Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік аппараттың жұмысы - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік аппараттың жұмысы

халыққа адал және тиімді қызмет етуге бағытталады

«Қазақстан – 2050» Стратегиясында жаңа саяси курсты жариялағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев елімізді қазіргі заманғы жаңғыру процестерінің көшбасшысына айналдыруға бағытталған реформалардың біртұтас кешенін ұсынды. «100 нақты қадам» деп аталған  Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру міндеті алдыңғы кезекке шығарылып отыр.

 Бұл бағытта жетілдірілген таңдау әдістемелері мен кәсіби даярлық, меритократия қағидатын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту арқылы мемлекеттік қызметтің кадр құрамының сапасын жақсарту көзделген. Түбегейлі және ауқымды өзгерістерге  бағытталған реформаларды жүзеге асыру  мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мен халыққа адал және тиімді қызмет етуге бағдар алған мемлекеттік аппарат құруды көздейді. Әлем тарихында мұндай деңгейдегі жаңғырту реформалары шала болғандықтан,  кертартпалық пен кәсіпқойлықтың жеткіліксіздігінен және жемқорлықтың белең алуынан  көбіне сәтсіздікке ұшыраған. Мұндай жағдайлардың орын алуына жол бермеу үшін Елбасы осы институционалдық реформаға ерекше назар аударуда.
Мемлекеттік кәсіби аппарат құрудың маңызын айқындар екі негізгі мақсатты  екшеп айтуға болады. Біріншіден, біз меритократия қағидатын ұстануға тиіспіз, бұл мемлекет басқаруда халыққа адал қызмет ету құндылықтарын жақтайтын ең қабілетті мамандарды тартуға мүмкіндік туғызады. Ол үшін кадрларды іріктейтін жаңа тетік қолданылатын болады. Мемлекеттік қызметке алғашқы рет орналасқан тұлғалар оны төмен лауазымдардан бастайды.  Оларға міндетті сынақ мерзімі белгіленеді. Қызмет сатысы бойынша әрі қарай өсу тек қана конкурстық негізде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде мансаптық модельге көшуге мүмкіндік туғызады. Яғни, әрбір азамат өз кәсіби қабілеті мен жоғары әлеуетін ұдайы дәлелдей отырып, қызмет сатысы бойынша көтеріледі. Бұдан басқа, ротация институты сақталып, ол «Б» корпусының басшылық лауазымдарына да таратылмақшы. Ал, мұның мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне және оның рөлін күшейтуге мүмкіндік туғызары анық. Аталған реформа үздік компаниялардың тәжірибелі  мамандарына әр лауазымдарда жұмыс істеп, тиімді менеджер болуға мүмкіндік туғызады. Жасырын командалық ауысуларға жол бермеуге де ерекше назар аударылатын болады. Ротация тәртібінде лауазымды қызметке тағайындалған тұлғаларға қызметтік  тұрғын үйді міндетті түрде беру көзделген.
Ал, конкурстық комиссиялардың шешімдерінің әділдігі жөнінде айтар болсақ, ол ең алдымен, конкурстық рәсімдердің жариялылығы мен оның ұдайы жетілдіріліп отырылуына байланысты. Мұнын бәрі  де жаңа заңнама нормаларымен реттеледі. Одан басқа,  бізде «Е-қызмет»  ақпараттық жүйесінде кадрлық тағайындау мониторингі бар. Аталған құралды пайдаланып, біз кез-келген мемлекеттік органда меритократия қағидаттарының бұзылуын тыя аламыз.
Ұлт жоспарында көрсетілген екінші мақсат – бұл мемлекеттік қызметтегі уәждеме деңгейін едәуір арттыру. Мансаптық және кәсіби  жоғарылау үшін жағдай жасау – осы мақсатқа жету тетігінің негізгі буыны болып табылады. Мұндай кепілдіктерді заң жүзінде бекіту және мемлекеттік қызметшілердің мүдделерін қорғау, үздіксіз оқу мен қолайлы жұмыс ортасының тиімді жүйесін жасақтау сияқты шаралар халыққа қызмет ету жолын таңдағандардың уәждемені күшейту негізіне жатады.
