Алты жасар Еленаны төрт бауыры және жесір шешесімен бірге мал таситын вагондарға итеріп салып, белгісіз бір бағытқа жіберіп жатыр. Арғы жақтан автоматтың оқ жаудырған дыбысы естіледі. Бұл 1941-інші жылдың күзі, Донбасс жері еді. Сондағы бұлардың бар кінәлары – неміс екендіктерінде ғана болатын.
Тағдырынан теперіш көріп, бала болып күліп-ойнай алмаған Елена Смағұлова апайдың естеліктерінің бәрі мұңды. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасының қызы жеті жасында анасынан айырылды. Аштықтан ажал құшқан жақынын үскірік боранда шанамен ен далаға жерлеуге алып кеткенінің куәсі болды. Өзінің де балалар үйіне жіберілуі керек еді. Бірақ, қарлы бұрқасынның салдарынан жандайшаптар тиесілі нүктеге жеткізе алмай, орта жолдағы қазақ ауылына бар қызды таратып жіберді. Олардың тегін тауар сатқандай «Кімге қыз керек?» деп айғай салғаны бала болса да, Еленаның есінде қалған. Әр үйде бір-екі айдан күнелтіп жүрді. Кейін, Майкөтовтер қолына алғаннан соң ғана ол өзіне пана тапқандай еді. Қоғаш ата әйелімен перзент сүймеген жандар екен. Тағы бір қыз бен екеуін асырап алып, өз баласындай қарайды. Оларды еркелетіп, ешкімнен кем қылмауға жанын салады. Қимадағы осы бір ақжүрек жандардың қолында жүріп, ол өз тағдырын кездестірді. Арқалықта тұрса да, жыл сайын туған-туысқа қонаққа келетін Ақмаш әдепті жұмысшы қызға бір көргеннен ғашық болады.
Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін Ленаға комендатураға барып белгілену міндетті емес еді. Ол Трудовой ауылына барып, сауыншы болып жұмысқа орналасады. Аз уақытан соң, Ақмаш екеуі шаңырақ көтерді. Алғашында Атбасарда жақындарының үйінде тұрған олардың отбасында тұңғышы Серік өмірге келеді. Жастайынан үш ұл, үш қызды болуды армандаған апа сол мұратына жетті. Жақсыдан үй салып, орныққаннан кейін тағы екі айдарлы ұл мен үш қылықты қыз жарық дүние есігін ашты.
Олардың барлығы да бүгінде аяққа тұрған, өз үй-күйі, бала-шағалары бар. Дегенмен, ата-ана үшін бала қай уақытта болмасын, бала болып қала бермек. Елена апай да перзенттерінің есейіп кеткендігіне қарамастан, солардың қамын жейді. Ұлы Болат отбасымен Германияда, ал, қызы Гүлсім Рудныйда, қалғандары Жақсыда тұрып жатыр. Өзі де осы жерге бауыр басып қалған. Германия мен Ресейге барса да, белгісіз бір күш оны шағын Отанға тартады да тұрады.
– Менің бұл жерді мекен еткеніме жарты ғасырдан асты. Бар жақын-жуығым осында. Шалымды да осы топыраққа тапсырдым. Өміріме өкінішім бар деп айта алмаймын. Бастысы, жақын-жуық, туған-туысым аман, елім тыныш. Одан артық маған қандай бақыт керек дейсің?, – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Бүгінде Елена апай – алты бала мен он бес немеренің, олардан тараған шөберенің санына жете алмай отырған бақытты әйел, аяулы ана. Өзі қазақшаға судай неміс қызы қазақтың қадірлі келіні бола білді. Барлық салт-дәстүрді сақтайды. «Дүкенге барғанда, сасқалақтап қалатынмын, орысшаны кейін келіндерімнен үйрендім», – дейді ақжарқын әже. Сексеннің сеңгіріне шыққан апамыз әлі де тың. Жалғыз тұрғандықтан, үй шаруасын өзі тындырады, бақша егеді, ерінбей соны күтіп-баптайды.
Қатал тағдырға қасқая қарап тұрып жеңе білген осындай жандарға таң қаласың. Тіпті, олардың көргенінің жанында сенің басыңдағы сынақ түкке тұрмастай болып көрініп, жігерленесің де. Ендеше, үлгі алуға тұрарлықтай Еленадай абзал аналарымыз көбейе бергей деген тілек айтамыз.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.
Жақсы ауданы