Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналып өткізілген биылғы облыстық спартакиада жалауы Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында көтерілді. Астананың іргесінде орналасқан аудан орталығы болғандықтан, кейінгі уақытта мұнда құрылыс қарқын алып, көптеген нысандар бой көтергендігі белгілі.
Аудан басшылары облыстық спартакиада өткізуге тыңғылықты дайындалған екен. Оның айғағы ретінде басқа мәселелерді айтпағанның өзінде, заман талаптарына сай стадионның бой көтергендігін айтуға болады.
Сонымен, екі күнге созылған жарыстар да мәресіне жетті. Жалпы, командалық есеп бойынша Көкшетау қаласының командасы бірінші орынды иеленді. Мүмкіндігі аудандарға қарағанда едәуір жоғары облыс орталығы үшін мұны заңды көрсеткіш деп бағалаған дұрыс болар. Ал, негізгі сайыс әрине, аудандардан келген спортшылар арасында өрбіді.
Қандай жарыста болсын, дайындығы мықты команданың «тасы өрге домалайтындығы» белгілі ғой. Әрине, «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген қағиданың да тегін айтылмағандығы хақ. Алайда, дайындалмай, «көппен көрген ұлы той» дегендердің жүлдеден құр қалатындығы да дау тудырмайды.
Міне, осылайша әрқилы дайындықпен келген командалар бақ сынасқанда алғашқы сәттерден-ақ, «сен тұр мен атайындар» мен «әкімнің тоқпағымен» келгендердің бар екендігі белгілі болды.
Мәселен, волейболдан алғашқы ойында Қорғалжын ауданының командасын жеңген көкшетаулықтар одан кейін де мықты команда екендігін таныта білді. Алайда, жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Степногорск қаласы командасының мерейі үстем болды. Жігіттердің жіберген есесінің орнын көкшетаулық қыздар командасы толтырып, бірінші орынға шықты. Ал, баскетболдан ерлер арасында Сандықтау ауданы көш бастаса, облыс орталығының спортшылары екінші орынды иеленді. Қыздар командалары арасында Ақкөл ауданы бірінші, ал, бурабайлық арулар жүлделі екінші орынды місе тұтты.
Жаңадан ашылған стадионда футболшылар сынға түсіп, онда Атбасар ауданының командасы бірінші, есілдіктер екінші орыннан көрінді.
Әрине, спартакиадада өткен жарыстардың бәрін тізіп шығудың қажеті бола қоймас. Дегенмен, кейбір мәселелерге тоқтала кеткен жөн. Мәселен, Егіндікөл және Қорғалжын аудандары жеңілістің ащы дәмін көп татып, көш соңында қалды. Рас, жарыс болған соң біреу ұтады, біреу ұтылады. Ол заңды құбылыс. Алайда, қорғалжындықтардың осындай спартакиадаларда алғашқы лектен көрінген кездері де болған. Тіпті, осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын өз алаңында бірінші орын алғаны да ұмытыла қойған жоқ. Яғни, шынайы тайталасқа шығып, мықтылықтарын танытуға мүмкіндік бар. Тек, «тұлпарлардың бір тері алынбағанға» ұқсайды. Сондай-ақ, егіндікөлдіктер де осы жолғы жарыстан «сабақ алар» деп сенеміз.
Сонымен, Ақмолда өткен кезекті спартакиада мәресіне жетті. Бұл орайда, Целиноград ауданында өткен бұл жарыстың өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын тағы да бір атап өткен абзал.
Талғат ҚАСЕН
Целиноград ауданы.