Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмысты ширату – басты парыз - АРҚА АЖАРЫ

Жұмысты ширату – басты парыз

Бүгінгі таңда әлемді шарпыған саяси, қаржы және экономикалық дағдарысқа қарамастан құрылыс жұмыстары елімізде, оның ішінде біздің облысымызда да қарқынды жүргізіліп келеді. Бұған Елбасының тапсырмасы бойынша Үкіметіміздің дағдарысқа қарсы шаралар жоспары шеңберінде жасалып жатқан жұмыстары игі ықпалын тигізуде.

Әсіресе, соңғы кездері еліміздің үлкен құрылыс алаңына айналып отырғанына ешкім дау тудырмайды. Қазақстанның төрткүл әлеммен терезесі теңесіп, мерейі тасып жатса, мұнда еңселі нысандарды өмірге әкелген құрылысшылардың қолтаңбасы жатқаны аян. Күмбезін күн сүйген әсем ғимараттардың, сәулеті салтанат құрған сұлу сарайлардың мемлекет әлеуетін айшықтайтынын ескерсек, құрышқолды құрылысшылардың төккен тері текке кетпегенін ұға аламыз.
Ақмола облысында да бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық. Әсіресе, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Қолжетімді баспана–2020», «Жұмыспен қамту–2020», «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламалары арқылы көптеген әлеуметтік-өндірістік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Сонымен қатар, осыған дейін қолға алынған «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы, құрылыс компанияларынан зардап шеккен үлескерлердің мүддесін қорғауға арналған шаралар – осылардың бәрі де еліміздегі құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, онан әрі жүргізуге серпін бергені анық.
Мәселен, Астана маңы, Бурабай-Щучинск курортты аймағын және шағын моноқалаларды дамыту сияқты мемлекеттік кешендік бағдармалар аясында Целиноград, Бурабай, Жарқайың және Есіл  аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, аймақтық тұрғын үй бағдарламасында Астана маңындағы серіктес қала ретінде бой көтеріп келе жатқан Қосшы кентіндегі құрылыстарға үлкен көңіл бөлінген. Онда қазірдің өзінде бүгінгі заман талаптарына сай сәулетті тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Республикалық бюджет есебінен және жеке инвесторлардың қаржысына салынатын бұл нысандар үшін инженерлік инфрақұрылымдар салу жұмыстары да қызу қолға алынуда.
Облыс құрылысшыларының атқаратын жұмысы тек тұрғын үй салумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандарды салу, ескісін қайта жаңғырту сияқты жұмыстар да ойдағыдай атқарылып келеді. Әсіресе, осы орайда, білім беру нысандарын салу Шортанды, Астрахан, Атбасар, Бұланды, Целиноград аудандары мен Көкшетау қаласында жақсы жолға қойылған. Үстіміздегі жылы 7 мектеп есігін айқара ашады деп жоспарланған. Оның төртеуі республикалық бюджеттен, үшеуі облыстық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Кейінгі үш жылда облыс бойынша 4780 оқушыға арналған 10 мектеп және 1800 бүлдіршінге арналған 8 мектепке дейінгі балалар мекемесі пайдалануға берілді. Тағы 25 білім беру нысанының құрылысын жүргізу үшін республикалық және облыстық бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Қазіргі уақытта бұл қаржыға 14 мектеп пен 6 бала бақшаның құрылысы жүргізілуде.
Ал, денсаулық сақтау нысандарына келсек, бұл бағытта да ілгерілеушілік бар. Биылғы жылы 15 денсаулық сақтау  нысанын салу үшін 4,4 миллиард теңге көзделген. Қазіргі кезде бір ауысымда 250 келушіге арналған 2 емхана, 10 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, салынып жатқан 23 денсаулық сақтау нысанының да жиырмаға жуығы іске қосылды.
Алдағы уақытта да құрылыс саласы облыс экономикасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып қала бермекші. Соның ішінде Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерге орай, «Қолжетімді баспана–2020» бағдарламасы да одан әрі күш ала түсетін болады.   
Ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 255,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Былайша айтқанда барлығы 45 тұрғын үй немесе 465 пәтерді пайдалануға беру қажет. 2014 жылы 267,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 201 шақырым инженерлік инфрақұрылымдар тартылды. Ал, биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша 137 мың  шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 159 пайызды құрайды. Қазіргі атқарылған жұмыс деңгейі жыл соңына дейін белгіленген меже биігінен көріне алатындығымызды анық дәлелдейді.
Құрышқолды құрылысшылардың табанды еңбегінің арқасында өткен жылы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Атбасар қаласының тұрғындарына арналған 45 пәтерлі жаңа төрт тұрғын үй салынып, қаңырап бос тұрған бұрынғы жатақхана ғимараты 29 пәтерлі үй ретінде қалпына келтірілді.  Биылғы жылы табиғат апатынан зардап шеккен Целиноград ауданының тұрғындарына Ақмол, Қосшы және Оразақ ауылдарында баспана салынуда. Осы орайда, аталған өңірде құрылыс жұмыстарын қолға алған «Іскер», «АрхСтройСистема КазЭкоПан», «Заводстрой», «Асгарт» және «СМП-610» серіктестіктері тұрғын үйлерді белгіленген мерзімінде тапсырады деп сенеміз.
Жалпы, құрылыс жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты ол – ескі үйлерді қайта жөндеуден өткізіп, оған қазіргі заманғы сәулет талаптарына сай рең беру. Осы орайда, облыс орталығы Көкшетау қаласының бет-бейнесі соңғы жылдарда қалай өзгергені жергілікті тұрғындардың көз алдында. Ескі ғимараттар көз тартар сәнді, әсем үйлерге айналып, қайта түлеуде. Сондай-ақ, барлық аудан орталықтары мен іргелі елді мекендерде де құрылысшылардың еңбектері көрініп-ақ тұр.
Осыдан-ақ, көзіміз жетіп отырғанындай, құрылысшы қашанда, әр кезде де мәртебелі мамандық саналатыны анық. Қазақстан Республикасының Президенті-Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында мемлекетіміздің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындап, алдағы міндеттерді белгілеп отырады. Әсіресе, осы тарихи құжатта атап көрсетілгендей, әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз елінің қатарына қосылуда құрылыс саласының мән-маңызы одан сайын арта түсетіні даусыз. Осындай аса жауапты да мәртебелі мамандық иелерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, еңбекте табыс, отбасында амандық-саулық тілеймін.

Еркін ЖҮСІП,
Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар