Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жол – өңірдің айнасы, ұшан-теңіз пайдасы - АРҚА АЖАРЫ

Жол – өңірдің айнасы, ұшан-теңіз пайдасы

 САНДЫҚТАУ.   Қазекең «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс. Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» деп бекер айтпаған. Мұның мәні қазіргі жолдардың сапасында жатыр. Яғни, жол сапалы жөнделсе, жолаушы жолдың азабын тартпай, айшылық алыс жерлерге  тез жете алады. Ал, керісінше жолдың сапасы сын көтермесе, жүргізушілерді әбден әбігерге салады. Осы ретте, жол инфрақұрылымын жақсарту үшін республикалық бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, ол республикалық, облыстық маңызы бар тас жолдарды жөндеуге жұмсалуда. Сол қаржы  тиімді жұмсалып отыр ма, оның сапасы қандай деген сұрақ  әркімді қызықтыратыны анық.
Кең даламен астасып жатқан шоғырлы таулардың баурайында орын тепкен Балкашино селосында игілігі мол іс толық жүзеге асырылып жатыр. Ауданда жолдың жалпы ұзындығы  777 шақырымды құрайды. Оның ішінде, 68 шақырым республикалық, ал, 135 шақырым жолдың облыстық маңызы бар. Бүгінде мүжіліп қалған тас жолдар қалпына келтіріліп, асфальтпен көмкерілуде. Үстіміздегі жылы ауданға жөндеу жұмыстарына 50 миллион теңге қаржы қарастырылып, ол аудан орталығындағы Куйбышев көшесін жөндеуге арналыпты. Бүгінде  жөндеу жұмысы толықтай аяқталған. Көліктен түскен бойда тас жолға жақында жөндеу жүргізілгенін теп-тегіс беті бірден аңғартты.  Жауапкершілігі шектеулі «ПромСтройНедра» серіктестігі электронды сатып алуды жеңіп алып, жүктелген тапсырманы екі айдың ішінде абыроймен атқарып шыққан.  Жол қауіпсіздігінің кепілі – жол белгілері екені рас. Осы ретте, көше бойына арнайы белгілер жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолы салыныпты.
 Сондай-ақ, аудандық бюджеттен бөлінген 8 миллион теңгеге Бірлік, Барақпай, Белгород, Лесной, Васильев, Веселов, Жамбыл, Каменск, Максимов, Новоникольск пен Сандықтау селолық округтері мен Мәдениет ауылындағы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысы қолға алынған. Мұның бәрі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде қолдау тауып отырған мәселе. Селолық округтердегі тұрғындардың санына және олардың ұсыныстарына қарай 7,9 миллион теңге бөлінді. Сөйтіп, барлық селолық округтерде бірқатар жолдар қалпына келтіріліп, тұрғындарды бір қуантты. Енді аудан орталығына қатынау қиындық тудырмайтын болды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімінің басшысы Назымбек Кәрімжановтың айтуынша,  ауданда жол жөндеу жұмыстары жақсы қарқын алған.
– Қай селолық округті алып қарасақ та, онда ішкі жолдар жөндеуден өткізілуде. Мәселен, Бірлік селолық округінде ішкі жолдарды жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, келісім-шарт жасалды. Шұңқырды ірі қиыршық тастармен толтырып, беті тегістелген. Кейін үстіне жамылғы жүргізілді. Жобаның құны 970 мың теңгені құрады, –дейді басшы.
Иә, жүргізілген жұмыс көңіл көншітерліктей. Алайда, жұмыс одан әрі жалғасын тауып келеді. Қазір Балкашино селосында бірқатар жолдарды жөндеу шаралары қолға алынып жатыр. Мұның өзі қала келбетін жақсартуға септігін тигізуде. Жол село тұрғындарының ризашылығын тудырды. Бұрындары ойық-ойық, ауыр салмақты автокөліктердің әсерінен жол ортасына  жинақталып қалған үйінділер көліктің астын қақса, бүгінде жып-жылмағай.  Жиырма жыл жүргізуші болған Мәдениет ауылының тұрғыны  Жаңабай Байсарин да мұны растап отыр. Тіпті, жолдардың жөнделгенінен  көлігін аз жөндейді екен.
Өңірімізде осындай көңіл орнықтырар жұмыстардың іске асып жатқаны барлық саланың керегесін кеңейте түседі. Жол инфрақұрылымы – экономика саласының үлкен бөлігі екені Үкіметтегі жиналыстарда айтылып жатқанына көп болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «…Жайлы және сапалы жолдары жоқ елдерде – дамыған бәсекелестікке қабілетті өндірістік база да жоқ, келешегі бар ғылыми технология да жоқ, тұрғындарының жоғары өмір сүру деңгейі де жоқ» деп пікір білдірген. Ең бастысы, жолдарды көзбояушылық үшін жамаумен шектелмей, екінші қайтара жөнделмейтіндей етіп сапалы жасалғаны жөн ғой. Сондықтан, жол мәселесіне жеңіл-желпі қарауға болмайды.
  ***
Биылғы жылы Аршалы кентінде бір шақырымнан астам үш көшенің жолы жөнделіп, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы транспорты және көлік жолдары бөлімінің басшысы Иван Ратушняктың айтуынша, облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, Мәметова, Астана және Тыналин көшелерінің көлік жолдары жөнделген. Бұл жұмысты жауапкершілігі шектеулі «Валерия ММ» фирмасы» серіктестігі сапалы әрі уақытында атқарып шықты. Жолды арнайы комиссия қабылдап алды.
–Аршалы кентінде көлік пен жаяу жүргіншілер көп жүретін көшелерді таңдап алдық. Мәселен, Мәметова, Астана және Тыналин көшелері орталық Тәшенов пен Митченко көшелерін қиып өтеді. Асфальт төселген көшелердің бойында халыққа қызмет көрсету орталығы, №2 мектеп, аудандық электр жүйесі мен құрылыс материалдарының дүкені орналасқан,– дейді бөлім басшысы Иван Ратушняк.
Бұл көше жолдарының жөнделгеніне кент тұрғындары разы. Олар бұрын шұңқыры көп көше бойындағы жолдармен жүру қиын болғанын, соның салдарынан көліктерін жиі жөндегендерін айтып, тақтайдай тегіс жол салғандарға алғыстарын білдірді. Кент тұрғыны Оразбек Сәкенов өз сөзінде жол асты құбырының жоқтығынан көктемде үйін көп жылдар бойы су басқанын айтып, құбыр салу жөніндегі өтінішін орындағандарға алғысын жеткізді.
Кент әкімі Қайрат Шаловтың айтуынша, биылғы жылы абаттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп, барлық тұрғын үйлердің сырты сыланып, маңайы тәртіпке келтіріліпті. Әрбір бейсенбілікте көше шөптері шабылып, ағаштардың бұтақтары кесілуде. Әр үйдің қоршауын жаңартып, үй аулаларында ағаш көшеттерін отырғызу, гүл өсіру көзделген. Келешекте кенттің шеткі көшелерін жарықтандыру бойынша жобалар жасалған. Жөндеу жұмыстарының маусымы әлі аяқталған жоқ. Аршалылықтар келесі жылдың қамын ойлауда. Иван Ратушняк өз сөзінде биылғы жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, көшелерді жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатқанын айтты.
***
Биылғы жылы барлық аудандардың жолын жөндеуге қомақты қаржы бағытталды. Осы орайда, Шортанды кентінің көше жолдарын жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді.
Мұндағы коммуналшылар бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін көшелерді, оның учаскелері мен бұрылыстарын алдын ала анықтады. Жобалық-сметалық құжаттаманы Астана қаласындағы «Рахымбеков» жеке кәсіпорнының мамандары жасады. Жол жөндеу жұмысын қарағандылық жауапкершілігі шектеулі «Сапа жол құрылысы» серіктестігі қолға алып, уақытында пайдалануға берді. Жұмыс сапалы атқарылды. Бұған жол құрылысы техникалары мен барлық ресурстарды тиімді пайдаланудың және жұмыс уақытын ықшамдаудың арқасында қол жеткізілді.
– Бүгінгі күні межеленген жұмыс аяқталды. Шортанды кентінің Жеңістің 30 жылдығы, Лермонтов, Пушкин, Абылай хан, Октябрьдың 50 жылдығы атындағы көшелерге ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Мамандар бұрынғы асфальтбетон жамылғысын алып тастап, жолды көтеріп, сапалы асфальтбетон төседі. Бірқатар көше бұрылыстары тәртіпке келтірілді. Бөлім үнемделген қаржыны одан әрі игеруге өтінім берді. Бұл мәселе оң шешімін тауып, өзге көшелер де жөнделетін болды, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы Әсет Кашиков.
Жолдың бейнетін көрген кент тұрғындары көшелердегі жөндеу жұмыстарын бақылап жүрді. Атқарылған жұмыс олардың көңілінен шықты. Жеңістің 30 жылдығы көшесінде тұратын Ғабит Бейсенбаев жерлестерінің пікірін білдірді.
 – Біз үшін бұл көше ерекше. Ол Ұлы Отан соғысында мерт болған жерлестерімізді еске түсіреді. Көшені Ұлы Жеңістің 70 жылдығында тәртіпке келтіру біз жеңімпаз сарбаздардың ұрпағы екенімізді, олардың ерлігі жөнінде жүрегімізде сақтайтынымызды көрсетеді. Жол құрылысшыларына және жолды жөндеуге ықпал еткен облыс әкімі Сергей Кулагинге айтар алғысымыз шексіз,– дейді ол. Соңғы жылдары Шортанды ауданының орталығы адам танымастай болып өзгерді. Кентте санитарлық тазалық, абаттандыру және жасылдандыру жұмыстары әр бейсенбі және сенбі күндері тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Көшелер жарықтандырылып, жылу, су мәселелері шешілген. Аудандық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, көшелерге шамдар ілініпті. Жолымбет кенті мен Дамса ауылының көшелері де жарықтандырылыпты. Аудандағы әлеуметтік саланың бу қазандықтарын жөндеу үшін және көп жылдардан бері жөндеу көрмеген кентішілік жолдарды жөндеуге  аудандық бюджеттен қаржы бөлініп тұрады.  Сондай-ақ, үстіміздегі жылы бірқатар әлеуметтік нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.
– Биылғы жылы жергілікті жерде өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Межеленген жұмыс көлемі облыстық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Осы бағдарлама аясында Андреев селолық округінің Октябрь селосында жол жөндеу жұмысы аяқталды. Құнанбаев көшесі мен Куйбышев көшесінің бір бөлігі жаңа кейіпке енді. Құрылысшылар Бозайғыр ауылының Тәуелсіздік көшесі бойындағы бір шақырым жолды сапалы  жөндеді. Төңкеріс станциясының Желтоқсан көшесі бойындағы көлік жолы жөнделуде. Бұл мақсатқа 575,7 мың теңге бөлінді. Бозайғыр ауылының Сарыарқа көшесі бойындағы жолды жөндеуге конкурс жария-ланды, – дейді бөлім басшысы.
Орталық демалыс саябағына 5 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылған. Саябақтағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіш күтілетіні көрініп-ақ тұр. Кент әкімдігі жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып көп жұмыстар атқарыпты. Тұрғындар өз шарбақтарын біркелкі бояумен сырлап, күл-қоқыстарын арнайы қойылған жәшіктерге төгіп жүр. «Гүл» бағдарламасы жасалған. Оған барлық мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдары, жекеменшік үйлердің иелері қатысуда.
   – Бозайғыр ауыл округінде жолдың бір бөлігі жаңарады. Тұрғындар селолық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған бағдарламаны қолдап отыр,–дейді округ әкімі Гүлнар Омарова. Новоселовка селосының Бейбітшілік көшесі бойындағы көлік жолы жөнделуде. Бөлінген қаржының 308 мың теңгесі игеріліпті. Мұндай жұмыстар Дамса селосының Достық көшесінде де жүргізіледі. Мұнда 1200 мың теңге бюджет қаржысы игеріледі. Сондай-ақ, Новокубанка селосы мен Белое озеро арасындағы көлік жолын жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалған. Жолымбет кенті мен Бектау ауылы арасындағы көлік жолы жөнделмекші. Осыған байланысты бюджеттік өтінім берілген. Жергілікті тұрғындармен күнделікті жұмыс істеп, оларға деген талап пен тәртіптің дұрыс жолға қойылуының арқасында аудан орталығының келбеті жыл санап көркейіп келеді. Бюджет қаржысы аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсалуда.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар