Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатерлі ісік: жете байыбына бара алып жүрміз бе?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қатерлі ісік: жете байыбына бара алып жүрміз бе?!.

Қатерлі ісік ауруын естіген кез-келген адамның бойын үрей билейтіні сөзсіз. Себебі, ол ең қауіпті аурулардың бірі болып саналады. Алайда, бүгінгі таңда онымен күресуге болатындығына облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері Марат Оспановпен әңгіме барысында көз жеткіздік.

Бүгінгі күні қатерлі ісікке тап болатындар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Облыста бір жыл ішінде 1927 адам аталмыш дерт  бойынша есепке алыныпты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен  салыстырғанда төрт пайызға көп. Аурудың осыншама белең алуының көптеген себептері бар.
Мәселен, облысымызда ең көп тараған қатерлі ісіктің түрі – өкпе рагы. Рактың осы түрімен ауыратындардың 90 пайызы ер адамдар екен. Оның басты себебі – темекіге тәуелділік. Өйткені, шылымның құрамында өкпеге айтарлықтай зиян келтіретін бензопирен қоспасы бар. Сол бензопирен өкпеде көбейіп кеткен жағдайда ісік пайда болады. Оған қоса, бензопирен тек қана шылым шеккен адамға ғана емес, сонымен бірге, оның айналасындағы  адамдарға да түтін арқылы әсер етеді. Сондықтан, онколог дәрігерлер әрдайым темекіден бас тарту қажеттілігі туралы мәселе көтеретіні орынды.
Өкпе рагынан кейін кең тараған қатерлі ісіктің түрлері – сүт безі мен асқазан қатерлі ісіктері. Сүт безі ісігі көбінесе 15-30 бен 50-60 жас аралығындағы әйел адамдарда жиі кездеседі. Төрт сатыдан тұратын бұл ісіктің пайда болу себептері әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Қатерлі ісіктің бұл түріне көбіне жасанды түсік жасаған немесе баласын аз емізген және кеш құрсақ көтерген әйелдер жиі ұшырайды. Оған қоса қазіргі кезде әйелдер солярийде жасанды сәуле арқылы күюді көп қолданады. Табиғи күнге қарағанда, солярийдегі сәулелердің радиациясы 2-3 есе артық болғандықтан, тері тіндері бұзылып, тері қатерлі ісігінің туындауына себепші болады. Мамандардың айтуынша, дерттің алдын алу үшін дұрыс тамақтану қажет. Тамақты толық шайнамай жұту, сұйық тағамдар мен сусындарды өте ыстық күйінде ішу, үнемі тым ащы тағам өнімдерін жеу ісіктің пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан, қатерлі ісіктердің алдын алу үшін дұрыс тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстану керек.
Бұл ауруды рак деген атаумен ертеде Гиппократ атапты, себебі, адам ағзасындағы ісік жайылып жатқан теңіз шаянының аяқтары сияқты ауруды басқа мүшелерге таратады екен. Сол себепті, ауру асқынып, денеге жайылып кетпес үшін оны алғашқы кезеңінен-ақ анықтап алған жөн. Ал, оны қалай анықтауға болады? Бұл аурудың ең қауіпті тұсы да осында, себебі, аурудың бастапқы кезеңінде  науқасқа ешқандай белгілер білінбейді. Тек ісік өсіп, дененің басқа мүшелеріне қысым жасап, ауырта бастағанда ғана сезіле бастайды. Оны бастапқы кезде алдын алудың бір ғана амалы – жыл сайын тексерістен өтіп отыру. Яғни, сіз рентгенге түсесіз, кейін онколог дәрігерлер рентген суретіне қарап, ісіктің бар-жоғын анықтайды. Егер ісікті I-II сатысында анықтаса, одан толық айығып кетудің мүмкіншілігі 80 пайызға дейін артады.
– Қазіргі таңда онкологиялық аурулардың дендеп кетуінің басты себебі, адамдардың өз денсаулықтарына бейжай қарап, медициналық тексерістерге бармауы. Науқастар көбінесе ауруы асқынып кеткен соң  келеді. Ал, денедегі ісік
