Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ата Заңды қастерлеу – ұлық міндет - АРҚА АЖАРЫ

Ата Заңды қастерлеу – ұлық міндет

Кез-келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – ол сол елдің Ата Заңы.

«Конституцияны қатаң ұстану – бұл мемлекеттіліктің табысты дамуының және қоғамдағы азаматтық келісімнің негізі. Ол бойынша өмір сүру –  демократияның ең жоғарғы мектебі. Бұл мектептен барлығымыз өтуге тиіспіз. Біздің міндет – Конституцияға аса ұқыптылықпен қарау», – деген  болатын бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.  Олай болса, Ата заңды  аялап, қастерлеу – ұлттың ұлы парызы.
Қай мемлекет болмасын, өзінің алғашқы қадамын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл сол елді құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. 1993 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының алғашқы бас-ты құқықтық құжаты егемендік тарихындағы ең демократия-шыл құжат болып табылған еді. Ата Заңның  мәні мен маңызына келетін болсақ, бұл құжат Президенттің көрсеткен мақсаты бойынша төрт бас-
ты мәселеге жауап беруге және соған жағдай жасауға тиіс болатын. Оның біріншісі – мемлекеттік билікті басқарудың барлық жүйесін нығайту, екіншіден  экономикалық реформаны жүргізе отырып, елді сол кездегі терең дағдарыстан шығару, үшіншіден – жас мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастыру, төртіншіден – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдық негіздерді  көрсету. Алғашқы заң осы үдеден шыға алды дегенмен, оның  мазмұнын арттыра түсу қажет еді.

Осылайша, 1995 жылдың 30 тамызында елдің жаңа Конституциясын қабылдау жөнінде бүкілхалықтық референдум өтіп, оған сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысты. Олардың 89,14 пайызы жаңа құжаттың қабылдануын қолдады. Себебі, Конституция – барлық қазақстандықтардың ой-пікірін есепке ала отырып жасалған құқықтық-саяси құжат болатын. Оны қалыптастыруға қалың қазақстандық жұртшылық тікелей қатысты. Бұл үдеріс Ата Заңға ерекше үстеме күш беріп,  әлеуетін арттырады.
Ал, ол өз кезегінде  тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол салып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтыды. Алайда, заман ағымына қарай негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз – Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап – Ата Заңымызды құрметтеп, қорғау. Оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Негізгі тұғырнамада біздің сот билігінің де мәртебесі айқындалған. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі ретінде қарастырылады. Яғни, қарапайым жұртшылықтың жанына араша, әділдік іздеп келер орны – сот. Мәселен, біздің сотқа жыл басынан бері 36 іс келіп  түсті.  Оның ішінде жеке адамға қарсы жасалған қылмыстар мен заңсыз есірткі айналымына қатысты істер бар. Жасалатын қылмыстардың басым бөлігінде азаматтар спирттік ішімдіктерді ішкен, яғни, масаң күйінде болады. Біз өз кезегімізде құқығы бұзылған тараптың мүдделерін заң аясында қорғауға тырысамыз.
Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл ел болып жиырма жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өміршеңдігін көрсете білді. Еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастырудың негізгі тетіктері  қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітілді. Ең бастысы, ел тұрғындарында кейбір көршілеріміздегідей, «Ертеңіміз қалай болады?» деген үрей жоқ. Араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Осының бәрін саралай қарайтын болсақ, бұл қиындықтардың туындауының  негізгі себебі  – Конституциядағы қайшылықтар, даму бағытын айқындауда олқылықтарға жол беру болып табылады. Біздің бағытымыз дұрыс.
Қазақ даласында шаруасын дөңгелеткен халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімі байқалады. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қалтқысыз қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент – Елбасының сарабдал саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі болар еді.

Айгүл СҮЛЕЙМЕНОВА,  
Ақмола облысының  қылмыстық  істер жөніндегі мамандандырылған  ауданаралық сотының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар