Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сіз үшін биылғы жылдың тарихи маңызы қандай? - АРҚА АЖАРЫ

Сіз үшін биылғы жылдың тарихи маңызы қандай?

Ағымдағы жылдың тәуелсіз Қазақстан мен оның әрбір азаматы үшін маңызының ерекше екендігі белгілі. 2015 жыл – өлгенімізді тірілтіп, жоғалғанымызды тауып, өшкенімізді жаңғыртатын бетегелі белес. Біз Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы  мүшелерінің  осы бір тарихи  жыл, оның қазіргі жаһандық геосаяси жағдай өртінің қазақстандықтарды шарпымауы жолында жасар ықпалы жайындағы ой-пікірлерін білген едік.

Фатих ЭКИДЖИ,
«Қазақ-түрік достығының орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
–Биылғы жылдың  тарихи маңызы жөнінде айтқанда, меніңше, ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдығы ойға оралуы керек. Бұл  тек жергілікті ұлттың, осы ұлан-байтақ жер мен елдің иесі қазақ халқының ғана тойлауға тиіс мерекесі емес. Аталмыш дата – қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген, осы атырапта тұрып жатқан, оны өзінің жалғыз Отаны санайтын әрбір ел азаматының  зор қуанышы, мақтанар биігі.  Ұшса құстың қанаты талатын бұл сайын далада сонау замандардан-ақ мемлекет болған, дала демократиясы үстемдік еткен. Тасқа қашап жазылған Орхон-Енесей жазбалары, «Күлтегін» ескерткіштері осының айғағы емес пе?
Ендігі бір даусыз мәселе – Керей мен Жәнібек бастаған сол хандықтың жалғыз заңды мұрагерінің бүгінгі тәуелсіз Қазақстан екендігінде. Әлемде жер аумағы жөнінен алдыңғы ондыққа кіретін мемлекеттің әрбір азаматы мұны жақсы түсінеді. Олардың мақсат-мүдделері бір, тілектері жалғыз. Ол – осы ортақ Отанымыздың Мәңгілік елге айналуы. Әсте бұл жолды оңай деп айтуға болмас. Сәл нәрседен ылаң шығарып, айрандай ұйып отырған елдің бірлігін  бұзуға барын салатындар да жоқ емес.  Бірақ, біздің оған қарсы иммунитетіміз, мұндай жағдайлардың алдын алатын қуатты күшіміз бар. Бұл күш  –  бір мүддемен бір болашаққа қарай бірге жылжу. Ол болашақ – жарқын болашақ, мәңгілік азаттық және төбеміздегі мәңгі сөнбес бейбіт күн. Ендеше,   елдігіміз тұғырлы, мемлекеттілігіміз ғұмырлы болсын деп тілейік.  Дәйім солай болуы үшін аянып қалмайық демекпін.

Мударис АБДУЛЛИН,
«Көкшетаудағы татар мәдениетінің орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
2015 жыл біздің басты құндылығымыз – Ата Заңымыздың жылы.  Бүгінде демократиялы, унитарлы, зайырлы, құқықтық мемлекет болып отырмыз. Егемендігіміз, Президентіміз бен шекарамыз, елдігімізді айқындар Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Елтаңба, Әнұранымыз бар. Азаматтардың бостандықтары шектелмеген.  Міне, осының  бәрі Конституцияның арқасы, оның құзыретінің жоғары екендігінің айғағы.  Қазір ешкім ешкімге шектеу қойып жатқан жоқ.  1995 жылдың отызыншы тамызында жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Ата Заңымыздағы тоғыз тарау мен тоқсан сегіз бапта біздің өміріміздің әр кезеңі мен саласына қатысты басты-басты қағидаттар тайға таңба басқандай етіп жазылған.  Түптеп келгенде, ол негізгі тірегіміз – тәуелсіздігіміздің де кепілі.   Егемендігіміз барда, елдігіміз барда біз тұғырдан түспек емеспіз.
Осы бір баға жетпес құндылықтың құнын қан майданда от пен оқтың арасында жүргендерден, елінің намысын жан саулығынан артық қойғандардан артық кім білсін? Бұл мерейтойлы жылдағы біз ұмытпауға, ұмытылмауға тиіс тағы бір жылнама бар. Ол – Жеңіс жылнамасы. Қолда бар деректерге сенсек, адамзат тарихындағы ең жойқын деп бағаланған екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 700 мыңнан астам  сарбаз қатысыпты.  Отан алдында берген анттарына адал болып, ақтық демдері қалғанша жаумен айқасқан бұл жауынгерлердің қай-қайсысы болмасын батыр. Себебі, олар сол кездегі аумақтық тұтастықты сақтап қалуға атсалысты. Жеңіс туының желбіреуі тек қолдарына қару алған азаматтардың ерлігінің ғана емес, тылдағы мыңдаған әйел, бала-шағаның жанқиярлық еңбегінің арқасы. Оның бізге тым ыстық, тәтті болатыны да сондықтан. Міне, сол Жеңіске де биыл 70 жыл толды.  Бұл мерейлі жылға ардагерлеріміздің бәрі бірдей жете алған жоқ.  Сондықтан да,  арамыздағы санаулы көзі тірі батырларды сыйлайық, олардан мейірім-махаббатымызды аямайық демекпін.  Ең бастысы, өткеннен сабақ алып, даңқ өнегесі арқылы жастарымызға дұрыс тәлім-тәрбие бере білейік. Сонда ғана елжанды ұрпақты өсіре аламыз.

