Әлемнің саяси картасында бес мың тілде сөйлейтін екі жүзге жуық мемлекет орналасқан. Соның ішінде сан жылдар бойы тәуелсіздік пен азаттықты армандап, отаршылдық езгі мен тоталитарлық тәртіптің азабын кешіп, тар жол, тайғақ кешуді басынан өткізген қазақ халқы бар.
Қазақ халқының тәуелсіздік жолы қиын-қыстау кезеңдерге толы. Қасіретті жылдар мен қанды қырғын оқиғаларды ата-бабамыз басынан өткерді. Сондықтан да, ел тарихындағы маңызды әрі шешуші белестерді заман талабына сай ақиқатты түрде зерттеу және оны халықтың санасына дұрыс жеткізу – тәуелсіз ел тарихшыларының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады.
Қазақстан бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде жарқын болашаққа ұмтылуда. Осы кезде біз төл тарихымызды сақтап қалуымыз керек. Көп жылдар бойы отаршылдық саясаттың және жалпы еуропацентристік көзқарастардың салдарынан еліміздің тарихы бұрмаланып жазылды. Мәселен, еуропацентристік бағытты ұстанған Тойнби сияқты батыс зерттеушілері көшпелілер тарихын әлемдік өркениеттен тыс дүние деп қарастырған, ал қазақ жерінен алғаш рет көне түрік руна жазуын тауып зерттеген орыс ғалымдары сол уақыттағы идеологияның талабына сай руна жазуы қазақтардікі болуы мүмкін емес, ол басқа бір тайпалардың жазуы деп түсіндіруге тырысқан. Сондықтан, біз қазіргі таңда нақты қазақ халқының тарихына кіріспес бұрын, ең алдымен заманауи ақиқатты көзқарас тұрғысынан әлемдік тарихтың
дамуына орасан зор үлес қосып, қазіргі
Еуразия даласында көшпелі өркениеттің бесігін тербеткен түркі тайпаларының тарихын қалпына келтіруіміз керек. Өйткені, қазақ халқының тарихы өз бастауын сол байырғы заманнан алады.
Осыдан екі мың жыл бұрын біздің жерімізде дамыған мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын бір-бірімен шебер ұштастырған өзіндік бірегей Андронов мәдениеті пайда болды. Арийлер деген атпен мемлекет құру үшін бір кезде Үндістанға қарай бет алған тайпалар тап сол Андронов мәдениетінің иелері еді. Қазақстанның сақ тайпалары Андронов мәдениетін жасаушы халықтың «Авестада» айтылатын арий, тур, дах және дайлардың тікелей ұрпақтары болып табылады. Мұндай даусыз қорытындыны Андронов және сақ мәдениеттері арасындағы өзара байланыстың тікелей жүйесі бар екенін тапқан археолог ғалымдар мен қола дәуіріне қатысты сақ заманындағы халықтардың генетикалық тұрғыдан олардың мұрагер жалғасы екенін анықтаған антрополог ғалымдар дәлелдеп отыр. Қазақ даласын мекендегендердің арасында Орталық Азиядан шыққанын көрсететін монғол тұрпатты аралас адамдар пайда болды. Шаруашылықты жүргізудің сол кездегі жағдайында неғұрлым прогресшіл тәсілі болып табылған көшпелі мал шаруашылығына қарай ойысу да тап сақ дәуіріне сай келеді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осыған қатысты өзінің «Тарих толқынында» деп аталатын еңбегінде былай деп жазған: «Мұнда Иран басқыншыларының, ұлы Ескендір Зұлқарнайын армиясының шабуылдарын тойтарыс беріп тоқтатқан мемлекеттер пайда болды. Мұнда адам мен ат одағы құрылып, соның арқасында түркілер мен басқа да көшпелі халықтар сол кезде әлемнің тең жартысын тізе бүктіріп, бағындыра білді және оның қалған бөлігі – Батыс Еуропа мен Қытайды үрейлі қорқыныштан көз аштырмады. Мұнда, Ертістің, Іленің, Сырдарияның, Жайықтың және Еділдің жағалауларында орасан зор империялардың – ғұндардың, түркі қағанаттарының, қарлұқ мемлекеттерінің, монғол хандары мен олардың мұрагер ұлыстарының – ғажайып астаналары пайда болды».
Қазақ этносы ғасырлар бойы қалыптасқан. Ол осы жерге отаршылдық немесе басқыншылық жолмен келмеген. Қазақтар осы жердің автохтонды номадтары болып табылады. Қазақтардың тарих тек-тамыры мейлінше тереңде. Ондай тек-тамыр алғашқы қазақ хандығы құрылған кезеңмен әсте шектелмейді. Қазақтардың тарихи тұрақтылығы, төл этногенетикалық аумағына
бауыр басуы әртүрлі тарихи кезеңдерде айрықша рөл атқарған. Барша қазақты атамекенінен кіндік үзуге мәжбүрлейтін күш демографиялық та, мәдени тұрғыдан да нәтиже бермейді.
Сондықтан, Қазақ хандығының құрылуында этникалық алғышарттар маңызды рөл атқарды. Кез-келген мемлекет белгілі бір этностың әлеуметтік территориялық ұйымы және қоғамның ішкі және сыртқы қатынастарын реттейтін басқару жүйесі болғандықтан этнос-мемлекет бір-біріне етене тығыз ұғым болып саналады. Қарапайым тілмен айтсақ мемлекетті этностар туғызады. Ал, мемлекеттер этностың дамуына, өркендеуіне жағдай жасайды. Осы қағиданы қазақ халқы мен Қазақ хандығына қолданып көрсек, онда Қазақ хандығын дүниеге әкелген қазақ этносы болып шығады. Этнос-мемлекет принципіне сүйеніп біз Қазақ хандығын дүниеге келтірген этникалық процестің дамуы деп түсіндіреміз. Яғни, бұл жерде Дешті Қыпшақтағы тайпалар өз дамуының белгілі бір сатысында жаңа мемлекеттік жүйені қажет еткен. Ол Қазақ хандығы болған.
Қазақ хандығы құрылуының келесі бір сатысына діни-рухани алғышарттар жатады. Кез-келген этнос немесе этносты құраған ру-тайпалар жиынтығы өздерін нақты бір этностың мүшесіміз және басқа этностардан ерекшелендіріп көрсететін нәрсеге халықтың санасы. Ал, халықтық сананың пайда болуына діни, рухани факторлар әсер етпек.
13-15 ғасырлардағы Қазақстан аумағында болған діни-рухани дамуларда ислам дінінің Алтын Орда мен Ақ Орда мемлекетінде ресми дінге айналуы шешуші рөл атқарды. Бүкіл Дешті Қыпшақтағы тайпалардың толығымен түпкілікті түрде мұсылманданып, ортақ бір дінге сенуі, Алланы ортақ құдай деп тануы, Мұхаммедті ортақ Пайғамбар деуі құранды исламның ортақ қасиетті кітабы деп білу ру тайпаларды ортақ көзқарасқа негіздеді. Осылардың нәтижесінде сана қалыптасты.
Қазақ халқының қалыптасу үрдісі сонау ежелгі темір дәуірінен
басталып, 1465 жылы Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығының құрылуымен аяқталады. Сондықтан, біз қазақ деген атаумен шектелмей, осы қазақ халқының құрамына әртүрлі этникалық компоненттер болып енген түркі тайпаларының тарихын өзіміздің төл тарихымыз деп түсініп зерттеуіміз қажет. Темір дәуірінен бастап қазақ жерінде өмір сүрген тайпалардың барлығында мемлекетке тән сипаттар (билеуші, тұрақты әскер, астанасы және т.б.) болған. Қазіргі қазақтардың көне түркілердің тікелей ұрпақтары екенін халқымыздың аса бай рухани және материалдық мәдениеті дәлелдейді. Мәселен, темір дәуіріндегі сақтардың жылжымалы баспанасы – киіз үй әлі күнге дейін пайдаланылуда. Әлемдік тарихтың атасы Геродот киіз үйге қатысты былай дейді: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез-келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады».
Көне түркі тайпаларының ұрпақтары екендігін XX ғасырдың басында ұлттық зиялы қауым өкілдері де жақсы түсініп, сол арқылы рухтана түскен. Мәселен, көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев «Отты күннен ғұн жаралған, сол ғұннан от боп ойнап мен жаралғанмын» деген екен.
Қазақтар ұзақ жылдар бойы не діни, не этникалық біртектестігінен айныған емес. Қазақтардың өз ұлтына деген баға-байламы шын мәнінде қайран қалдырады. Бұл ретте, бір ғана деректі еске алу жеткілікті. Бұрынғы Одақ кезіңде біздің үлес салмағымыз өз жерімізде бүкіл тұрғындардың үштен бірін құрады. Міне, осындай жағдайдың өзінде қазақтардың басым көпшілігі өзінің ұлтына берілген сезіміне қылау түсірген емес. Халқымыз ұлттық азаттық жолында «Зар-заман», «кіші қазан» сияқты небір қайғы-қасіретке толы дәуірлерді басынан өткізді.
Сондықтан, еліміздің тәуелсіздігі туралы мәселені қозғаған кезде өткен тарихымызға көз жүгіртіп оған қандай жолмен қол жеткізгенімізді білуіміз керек.
Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойғы арманы болды. XVIII ғасырда қазақ халқының басын біріктіріп, мемлекеттілікті қалпына келтірген Абылай ханның қуатты мемлекет құру арманын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев орындады. Елбасымыздың көрегендік саясатының нәтижесінде елімізде тұрақтылық, ұлтаралық келісім орнады. Осындай жағдайда Елбасының бастамасымен әлемде теңдесі жоқ Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылады. Қиын қыстау замандарда тағдырдың тәлкегімен жер ауып, берекелі де кең қазақ шаңырағының астында біріккен әртүрлі ұлт өкілдері еліміздегі бейбітшілік пен келісімнің дамуына өз үлестерін қосуда. Қазақстан халқы тұрғындарының көпұлтты құрамының қалыптасуы бірнеше кезеңдерден тұрады. Мәселен, әскери-казак отарлауы, шаруалар арқылы отарлау /қоныс аудару саясаты/, 1892 жылы ұйғырлар мен дүнгендердің қоныстануы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шешен-ингуш, кәріс, неміс және тағы басқа халықтардың депортациялануы және тың игеру жылдарындағы қоныс аудару. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның қазіргі дамуын жоғары бағалайды. Солақай саясаттың салдарынан ұзақ жылдар бойы ұлттар лабораториясына айналған Қазақстанда 100-ден астам ұлттар өкілдері «қазақстандық
патриотизм» идеясымен өмір сүруде.
Марат ӨТЕГЕНОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау мемлекеттік университетінің деканы,
тарих ғылымдарының
кандидаты, доцент.