Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баспасөздің өзекті мәселелері қозғалды - АРҚА АЖАРЫ

Баспасөздің өзекті мәселелері қозғалды

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай,  «Ақмола Медиа Орталығында» «Бүгінгі күн:  бұқаралық ақпарат құралдары» тақырыбында  республикалық семинар болып өтті. Шараны «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай ашып, жүргізіп отырды.

Келелі жиын барысында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова  аталған клуб мүшелерінің қатысуымен шаралар өткізудің игі дәстүрге айналып келе жатқандығын айта келе, бүгінгі қоғамдағы ақпарат пен оны таратушылардың маңызына тоқталып өтті.
Ал, Бибігүл Жексенбай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауы мен 100 қадамнан тұратын ұлт жоспарын қарапайым халыққа жеткізудегі журналистердің рөлі  жайлы әңгіме қозғады. Малайзия мен Индонезияны салыстырған ол  алғашқысының тек осындай ауқымды бағдарламалардың сәтті жүзеге асуының нәтижесінде ғана бүгінде қуатты  елге айналып отырғандығына назар аударды. Ал, соңғысы, кедейліктен көз ашпай келеді. Бар мәселе ондағы жұрттың асқан еңбекқор екендігінде емес, мемлекеттік басқарудағы жүйелі жоспарларда. Әйтпесе, малайзиялықтар да қазақтардай жайбарақат, аса еңбекқор халық емес көрінеді.
Бұдан кейін  «Новое поколение» газеті бас редакторының орынбасары Юлия Жихорь бүгінгі күннің дәстүрлі БАҚ-тары жайлы қоғамдағы даулы мәселенің бірін қозғады. Қазір бұл төңіректе екіұшты пікір көп.  Қайткенмен, газеттер мен ақпарат агенттіктерін, телеарналарды дәстүрліге жатқызған дұрыс. Технология жетістіктері қоғамды дәстүрлі емес БАҚ ұғымын тудырып отыр.  Бүгінгі таңда өзі куә болған оқиғаны ұялы телефонының камерасына түсіре салып, таратып жіберушілер көп.  Бұл – әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асатын әрекет.  Аталған ғаламтор желілері дәстүрлі ақпарат көздерінің бәсекелесіне айналуда. Тіпті, хабардың тарау жылдамдығы жағынан алғашқысын басып озады. Модератор осы қарқынды үдерісте газеттер мен арналардың шетке шығып қалмауы үшін қандай шараларды қолға алу қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, біздің басты кемшілігіміз – жұрттың бәрін қамтуға тырысатындығымызда.  Бұл қате түсінік. Алдымен, мақсатты аудиторияны таңдап алған абзал.  Екіншіден, құр жаңалық ешкімге де қызық емес. Әсіресе, ресми ақпар болса. Халық журналистерден сараптамалық материалдар күтеді.  Консерватизмнен арылу   заман ағымына ілесіп отыруға сеп болады. Мәселен, газеттің сайты қағаз жүзіндегі ақпардың көшірмесі болса, оны ешкім де оқымайды. Ғаламтор ресурсы әралуандығымен ерекшеленгені жөн. Жарнаманы табыс көзіне айналдырып, тек соған иек арту да қауіпті. Бүгін ашылып, ертең жабылып жатқан қаншама газеттің тағдыры осының айқын мысалы.
Ал, «CINAN» ақпараттық агенттігінің өкілі Йылдыз Доган еліміз бен шетелдегі айтулы деген ақпарат агенттіктерінің жұмыстарын саралап өтті.  Бес жүзден астам қызметкері, 35 мемлекетте өкілдігі, 85 елде тілшісі бар бұл ресурстың арғы-бергісі жиырма жылдың ішінде жеткен жетістіктері аз емес. Өкіл табыстың басты кілті жаңашылдықты батыл енгізуде екендігін атап өтті.  Агенттік тек ақпаратты таратып қоймай, сурет пен видеоны да қолданушылар назарына ұсынады. Түркияда бар жаңалық мүмкіндігінше тікелей эфирден беріледі.  Жалпы, түрік бауырларымыздан біздің үйренеріміз жетерлік.
Осы орайда, «Хабар» агенттігіне қарасты «Білім және мәдениет» арнасы бас редакторының орынбасары Бауыржан Шамшатов қазіргі заманғы телевизиялық журналистиканың өзекті мәселелерін қаузады.  Шара соңында семинар қатысушыларына сертификаттар табыс етілді. Артынша БАҚ өкілдері  спикерлерге өздерін толғандырған сауалдарды қойып, ұсыныстарын айтып жатты.

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар