Кеңес барысында әлемдік нарықтардағы ахуалдың нашарлауы жағдайында Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ету бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысы келешекте ұзақ уақыт бойы Қазақстан экономикасына ықпал етуі мүмкін бірқатар теріс факторларды атады.
– Біріншіден, сарапшылар пікірінше, мұнай мен металл бағасының төмендігі
5 жыл бойы сақталуы мүмкін. Екіншіден, дамушы елдердің инвестиция мен капиталға қолжетімділігі едәуір шектеледі. Үшіншіден, біздің негізгі серіктестеріміз, ең алдымен Ресей мен Қытай тарапынан сұраныстың азаюынан Қазақстанның өнімдерін өткізу нарығының аясы тарыла түседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев республикалық бюджет тапшылығын 2018 жылға 1 пайызға төмендетуді тапсыра отырып, тапшылықты қаржыландыру тек ішкі резерв есебінен іске асырылуы тиістігін атап өтті.
Қазақстан Президенті экономиканың бәсекелестік жөнінен басымдығы бар негізгі салаларын қолдау басымдыққа ие болуы тиістігін айтты.
– Қойылған міндеттерді жүзеге асырудың маңызды тұсы дамудың осындай жолынан өткен және экономикасының құрылысы бізге ұқсас елдердің нақты тәжірибелерін зерттеу болмақ. Бұл – Австралия мен Канаданың соңғы 30 жылдағы тәжірибесі. Жаһандық тауар жеткізу тізбегіне таяу он жылда кірігу үшін Қазақстанның тәуір мүмкіндіктері бар, – деді Қазақстан Президенті.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев әлемдік экономикадағы ахуалдың күрделенуі жағдайында биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша елдегі ІЖӨ-нің өсімі 1,5 пайызға төмендегенін атап өтті. Ресей рублінің девальвациясы отандық азық-түлік өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін қосымша қиындықтар тудырды.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары салалық бағдарламалар аясында қаражатты игеру мониторингі өткізілгенін де айтты.
– Біз «Нұрлы жол» бағдарламасы бо-йынша 73 миллиард теңгенің игерілмей қалу қаупі барын анықтап, бұл қаражатты тиімді жүзеге асырылып жатқан бағыттарға беру жөнінде шешім қабылдадық. Мәселен, 8,8 миллиард теңге Астана-Павлодар-Өскемен жолының құрылысына бөлінетін болады. Тағы 6,6 миллиардты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту аясында қайта бөлгіміз келеді, – деді Б.Сағынтаев.
Қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджетке түсімдердің айтарлықтай азайып кеткеніне тоқталды.
– Импорт көлемі 38 пайызға төмендеп, соның салдарынан кедендік баж салығынан түсетін түсімдер екі есе азайды. Мұнай бағасы екі есе арзандады, соған байланысты экспорттың кедендік баж салығы түсімдері үштен бір мөлшерге азайды. Нәтижесінде бюджеттің кірісі 22 пайызға төмендеді. Бұл ретте былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда шығыстардың өсу қарқынын ең алдымен Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферттер есебінен 103,4 пайыз деңгейінде ұстап тұрудың сәті түсті, – деді Б.Сұлтанов.
Сондай-ақ, қаржы министрі Б.Сұлтанов өткен жылмен салыстырғанда республикалық бюджет қаражатының игерілмеген сомасы
2 есе азайып, 41 миллиард теңге болғанын айтты.
Ұлттық экономика министрі Е.Досаев макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету аясында 2020 жылға қарай инфляцияны бұдан әрі 3-4 пайызға дейін төмендету міндеті қойылып отырғанын, ол инвестиция тарту үшін тұрақты жағдай қалыптастыратынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке келешектегі ортамерзімді кезеңде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарын қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, Үкімет пен Ұлттық банкке қалыптасқан жағдайдағы экономикалық және валюталық саясат шараларын шұғыл әзірлеу тапсырылды.
– Әрбір министрдің, елдің экономикалық саясатына қатысушының сапасы тексерілетін күрделі интеллектуалдық жұмыс уақыты келе жатыр. Бұл жолғы дағдарыс – іс жүзінде Қазақстанның барлық өнеркәсіптік кәсіпорындарын қамтитын секторалдық дағдарыс. Мұндай бізде болған емес, сондықтан ол мүлде басқа амалдарды қажет етеді. Бұл жағдайдан да бұрынғыша жол тауып шығатынымызға сенімдімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.