жайылып кетсе, оны емдеу қиын. Адамдар тексеріске келмегендіктен, қатерлі ісіктің алдын алу үшін елімізде жаңа әдістер пайдаланылуда. Бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан  біздің Қазақстанда ғана бүгінгі күні «Скрининг» деген тексеру әдісі бар. Бұл әдіс арқылы қатерлі ісік жиі кездесетін мақсатты адамдар тобымен қатар, есепке алынбаған, қатерлі ісік белгілері жоқ адамдар да тексерістен өтеді. Мысалы, сүт безі ісігіне байланысты адамдардың  мақсатты тобына 50-60 жас аралығындағы әйелдер жатады. Дәл сол сияқты жатыр мойны, тоқ ішек, асқазан, өңеш және тағы да басқа көптеген рак түрлеріне «скрининг» жүргізіліп тұрады, – дейді Ақмола облыстық онкология диспансерінің бас дәрігері Марат Оспанов.
Қазір облысымыздың 11 ауданында онкологиялық ауруларға қатысты бөлімшелер жұмыс істейді. Ондағы дәрігерлер де тұрғындар арасында жыл сайын қатерлі ісік  ауруларына байланыс-ты тексерулер өткізіп тұрады. Тексеріске келген адамдардың барлығын дәрігерлер рентгенге түсіріп, қатерлі ісіктің бар-жоғын анықтайды. Анықтап болған соң, рентген суретін облыстық онкология диспансеріне жібереді. Ондағы дәрігерлер ешбір ақаулық кетпеу үшін тағы бір рет тексеріс өткізеді. Ал, ауылдық аймақтар мен шалғай елді мекендердің тұрғындары тексерістен қалай өтеді деген сауал туындайтыны сөзсіз. Бұл ретте, ауыл жұрты ауданға барып, тексеріледі. Ал, егер оған шамалары жетпесе, Жақсы ауданына бекітілген, ішінде рентгенге түсіретін мамографиялық құрал-жабдықтары бар КамАЗ автокөлігі облыс аумағындағы барлық ауылдарға барып, скринингтік тексерістер жүргізеді. Ол көктем мезгілінен бастап, қоңыр күзге дейін барлық ауылдарды аралап шығады.  
–Егер ауыл халқы жылда келетін медициналық тексеріс жүргізетін топтың келу уақытын біліп алып, рентгенге түсіп отырса, елімізде қатерлі ісіктен қайтыс болып жатқандардың саны шамалап болса да азаяр еді.  Қазіргі таңда біздің медициналық топ Сандықтау ауданының ауылдарын аралап жүр. Жалпы, дер кезінде анықталған қатерлі ісікті емдеуге де, алдын алуға да болады. Қазіргі жаңа технологиялар мен білікті мамандардың күші оған жетеді. Тек халық пен медициналық мекемелер бірлесіп  жұмыс істеуі керек. Көптеген қатерлі ісікке шалдыққан науқастар уақытында тексерілмей, кеш келіп жатса да, олардың 50 пайыздан артығы онкологиялық аурудан айығып жатыр. Сонымен қатар, тағы бір айта кететін жәйт, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі. Бірақ, соған қарамастан, барынша үлгеруге тырысып, бізге келгендердің барлығына қол ұшымызды созамыз. Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін оларды жыл сайын оқуға жіберіп тұрамыз. Бүгінгі күні төрт дәрігеріміз Қарағанды медициналық университетінде білімдерін жетілдіріп жатыр, – дейді Марат Әбжаппарұлы.
Жұртшылықтың қатерлі ісік жайлы хабары бар ма, дәрігерлерге дер кезінде барып, тексеріле ме екен деп, көшеде кездейсоқ кездескен он адамнан сұрап едік, оның тоғызы жылына бір рет рентгенге барып тексерілетіндігін жеткізді. Алайда, басым көпшілігі қатерлі ісік жайлы толық хабардар болмай шықты. Бірі жұмыс бабы бойынша тексерістен өтсе, бірі учаскелік дәрігердің арнайы шақыртуымен тексерілген.
– Жылына бір рет рентгенге түсіп тұрамын. Одан артық тексерілсе, рентген сәулелері денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Бірақ, менің жасымда қатерлі ісіктің болуы мүмкін екендігін білмеппін, – дейді 17 жасар Әсемгүл Сейітхан.
51 жастағы Жанат Ақтанұлы:
– Жасым ұлғайғандықтан, ауруханаға жиі барып тексеріліп тұрамын. Дәрігерлер де арнайы жоспар бойынша медициналық тексерістен өтуге жиі шақырады. Темекінің қатерлі ісікке әкелуі мүмкін екендігін білемін, алайда, тастай алмаймын, – деп өкінеді.
Түйіндей келгенде, қатерлі ісіктен емделуге де, алдын алуға да болады. Ол үшін әркім өзінің денсаулығына салғырт қарамай, зиянды әдеттерден аулақ болуы тиіс. «Сақтансаң, сақтаймын» демекші, үнемі дәрігерге барып, тексеріліп тұрған дұрыс.

 

Рамазан ТӨЛЕУБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар