Алты ай қыс болатын біздің өңір үшін оған дайындықтың ерте бастан қолға алынуы шарт. Әңгіме әлеуметтік нысандарға ауысқанда, бұл мәселе бірінші кезекке шығады. Жұмыс сапары барысында Жақсы №1 орта мектебінде болып, жылу маусымына қандай қамның жасалғанын көзбен көріп қайттық.
239 оқушы білім алатын аталған білім ордасында отызға тарта ұстаз сабақ береді. Бұған қоса, шағын орталық, онда екі топ бар. Мектеп директоры Арғынбек Раисовтың айтуынша, мектеп жылу маусымына толық дайын. Жылу қазандығы ағымдағы жөндеуден өткен. Соңғы бес жыл бұрын қойылған қазандықтардың жұмысында әзірге ақау жоқ. Мұнда от жағушыларға арнап арнайы душ кабинасын орнатыпты. Қосымша жылытатын бала бақшамен қоса алғанда, білім ошағы жылына 680 тонна көмір тұтынады екен. Көмірге тапсырыс берілген, күнге күйіп кетпеуі үшін әзірге оны түсірмей отырған көрінеді.
Жалпы, аудан көлемінде алар болсақ, өңірде 21 орта мектеп, бес бала бақша, оқушылар үйі, музыкалық мектеп, оқу-өндірістік комбинат, «Жас натуралистер станциясы» коммуналдық қазыналық мемлекеттік мекемесі сияқты төрт қосымша білім беру ұйымы бар. Ағымдағы жылы Жақсы №1 және Подгорный, Киевский, Ишимский, Қима орта мектептеріне жаңа қазандықтар және алты резервтік циркуляциялық сорғыштар сатып алынған. Барлық мектептерде жылу жүйелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудандық білім бөлімі таратқан ақпаратқа сенсек, бүгінде аймақтың жылу маусымына дайындығы 91 пайыз деңгейінде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты».
Жақсы ауданы.