Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау – билердің де мекені - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау – билердің де мекені

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығымен қазақ халқының төл тарихын қайрадан зерделеу және зерттеу жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Дала демократиясының айқын көрінісіндей болған билер сотының да тарихи маңызы айрықша болғандығын және сол үрдістің мәнін ашып, бағасын арттыру жұмыстары енді қолға алына бастағандығы қуантады.

  Еліміз егемендік алған жылдардан бас-тап билер сотының тарихын зерттеу және мәртебесін көтеру мақсатында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен талай ауқымды іс-шаралар атқарылып келеді. 1993 жылы киелі Ордабасында әйгілі Төле би, Қазыбек би және Әйтеке биді еске алу салтанатында Президентіміз былай деген болатын: «Билеріміз барша қазақ үшін бірлік символы болды, олардың жалынды сөздері кітаптың нақылы сияқты жұрт жадында жатталып,  бүгінгі күнге жетті. Сондай әділ де өнегелі бабаларымыздың қазақ халқы алдындағы тарихи еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп баға беру қиын-ақ».  Елбасының ойларын жалғастыра айтсақ, тарих шырмауынан осы күнге дейін ұрпақтар үшін сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалған билердің өмірін зерттеу, өсиет еткен құндылықтарын жүзеге асыру – бүгінгі сот саласы қызметкерлерінің парызы болып табылады. Бабаларымыздың заманында би болу оңайға түспеген.    Толыққанды би атану  үшін жеке  қасиеттері мен «Дала заңының» ережелерін білгеннен басқа «жетілгендік» белгісі деп аталатын екі жоғары сыннан өту қажет болды. Біріншіден, ол атақты билер мен ойшылдардың «философиялық» сұрақтарына жауап беріп, өзінің ақыл-парасаты мен таным логикасының жеткілікті дәрежеде дамығандығын дәлелдеуі қажет еді. Екіншіден, данышпан  ақсақалдардың  батасын алуы керек. Сондықтан халық: «Батамен ер көгерер, жауынмен жер көгерер» деген. Адам неғұрлым мықты би болғысы келсе, соғұрлым атақты да, шешен бидің батасын алуға тырысқан.
Халқымыздың құқық жүйесінде бидің мәні мен мәртебесін анықтайтын мәнді нақыл сөздер осы күнге дейін белгілі. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Туғанына бұрғаны – биді құдай ұрғаны», «Таста тамыр жоқ, биде бауыр жоқ», «Елге бай құт емес, би құт», «Батыр дегенді екі әйелдің бірі табады, би дегенді мыңнан біреуі табады» деген дана сөздер текке айтылмаған ғой.  Шындық пен әділдікке жету қашанда билердің түпкі мақсаты болып қала береді. Би-шешендер  даудың кез-келгенін түйінді сөзбен ғана тындырып отырған. «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген тұжырым билердің осы қасиеті туралы айтылса керек.
Қазақ жері ел таныған шешен, билерден кенде болмаған. Ұлы Шоқанның айтуынша, оларды халық ешқандай арнайы сайлау, үкіметтің тағайындауынсыз өздері би атап отырған. Осындай мәртебелі, қасиетті, дуалы сөзді шешен-би бабаларымыз Ақмола-Көкшетау өңірінде де көп кездесті. Мәселен, Қанай би Құттымбетұлы – 1695 жылы туып, 1775-1780 жылдары дүниеден өткен қазақтың атақты би, шешені әрі батыры, әйгілі Абылай ханның сенімді бас билерінің бірі болған. Балалық шағы қазіргі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарабұлақ ауылында өткен. Зерек, сезімталдығы жас кезінен қалыптаса бастаған баланың сөз тапқыш алғырлығы ауылдастары арасына таралады. Қанай би Ташкент қаласының басшысы болып, халқымыздың қасиетті жері Түркістанда жерленген.
