Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ТЕМІРЖОЛ – экономиканың күре тамыры - АРҚА АЖАРЫ

ТЕМІРЖОЛ – экономиканың күре тамыры

Еліміз егемендігін алып, етек-жеңімізді жиған шақта ел экономикасын дамыту жолында теміржолдың жүгі ауыр болды. Теміржол саласын серпінді дамыту үшін мұнда білікті мамандар ерен еңбек етіп келеді. Өз кезегінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының филиалы – «Ақмола жол бөлімшесі» облыс аймағындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Ол Арқаның астығы мен тау-кен өнімдерін тасымалдап, көршілес мемлекеттермен экономикалық байланысты нығайтатын дәнекер.

Қазақ жері қаншалықты кең болса, оны басып өтетін жолдар соншалықты ұзын. Барлық аймаққа  сәуледей таралатын жол тармақтары дамуымыздың күретамыры іспеттес. Осы ретте, Ақмола жол бөлімшесінің  биігі де жақсы. Жол бөлімшесі Петропавл, Ресей Федерациясының Оңтүстік – Орал теміржолы Зауралье, Қостанай, Павлодар  бөлімшелерінің станцияларымен шектесіп жатыр. Теміржолдардың жаймалы ұзындығы 2760,7 шақырымға жуықтаған. Астана қаласына қажетті жүктер Астана және Сороковой бекеттерінде реттеледі. Аталған бекеттерінің «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық барысында жұмысы жеделдетіліп, техникалық жағынан қайта құрылып жатқан жайы бар. Себебі, Елорданы қажетті азық-түлік, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуде темір жолдың жұмысын бағалау қиынның-қиыны. Ең бастысы кірме жолдарды бекеттермен қабыстыру жұмысы ширатылуда. Соңғы бес жыл ішінде кірме жолдарды бекеттермен қабыстыруға 82 рұқсат қағазы берілген. Оның ішінде, жауапкершілігі шектеулі «Тұлпар-Тальго», «Локомотив құрастыру зауыты» серіктестіктері мен «Сoca cola bottlers Аstana» зауыттарының кірме жолдары да бар. Бұл жұмыстың тек басы ғана.
Қазіргі уақытта Сороковой бекетінің №21 жолында транспорттық-логистика орталығының құрылысы жүріп жатыр. Мұнда вагондардың айналымы тәулігіне 74 вагон болады деп жоспарланған. Ал, жылына орталықтан 27 мың вагон өтеді. Орталықтың қажеттілігіне байланысты басқа бекеттік жолдар да кең қолданысқа енбек. Оған қоса, Сороковой бекет қылтасында теміржол вокзалы бой көтеруде. Мамандардың топшылауынша, 2017 жылға қарай поездың ағыны күніне 40 жұп жолаушы поезды құрайды.
Бұл теміржол вокзалын салу үшін он бір шойын жолды бұзуға тура келді. Сол мезетте жүйрік жолаушы поездардың өтуі жақсарады. Теміржол тарамы алынып тасталған кәсіпорындар салынып жатқан индустриалды парктің №2  кірме жолына көшірілмек. Аталған парктің көмегімен екінші жылу электр станциясына жаңа қазандықтар орнатылған соң көмір тасымалы арта түспек.
Осылайша Сороковой бекетінде жүк вагондарының саны екі есеге көбейіп,  орташа есеппен алғанда тәулігіне  400 вагон әрі-бері жүретін болады. Белгіленген барлық жоспарлар дер кезінде орындалғаны дұрыс. Себебі, анықталған шаралар жиынтығынан мүлт кету «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне жаңа ғимараттарды салу жұмысын тұралатып қояды.
Бекетке жауапкершілігі шектеулі «ТемірСервисАстана» серіктестігі қызмет көрсетеді. Кәсіпорын Астана бекеті арқылы өз локомотивтерімен алпысқа жуық вагондарды сүйрейді. Теміржол бөлімшелері жұмыста жаңа әдіс-тәсілдерді игеріп, жүкті қабылдау және жөнелту сынды үдерісті автоматтандыруға барын салуда. Ол бұрын-соңды болмаған терең өзгерістерді бастан кешіруде. Басты назарда экономикалық тиімділік, технологиялық ыңғайлылық ескеріледі. Бұл мақсатта  бірыңғай амалдар ойластырылып, қызмет көрсетудің сапасы жоғарылады.Технологиялық әдістерді өзгертудің көптеген басымдылықтары бар. Алдымен, Астана және Сороковой бекеттерінде  алмастыратын вагондар саны қысқартылып, шығындар азайтылады. Жүргізілген есептеулерге жүгінсек, бір жылдың ішінде бекеттер  алмастырылатын вагондардың қызметінен 120 миллион теңгеге ұтылады екен. Сондықтан, осындай амал шығынды нөлге теңестіріп, табыс көзін арттыра түседі. Сондай-ақ, жүкті белгіленген жерге жеткізу үдерісі азаяды. Оған қоса,  вагондарды  тіркеу барлық бекеттерде қолжетімді шараға айналды. Мұның өзі компанияның қызметіне деген сұранысты тудырды.
Теміржол бөлімшесі жолаушылардың сұранысын толығымен қанағаттандырып жүр. Қызмет барысында үнемділікке қол жеткізе отырып,  инвестициялық ресурстарды өсіру қажеттілігі әрдайым қаперге алынады. Жақын болашақта теміржол көлігіне жаңа техника мен озық технология келеді деп күтілуде. Осылайша қозғалыс жылдамдығы өседі, локомотив бригадалары мен локомотивтердің, басқа да құрылымдардың қызмет көрсету учаскелері ұзартылады, жөндеу қызметі азаяды. Сөйтіп, олардың осы күнгі шашыраңқы жүйесі ықшамдалып, ірі тораптарға шоғырландырылады. Яғни, таяу келешекте  қазіргі таңдағы теміржолдағы еңбек өнімділігі екі есеге арта түспек.
Ақмола жол бөлімшесі жүктердің тасымалдануын ғана қамтамасыз етіп қоймай, әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді қатысады. Мәселен, «Мектепке жол» акциясы шеңберінде  аз қамтылған отбасылардағы бүлдіршіндерге қажетті мектеп құралдарын үлестіреді. Одан басқа, теміржолшылардың жеке бастамасы бойынша Сандықтау балалар үйіне жәрдем көрсетіп отырады. Оларға ойыншықтар, кітаптар және мерекелерде арнайы сыйлықтар сыйлайды. Қарап тұрсаңыз, темір жол қызметкерлері жұмыстың көлеңкесінде қалмай,  баланың риясыз күлкісін көру үшін аз да болса көмек көрсетуде. Әрі өз қызметтерін абыроймен атқарып, теміржол көлігінің жұмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып келеді.

Нұржан КЕЛБҰҒАНОВ,
Ақмола жол бөлімшесі
 басшысының бірінші орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар