Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Еңбекшілдер ауданында болып, биылғы егіннің шығымдылығы мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымының дайындық барысына назар аударды.
Өңір басшысы ең алдымен өткен жылы қолдануға берілген ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты. Енді елді мекеннің тұрғындары ем іздеп басқа жаққа бармайтын болды. Мұнда халыққа сапалы медициналық көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар. Бір ауысымда 25 адам қабылдайтын амбулаторияда бір дәрігер, төрт медбике жұмыс істейді. Ғимараттың іші жарық әрі кең. Облыс әкімі әлеуметтік нысанның емшара бөлмелерін аралап, амбулаторияның бүгінгі жағдайын сұрастырып білді.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесі жыл сайын қарқын алып келеді. Осы ретте, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін азаматтардың да қарасы көп. Бәрі өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Шаруақор азамат Валерий Лебедев аудан орталығында қоғамдық монша ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде. Нысан ағымдағы жылы пайдалануға беріліп, жобаның жалпы құны 12 миллион 500 мың теңгені құрады. Моншаны кәсіпкер өз қаражатына салған. Мұнда сағатына он адамға дейін болады. Аптасына үш күн тұрақты түрде жұмыс істейтін монша айына екі жүзге тарта азаматты қабылдайды. Сергей Кулагин кәсіпкердің жұмысына оң бағасын беріп, жұмыс істеуге ниеттеніп жүрген іскер адамдарға әрдайым жол ашық екенін алға тартты.
Содан кейін облыс әкімі аудандағы оқу-өндірістік комбинатта болды. Мұнда 2012 жылы жауапкершілігі шектеулі «Семізбай-U» серіктестігі 73 миллион теңге сомасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал, 2014 жылы жапсарлас ғимарат облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен қайта қалпына келтірілді. Оқу нысаны 236 оқушыға арналған. Нақты тәлім алып жатқан оқушылардың саны – 213. Білім ошағы тігін, машина жасау ісі және ағаш шебері мамандықтары бойынша оқытады.
Ал, аудан орталығын жылумен қамтамасыз ететін жылу қазандығы 2009 жылы іске қосылған. Бүгінде облыстық бюджеттен 25 миллион теңге қаржы бөлініп, БМВК – 08 үлгісіндегі қазандық орнатылмақ. Оның қуаттылығы сағатына 0,8 Гкал құрайды. Сондай-ақ, кейбір көшелердің жылу жүйесі реттеледі деп күтілуде. Алайда, белгіленген уақытта жөндеу жұмыстары басталмаған. Кәсіпорынды аралаған облыс әкімі тамыздың ортасында жылу қазандығы сындарлы шаққа сақадай сай дайын болу қажеттігін қадап айтты. Егер дайындық өз дәрежесінде жүзеге аспаса, әңгіме басқаша өрбитінін жеткізді.
Сапар соңында Сергей
Кулагин жауапкершілігі шектеулі «Агрофирма Берекет» серіктестігінің егістік алқаптарын аралады. Сонымен бірге, Бұланды, Ақкөл аудандарында болып, серіктестіктердің егін орағына дайындық шараларымен танысты.
Ырысгүл АШУОВА
Еңбекшілдер ауданы.