«Ақмола Медиа Орталығында» облыстық дін істері басқармасының басшысы Сәуле Ыбыраеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті. Брифингті облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова ашып, жүргізіп отырды.
Жиын барысында 2013-2017 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы діни экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік бағдарламасы жайлы айтылды. Оны іске асыру шеңберіндегі ақпараттық-насихат топтарының жұмысы туралы баяндалды. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда аймақта 24 ақпараттық-насихат тобы бар. Ол топтардың құрамына мемлекеттік қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, мектептердегі дінтану пәнінің мұғалімдері, жоғары оқу орнының ұстаздары және дәстүрлі діни конфессиялардың басшылары кіреді. Насихатшылардың жыл басынан бері өткізген шараларына жиырма мыңнан астам адам қатысқан. Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында «Облыстың ең үздік ақпараттық-насихат тобы» байқауын өткізу де көзделіп отыр.
Бұдан басқа, халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында басқарма адам көп жиналатын қоғамдық орындарда «OPEN AIR» форматында әңгімелесулер өткізіп тұрады. Яғни, жұртшылықты ресми шараларға жинамай-ақ, далада, ашық аспан астында зайырлы қоғамның басты құндылықтары түсіндіріледі. Әйел жамағатымен жұмыс та мұқият жүргізілуде. Имамдардың білім деңгейін арттыру мақсатында семинарлар ұйымдастырылды. Ақпараттық насихатты ғаламтор арқылы жүргізу де мықтап қолға алынуда. Себебі, бүгінгі қоғам мүшелерінің жасын да, кәрісін де әлеуметтік желілерден адаспай табуға болады.
Осы орайда, басты назардың жастарда екенін айта кетейік. Бұл бағытта әлеуметтік зерттеулер де жүргізілген. Сауалнамаларға қатысқандардың 80 па-йызы өздерін дінге сенушілерге жатқызыпты. Бірақ, әңгімелесе келе, олардың тек 15 пайызының ғана дін жолында екендігі белгілі болған. Қалай десек те, кейінгі буын өкілдерінің дінге деген қызығушылықтарының жоғары екендігін мойындаған жөн. Олардың санасын жат пиғылдылардың улауына жол бермеу – басқарма алдындағы басты міндет.
Баспасөз мәслихатында аймақта теологтардың жеткіліксіздігі, дінтанту негіздері факультативінің берілу сапасы жөнінде де айтылды. Жиын соңында Сәуле Ыбыраева журналистерді толғандырған сауалдарға жауап берді.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.