Абылай хан заманында өмір  сүрген атақты би, шешендердің бірі – Әлдебек би Сатайұлы. Оның ұрпақтары Ерейментау  жерінің Сілеті өзенінің жанынан бастап, бұрынғы Көкшетау облысы Қызылту ауданы Теке Теңіз көлінің маңын және Омбы облыстарын мекен еткен. Әлдебек шешен айтты деген өткір уытты, кесімді-шешімді шешен сөздер кезінде хатқа түспеген. Оның елге кең тараған кейбір нұсқалары ғана бізге ауызша жетіп отыр. Соның бірі төмендегі әңгіме.
Абылай хан жасы алпыстан асқанда өзінің қалмақ әйелінен туған баласы Қасым төрені орнына хан сайламақ болып, өңірдің би, болыс ақсақалдарын ордасына шақыртыпты. Қасым төре тәкаппар, қатал мінезді адам екен. Жасы әкесімен қатар Әлдебектің көзі қыли, аяғы ақсақтығын кемітіп:
–Ауыздыға сөз бермей, аттылыға жол бермей отырған мына бір соқыр кім еді? – депті. Сонда Әлдебек би тапқырлықпен даналықтың үлгісін көрсетіп былай деген екен:
 Менің атым Әлдебек,
Айтар сөзім әлі де көп.
Жан-жағыңа қарашы,
Хан бір адам, қара көп.
Хан сайласақ, Қасым-ау
Орта жүздің ішінде,
Сендей-сендей кісі көп.
Атаң Абылай шақырды,
«Хан сайла деп Қасымды»,
Болмай жатып басынды.
Хан болып елді ұстай ма,
Осындай долы, ашулы?
Әлдебек би осы бір шумақтарында хан атану үшін  елдің қамын ойлайтын парасатты, ұстамды болу қажет екені туралы, жиналған қауымға  ой салған. Өзге би, шешендер, батырлар Әлдебек биді қуаттап Қасымды хандыққа сайламай Абылай ханның үлкен баласы Уәлиді сайлағаны ел аузында да, ғылыми шығармаларда да жазылғаны баршаға мәлім.
Сондай-ақ, Саққұлақ би, Түркебай ұлы Етекбай би жайлы да халық арасында тараған аңыз-әңгімелер көп. Етекбай би 1808 жылы қазіргі Степногорск қаласының маңында орналасқан Қарабұлақ деген жерде дүниеге келіп,  1889 жылы сол жерде қайтыс болған. Ол кісінің жерленген зиратының фотосуреті облыстық соттың мұражайында күні бүгінге дейін ілулі тұр. Атығай Қарауыл Арғыннан тараған үлкен руларда Етекбай төбе би болған. Бурабайдан бастап Омбыға дейін Атығай, Қарауыл және Керейге жер бөліп орналастырған ол  жоғары білімді, орысша, арабшаға жетік және өзге ұлттардың шығармаларын жақсы білген  ақын адам ретінде де танымал.    
Иә, еліміздің тарихында болған билеріміздің өмірі, тұрмыс-тіршілігі жөнінде  көбісі біле бермейді. Сол себепті, билеріміз  қалдырған мол мұраны пайдалануға ұмтылып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін облыстық соттың қызметкерлері маңызы  үлкен істерді атқаруда. Атап айтсақ, облыстық сот  ғимаратының алдында Төле, Қазыбек және Әйтеке билердің скульптуралық композициясы орнатылса, Зеренді аудандық соты  ғимаратының алдында осы үш би композициясы да лайықты орын алды.    Ал, Ерейментауда  Бапан және Саққұлақ билердің тас белгілерін мақтанышпен айтуға болады. Келешекте, судьялар әдебі кодексінің ішіне атақты би бабаларымыздың Билердің ар-ожданы жөніндегі талаптары жазылса деген тілекті жеткізгім келеді. Сонымен қатар, судья боламын деген үміткерлерге билер мәртебесі туралы қағидаттарды жатқа білу емтиханда талап етілсе, сот жүйесіндегі оң өзгеріс осы болар еді.
Биыл біздер үшін аса қастерлі жыл. Қазақ хандарын еске алып, тарихқа бір зер салып жатқан жайымыз бар. Осы кезде қазақ тарихына өлшеусіз үлес қосқан билерімізді де естен шығармаған жөн. Ал, Көкше жері де қасиетті хан ордасы ғана емес, атақты билер мекен болған жер. Сондықтан, осындай тағылымды оқиғаларды келер ұрпақ санасына құйсақ, артықтық етпес еді.
       
Мейрам ҒИБӘДІЛОВ,                  
сот саласының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар