Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласын аралау барысында тутұғырдағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аталған нысанды жөндеуге 2012 жылы жергілікті бюджеттен 45 миллион теңге бөлінген болатын. Ал, гүлзарды абаттандыруға 81 миллион теңге қаражат бағытталған. Ол қаржы тутұғыр маңындағы жерді тегістеу, баспалдақ орнату, көгалдандыруға жұмсалды. Мәрмәр, керамогранит плиталары төселді. Орындықтар орнатылып, гүлдер мен ағаштар отырғызылды.
Ал, бүгінгі таңда плиталар жөнделіп, кейінгі көріністің кей бөліктері алмастырылу үстінде. Жалпы, нысандағы жұмысты осы айдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Тутұғырда болған өңір басшысы сәулетшілердің кей идеяларын қолдаса, кейбіріне қатысты сын айтты. Жобаның барлық салалары бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Ол жөндеу жұмыстарының дұрыс ойластырылып, сапалы аяқталуы қажеттігін жеткізді.
– Бәрін де ойдағыдай етіп жасау керек. Қала таза, әдемі көрінуге тиіс. Себебі, облыс орталығының барлық аудандары абаттандырылды, – деді аймақ басшысы.
Сергей Кулагиннің айтуынша, нысан болашақта Жеңіс саябағына айналуы мүмкін. Қалай болған жағдайда да, осы бастан бәрі дұрыс болуы қажет. Тутұғырдың бар құрылымы мен құжаттардың негізін сақтаған жөн. Облыс әкімі қала басшылығына осы мәселеге мықтап назар аударуды жүктеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.