Бір қабатты ғимараттың шетінде ғана орналасқан аядай бөлмеге кісілер бірінен соң бірі толассыз кіріп шығып жатты. Қолдарына зат толы бір-бір пакет ұстаған. Кішкентай ғана жерде не сатылуы мүмкін деп ақырын ғана кіріп қарағанымызда, ұлттық ою-өрнектерге толы төсеніштер, басқа да қолөнер туындылары көзімізге оттай басылды.
Жанымызда тұрған аудандық мəдениет үйінің қызметкері ол заттардың бəрін Бархыт Қойманқызының өзі тігетінін айтқанда, ұлттық ою-өрнегімізді көзінің қарашығындай сақтап, көпшілікке насихаттап жүрген жандардың бұл өлкеде де барына қуанып қалдық. Сөйтіп, он саусағынан бал тамған қолөнер шеберін біраз əңгімеге тарттық.
Жалпы, адам баласына қандай да бір ерекше қасиет ата-бабадан берілетіні белгілі. Есілдік Бархыт Оспановаға да өнер атаулы апа-əжелерінен дарыған екен. Қазіргі таңда ол əркімге бұйыра бермейтін осынау ерекше қабілетін кіріс көзіне айналдырып, қолдан жасаған əсем дүниелерді сату арқылы нəпақа тауып отырған жайы бар.
–Матадан түрлі бұйымдар тігуге жастайымнан жаным құмар. Ал, осы істен пайда тауып жүргеніме он жылдың жүзі болды. Алғашында, тек төсек орын заттары жаялық, жастықтың, көрпенің тыстарын тігумен ғана айналыссақ, халықтың сұрауы бойынша қыз жасауына арналған бірсалар, той қалтаның жиырма шақты түрін жасап шығара бастадық. Ол үшін Алматыдан тапсырыс арқылы киіз алдырттық, – деді ағынан ақтарылған кейіпкеріміз бізбен əңгіме барысында.
Иə, бүгінгі таңда шебердің туындылары тұрғындар арасында зор сұранысқа ие екендігін біз де анық байқадық. Əрі дүкен, əрі шеберханада болған сол бір жарты сағаттың айналасында қаншама адам келіп, көздің жауын алатын оюлы қалта, ұлттық киім-кешектерді қолжетімді бағамен сатып алып жатты. Бұл күні сондай-ақ, кейіпкеріміздің қызы өз қолымен тіккен мектеп оқушыларына арналған бірыңғай киім үлгісін көріп, тəнті болдық. Матасы да, жалпы, тігісі де өте сапалы көрінді. «Анасына қарап қыз өсер» деген осы ғой, шіркін. Алдағы уақытта да тек сапаға ғана ұмтылып, тұрғындарға өзіміздің елде өндірілген отандық киім-кешекті тұтынуға жол ашсақ, бұл еліміздің дамуына оң əсерін тигізері анық. Қазіргі кезде елімізде кəсіпкерлікке кең өріс ашылып жатқанымен, биліктегілерге беймəлім əлемде қарапайым халық үшін ғана жұмыс істеп, Бархыт сияқты өз бетінше бірдеңе өндіріп жатқандар көп. Алайда, солардың басын қоссақ, небір жақсы-жақсы тауар жасап шығаратын зауыт-фабрикаларды ашуға болады.
Айта кетейік, аудан орталығындағы балалар музыкалық мектебінің шəкірттеріне ұлттық киімдер де осы жерде тігіледі. Гүлнəр Бəйтемірова жəне Раушан Елеусізова есімді көмекшілерімен бірге ою ойып, құрақ құрап, қазақтың қолөнеріне бар ғұмырын арнап келе жатқан Бархыт Қойманқызына осынау өмір жолында жаққан шамыңыз мəңгі өшпесін дегіміз келеді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Есіл ауданы.