Ұлттық комиссияда берілген Президент тапсырмаларын орындау үшін мемлекеттік қызметшілерді материалдық ынталандыру мәселелері қаралған. Олардың еңбекақысы екі құрамдас бөліктен тұратын болады. Оның алғашқысы – кепілді берілетін бөлік. Ол факторлық-балдық шкала арқылы белгіленеді. Енді лауазымдар сатысы ғана емес, қызметкердің нақты жүктемесі және мемлекеттік органның стратегиялық мақсаттарына жетудегі оның жеке үлесі ескерілетін болады. Бұл әдіс АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Жапония, Сингапур, Малайзия сияқты елдерде тиімді қолданылуда. Еңбекақының екінші құрамдас бөлігі – бонус түріндегі ауыспалы бөлік. Ол жылдық жеке жоспарларды орындау нәтижесіне қарай төленеді.   Өте жоғары және жоғары нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерге тиісті бонус беріліп отырады. Қанағаттандырарлық баға алған жағдайда қызметкердің құзыреттілігін арттырудың жеке жоспарлары әзірленеді. Мұнымен қоса, лауазымдық жалақыларға аумақтық түзету коэффициенттерін енгізу көзделген. Бұл шаралардың барлығы еңбек төлемінің әділ және лайықты деңгейін қамтамасыз етуге, олардың бәсекелестік қабілетін күшейтуге бағытталған. Осылайша біз  алғашқы рет мемлекеттік қызмет әлеуетінің нашарлау себептерінің бірі болып табылатын теңгермеушілік тәсілден бас тартып отырмыз. Жалақы төлеуде осы бір жаңа әдістерді қолдану келесі жылдан басталмақшы.
Тағы бір жаңашылдық – Мемлекеттік қызметтің Жаңа этика кодексінің енгізілуі. Ол лауазымды тұлғалардың қызмет бабындағы ғана емес, сонымен қоса, күнделікті тұрмыстағы  мінез-құлықтарының стандарттарын да айқындап береді. Кодекс талаптарының сақталуын қадағалайтын этика бойынша уәкілдер институты да салада кезігер түсініспеушіліктің алдын алу бағытында жұмыс істейтін болады. Мемлекеттік органдар басшыларының этика нормаларын бұзғаны үшін  заң жүзінде тәртіптік және әкімшілік жауапкершілік жаза белгіленеді.
Осы орайда, билік құрылымындағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту жөнінде айтар болсақ, Агенттік мұндай құқық бұзушылықтарды жасаған адамдардың лауазымы мен мәртебесіне қарамастан, жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету жөнінде жүйелі шараларды қолға алуда. Қазір алдын алу жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Ұлт Көшбасшысының бастамасымен  жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия қабылданды.  Жалпы, бұл кеселді тудырар себеп-салдарды анықтап, оны жою – біздің жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі болып табылады.
«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңның бас-ты қағидаттары мен тетіктері барлық құқық қорғау органдарына қатысты болмақшы. Ол екі бөлімнен тұрады. Жалпы бөлімде әкімшілік және құқық қорғау қызметіне орналасудың негізгі талаптарын реттейтін нормалар көрсетіледі. Олар конкурстық рәсімдердің жариялылығын және әділдігін, сондай-ақ, меритократия қағидаттарын қамтамасыз етудің жалпы механизмдерін айқындайды. Заңның ерекше бөліміне әкімшілік және құқық қорғау қызметін атқару ерекшелігін көрсететін нормалар енгізілмекші. Жаңа заң қабылданғаннан кейін қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан мемлекеттік қызметшілерді кешенді аттестаттау өткізіледі. Бұл олардың кәсіби құзыреттілік пен жеке қасиеттер деңгейінің жаңа талаптарға сәйкестігін анықтау қажеттілігімен байланысты болып отыр. Бұған қоса, аталған сынақ реформа жағдайындағы мемлекеттік аппараттың кадрлық әлеуетін  әділдікпен бағалап, тиімді пайдалануға да жол ашады деген сенім бар. Қалай десек те, бұл өз күшіне сенетін және мансапқа жетуге талпыныс білдіретін адамдарға жақсы мүмкіндік. Өйткені, алдағы аттестаттаудың негізгі мақсатының бірі – ең қабілетті мамандарды іздеу. Оның нәтижелері  негізінде жеке жұмыстың жоспарларына, оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламаларына түзетулер енгізіледі.
Белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру – кәсіби мемлекеттік аппаратты жасақтау үшін қажетті жағдай туғызады. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың жылдамдығы, көбінесе дұрыс басқарушылық шешімдерге тәуелді. Себебі,  мемлекеттік қызмет – еліміздің серпінді дамуының елеулі құрамдас бөлігі болып табылады.
Нұржан ИСАҚОВ,
 Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
агенттігі Ақмола облысы бойынша
департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар