауыл спортын дамыту бағытында аздап болса да жұмыстар атқарылып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де, ауыл-аймақтарда спорттың кең қанат жайып, онымен ауылдықтардың жаппай айналысуға көшкенін көре алмай отырғанымыз рас. Спорттың көшбасшылық тізгінін қолдарына ұстаған дамыған елдерде бұқаралық спортпен айналысатындар саны 30-40 пайызды құрайды. Мысалы, Қытай соның нақты дәлелі. Оларда бұқаралық спорт мықты даму үшін онымен айналысатындай спорттық базалар, кешендер мен мектептер, жас балаларды спортқа баулитын білікті мамандар жеткілікті. Сосын олар спортты дамытуға қомақты қаржыны да аямайды.
Жасы келген ата-апаларымыз Кеңес үкіметінің тұсында спортшыларымыздың көбісі ауылдан шығып еді, қазақтан шыққан Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлерінің басым көпшілігі ауылдың қара домалақтары болатын, ал, қазір ондайлар некен-саяқ деп отырады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде айтарым, әрбір ауылға қолында дипломы бар дене тәрбиесі ұстазын жіберіп, әрбір ауылда бір спорт үйірмесін ашса, қазақтың қара домалақтары талай Олимпиадаларда ел мерейін үстем етер еді. Көк туымыз биікте желбіреп, Қазақстанның Әнұраны орындалып жатқанда жеңіс тұғырында қазақтың баласы тұрғаны қандай тамаша…
Ырысалды ШАМШИЕВА