Назим ШИХАЛИЕВ,
«Әзірбайжандар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі Көкшетау филиалының төрағасы:
–Жүз қырыққа тарта  ұлт пен ұлыстың баласын бір шаңырақтың астына жиып отырған Қазақстан үшін Ассамблея жылы – айтулы жыл. Неге дер болсаңыз, Кеңес Одағы сияқты ірі держава құлап, енді егемендікке қолымыз жеткенде, бәрін басынан бастау оңай бола қойған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы аға буынның әлі есінде. Су, жарық, жылу болмай, жаппай жұмыссыздық белең алған шақта да, одан кейінгі дағдарыс жылдарында да шүкір деп айтайық, біздің шаңырағымыз шайқалған жоқ.  Әр нәрсені сылтау етіп, отқа май құйып, жалпыға ортақ мәселені ұлтаралық араздыққа ұластыруға құмар жандар, соған мүдделі топтар ол кезде де болмады емес, болды. Алайда, біз Қазақстан халқы
Ассамблеясы атты теңдессіз институтты құрып, сол көзге көрінбес соғыста жеңіске жеттік десек те болады. Бастысы, берілген жоқпыз, ниеті пасық «айтқыштар» мен «білгіштердің» соңынан  ермедік, жат пиғылдылардың дегеніне көнбедік. Бірлігімізді сақтап қалдық. Президентіміз де біздің бүгінгі  қол жеткізген жетістіктерімізді көктен түсе қалған олжа емес, тынымсыз еңбектің жемісі екендігін, қолдағы бейбітшілік құсының ұшып, көзден ғайып болмауына әр қазақстандықтың жауапты екендігін ұдайы қайталап айтып отырады.  Ассамблеяның мүшесі ретінде ғана емес, қатардағы ел тұрғыны, қарапайым адам ретінде де мен бұл институттың шынайы қоғамдық мінберге айналғандығы мен біртұтас ұлтты ұйыстырудағы  еңбегін жоғары бағалаймын.
Елімізде әрбір ұлт пен ұлыс өз тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрлерін сақтап, оны келешек ұрпақтарына аманаттап отыр.  Баланың ана  сүтімен дарыған дара тілде сөйлеуі бақыт емес пе? Біз осындай мол мүмкіндік туғызып, қолымыздан қақпай отырған елге шексіз  алғысымызды айтамыз.  Осы бір риясыз ақ пейілдің қайырымы,  ризашылығымыздың белгісі ретінде тәуелсіз Қазақстан деп аталатын жалғыз Отанымыздың болашығын баянды ету жолында аянып қалмайтындығымыз бен елімізді бұдан да гүлдендіру бағытында  еселі еңбек ете беретіндігімізді айтқым келеді.  
Мемлекет басшысының  «Нұрлы жол» дағдарысқа қарсы Жолдауының, 2050 жылға дейінгі ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясының, жуырда ғана жарияланған 100 нақты қадамның Қазақстанымызды бұдан да өркендетуге зор үлесін қосатын тарихи жобалар екендігіне сенімдімін. Бұлар да биылғы жылдың есте қалар соны жаңалықтарының бірсыпырасы. Ендеше, осының барлығының ойдағыдай іске асуына атсалысайық, ел халқының әл-ауқаты жақсара бергей демекпін. Қазақстандықтар бай, қуатты болғай. Ассамблея жылы құтты болсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар