Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең - АРҚА АЖАРЫ

Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең

 – Құрметті Марал Қажыкенқызы, замандастарымыздың көкірегіндегі рухани байлықты барынша молайтып, жақсы істерге жұмылдырып, ел іргесін бекемдеуге өнер қаншалықты үлес қосады. Осы жолда өзіңіз басшылық жасап отырған облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының ілкімді істерін саралап айтып берсеңіз.
– Ықылым заманнан бері мәдениеттің мәйегі қасиетті өнер арқылы дәріптеліп, жалпақ жұрттың жүрегіне шым-шымдап жетіп жатады. Өйткені, өнер деген бұрқ-сарқ қайнап жатқан берекелі қазанның қоғамға берері тілмен айтып жеткізгісіз. Сөз өнері ме, қол өнері ме, әсем ән бе, мың бұралған би ме, сай-сүйегіңді сырқырататын күй ме, әйтеуір тұла
бойына өнер дарыған, талант біткен адамның өзіндік келбеті және бойындағы ғажап өнері арқылы көпшілікті соңынан ертер құдіреті болатындығы даусыз.
Бүгінде тәуелсіздіктің даңғыл жолына түскен еліміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңару мен жаңғыру мұратын көздей отырып, демократиялық құндылықтарды нығайту, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ғылыми әлеуетті еселеу, рухани қуатты арттыру сынды аса ауқымды міндеттерді жүйе-жүйесімен жүзеге асыруда сахна өнерінің де қосар үлесі мол.
Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде ұсынған бес институттық реформасы – қазіргі заманғы ғаламдық сын-қатерлерге қайтарған ерекше әрі мықты жауабы екендігі анық. Ол бізге тиімді әрі табысты мемлекет құру мен өркениетті қоғам қалыптастыру бойынша алдағы іс-қимылымызды дәл әрі нақты айқындауға зор мүмкіндік береді. Өйткені, ұлттық жобадағы жүз қадамдағы бірінші 15 қадамы мемлекеттік аппарат құру бағытында, келесі 18 қадамы заң үстемдігін қамтамасыз етуге, 49 қадамы индустрияландыру және экономикалық өсімге бағытталса, біз үшін өте маңызды нақты бес қадам «Біртектілік пен бірлікке» қол жеткізу үшін жасалған.   
Ел бірлігі сынды жалпыұлттық құндылықты замандастарымыздың
бойына сіңіруге ат салысып, отансүйгіштік тәрізді ұлы қасиетті жан-жақты насихаттауда барынша мазмұнды жұмыс атқарып отырған қазақ театры биылғыдай тарихымызды ұлықтау мен биіктерімізді бағалаудағы мерейлі белестер жылы кешегі кеңес дәуірінде ерлігі мен өжеттігі, ұлтжандылығы мен қайраткерлігі сан ұрпаққа сабақ болар белгілі мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 100 жылдығына орай Е.Төлеубайдың «Алдаспан» драмасын сәуір айында сахналағанда, қазақстандық азаматтардың қайраткерлік өмірі туралы құнды идеяны ілгерілету мақсатын қойған болатын. Бұл мақсат «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің алтын арқауы болмақ. Көпшілікке белгілі «Алдаспан» тарихи қойылымында кеңес дәуірінде тың игеру саясатымен қазақ елінің солтүстік бес облысын Ресейге, мұнайлы Маңғыстауды Түркіменстанға, Шымкент облысының үш ауданын Өзбекстанға қосу жөніндегі дүмпуі күшті Мәскеудің бетпақ билігіне қасқая қарсы тұрып, қазақ елінің біртұтастығын сақтап қалған Жұмабек Тәшеневпен қатар, халқымыздың қаһарман ұлдары Бауыржан Момышұлы, Ілияс Омаров сынды ұлт жанашырларының кемеңгер бейнелері, аяулы кескіндері көрініс тапты.  
– Марал Қажыкенқызы, қазақтың классик ақындарының бірі әрі бірегейі Қадыр Мырза-Әлінің «Қазақтың тарихы қатпар-қатпар болғанымен, оқулығы жұп-жұқа» дейтін қанатты сөзге айналып кеткен тәмсілі бар еді. Заманында солақай саясаттың салдарынан оқулықтан оқи алмаған дүниесін енді сахнадан көру арқылы таныса, нұр үстіне нұр емес пе?
– Шындығында да солай. Біз сол олқылықтың орны толтыру үшін тірнектеп еңбектенудеміз. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ел тарихы мен елдігін, ерлігін дәріптейтін  Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» драмасын, Кеңес Одағының Батыры, академик-жазушы Мәлік Ғабдуллиннің жүз жылдығына орай қыркүйек айында белгілі ақын Құдайберлі Мырзабектің «Батырлық жолы» пьесасын  сахналау жоспарланып отыр. Театр сахнасынан көне тарихтың тылсым тереңінен бойлап, ел қамын ойлаған кемеңгер хандарымыз бен данышпан билерімізді, жез таңдай, күміс көмей сал-серілерімізді, ғажайып елжандылығымен туған елінің есінде мәңгілік қалған Алаштың арыстарын көріп танитын театрсүйгіш қауымға көрсетеріміз де көп, айтарымыз да мол.
Қазіргі кезеңнің қауіпті қатерлері қатарында лаңкестік, бүлдірушілік идеяларының таратылу үрдісі елді елеңдетіп отырғандығы шындық. Осы орайда, жерлес жазушы-драматург, сенатор Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы» туындысы адасып жүргендерге айтары бар, жасқа да жасамысқа да жол сілтейтін қойылым екендігін айтқым келіп тұр. Демек, ұлттық стратегиямызда айтылғанындай адамдардың моральдық жай-күйі мен әлеуметтік ұстанымына теріс әсерін тигізетін жат құбылыстардың тамырына балта шауып, тек шынайы білім, адал еңбектің арқасында ғана парасат пен ізгілік құндылықтарына негізделген өркениетті Мәңгілік елдігімізді нығайта беру, қоғамдық пікір тудырылатын мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің азаматтық ұстанымына, парасат-пайымына көп байланысты. Қазақ театрында А.Чеховтың «Үш әпке» драмасы сынды әлемдік классика мен татар драматургы И.Зайниевтің «Люстра» комедиясының сәтті сахналануы 86-шы қадамдағы Қазақстан халқы Ассамблеясының  «Үлкен ел, үлкен отбасы» жобасындағы қазақстандықтардың біртектілігін нығайту мен азаматтық қоғамның бүтіндігін қалыптастыру идеясымен астасып жатыр. Сөз арасында айта кетейін, жаңа маусымда осы қойылымдарға ілеспелі аударманы қолданып, орыстілді көрермендерді тарту көзделіп отыр.
– Енді бір сәт шығармашылыққа толы өткен жылы атқарылған ауқымды шараларға тоқтала кетсеңіз.
– Мамыр айының жиырма төрті күні театр қалыптасқан дәстүр бойынша Сәкен Жүнісовтің «Абылайымен» XVIII маусымының шымылдығын жапты. Осымен екінші онжылдыққа қадам басқан бұл қойылым жылдан жылға өз өміршеңдігін дәлелдеп келеді. «Абылайды» көкшетаулық көрерменнің жылда келіп көруінің бір себебі спектакльдің өне бойындағы патриоттық рух болса, енді бір себебі, актерлердің кемелденген ойыны болар. Себебі алғашқы премьерасынан бері өз рөлін сомдап келе жатқан алдыңғы лек актерлер жылдан-жылға ширығып, сахналық шеберліктерін арттырып, Абылай заманымен біте қайнасып, спектакль басталысымен ел басына күн туған сол бір сұрапыл ғасырға жетелей жөнеледі. Әрине, он бір жыл ішінде актерлер қатарында өзгерістер жоқ емес, кейбір рөлдерге жас актерлер енгізіліп жатады. Дегенмен, Абылай рөліндегі Жарас Қалдаров, Шарыш рөліндегі Төлеубек Көңбай,  бір өзі Ораз, Қалдан Церен, Бұхар жырау секілді үш бірдей тарихи тұлғаны сомдап шыққан Қайрат Мырзаболатов, Күләйім рөліндегі Маржан Бөкешева сынды тәжірибелі актерлер спектакльдің бағасын бір мысқал да түсірген емес, керісінше жыл өткен сайын өздері осы қойылыммен бірге өсіп, бірге жасап сахна құдіретін одан әрі арттыра түсуде. Сәкен серінің «Абылай» спектаклі дау жоқ режиссер Мұратбек Оспановтың шоқтығы биік қойылымы. Маусым барысында театрдан тыс осы спектакльден алынған үзінді, Абылай сахнасы, Бурабайдағы Абылай алаңында халықаралық іс-шарада және аймақаралық музейлер фестивалінде облыстық тарихи өлкетану музейінің Абылай залында көрсетіліп, көпшілікке елдік пен ерліктің, отансүйгіштіктің озық үлгісін танытты.
«Ел ерімен көрікті» демекші Баянғали Әлімжановтың қаламынан туындаған «Біржан салдың шідері» ән шуағына бөлесе, Т.Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той», Т.Жандаулеттің «Жұбай саудасы» комедиялары көрерменді күлдіре отырып, көп жағдайға көз жеткізді. Ертегі әлемінен Г.Андерсеннің «Қар ханымы» жаңажылдық мерекеге ерекше сән-салтанат берді.
Соңғы үш жылдан бері актерлердің де театр қызметкерлерінің де бір маусымдағы еңбегін саралауға мүмкіндік беретін
атаулы марапаттаулар биыл да жыл бойы аянбай еңбек еткендердің еншісіне тиді. Жақып Омаров атындағы сыйлықты Төлеубек Көңбай, Жібек Бағысова атындағы  сыйлықты Гүлмира Жакилина, Мұратбек Оспанов атындағы сыйлықты Бағлан Иманғазинов иеленіп,  Маржан Бөкешева «Үздік актриса», Ерқанат Сәбитов «Үздік актер» атанды. Сахна сыртындағы шығармашылық еңбегі үшін гример Айна Баймұратова және тынымсыз еңбегі үшін театр менеджері Кеңшілік Жүзбаевалар еңбектеріне орай марапатталды.
Келесі XIX маусым театрдың 2016 жылы тойланатын жиырма жылдығына бастайтын қадам. Жаңа маусымда да қомақты қойылымдар, гастрольдік сапар және жоспарланған фестивальдер бар.
– Ендеше жаңа маусымда көрерменіңіз көп болсын! Шығармашылық табыс мол болсын!

Әңгімелескен
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар