Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Той сияқты болып кетті - АРҚА АЖАРЫ

Той сияқты болып кетті

Осы тақырып қолыма еріксіз қалам алдырды. Қазір нарық заманында той мен өлімді ажырату өте қиын болып барады. Өйткені, екеуінде де қазақтың дастарханы аста-төк. Мұның өзі тойға жарасатын шығар. Ал, кісі қайтқанда олай деп айта алмаймыз. Әр нәрсенің өз реті, шегі болуы керек қой. Ал, бізде той мен қазада жайылған дастарханда айырмашылық болмай кетті.

Мұны айтамыз-айтамыз, бірақ, сол күйінде қалады. Яғни, сөзден әрі аса алмай отырған жайымыз бар. Осыны дін жолындағы имамдар халыққа жете түсіндіріп, дұрыс жолға қоюлары керек қой. Сол жағы бізде жетіспей жатыр.
Қаралы үйдің жағдайы жете ме, жетпей ме, ол жағын ойлап жатқан жоқпыз. Кісісін қалай жөнелткенін дастарханына, сойған малының саны мен жұқа-семізіне қарап бағалайтын жаман әдетке душар болдық. Үстел үсті түрлі жемістерге дейін самсап тұрады. Тарататын жабдығы тағы бар. Сонда мұның өзі қайғыға батып отырған сол үйді тонау болып шықпай ма. Байлар жарайды, ақшасы бар делік. Ал, бір жалақыға қарап отырған, мойнында несиесі бар кедей-кепшік ше?! Ауылда тіпті, жұмыс та жоқ. Соған қарамастан бір-бірімізден қалуға арланатынымыз, артымызды ойламай, қарызданып-қауғаланып, барымызды салуға бейіл болатынымыз, кейін мұндай үйлердің жағдайын тіпті, қиындата түсетін жайлар да аз емес.
Ал, осындай жаназаларда таратылатын шүберекке келсек, бұл да қазағымыздың басы артық, орынсыз жөн-жоралғысының бірі. Әр үйде осындайда болмай үлестірілетін бет орамалдарының жиналып қалғаны соншалық, оны еден сүртуге дейін пайдаланып жүргеніміз жасырын емес. Сонда бұл жөн-жоралғының да құны әбден түсіп кеткендігі өз-өзінен көрініп тұрған жоқ па. Әрі құшақ-құшақ соны сатып алумен базарда сауда жасайтын қырғыздарды байытып жатқандығымыз тағы мәлім. Олар қазақ келіп сауда жасамаса, «бұлардың кісілері қайтқан жоқ па?» деген әңгімелерге дейін барып жүргендігі туралы да аз айтылмауда.
Сондықтан, көбіміз-ақ біліп, көңілімізге түйіп жүрген кісі жөнелтудегі осы жаман әдеттерден арылсақ, біраз нәрсе ыңғайға келіп қалар еді. Ол үшін не істеу керек? Меніңше, облыс, аудан имамдары бұл істі қатты қолға алып, қос-қостап мал сойылмауына, дастарханның аста-төк болмай, сол қаралы күннің өлшемімен ғана жасалуына, шүберек, кілем, шапан мен көйлек дегендер таратылмай, оның орнына үй иелерінің өз қалауынша азды-көпті тиын-тебені мешіттерге түсуіне тиісті шаралар қолданулары керек.
Тумақ бар да, өлмек бар. Шынын айту керек, қазір бір қадірліміз көз жұма қалса, не тосыннан бір ауыр жағдайлар болса, сол жандарды қайғырып, жоқтаудан да, «қалай жөнелтеміз, жылқысы мен жабдығын не істейміз?» деген сары уайым басым түседі. Бұл қоғамда бел ала түскен астамшылықтардан барып туындап отыр. «Дұрыс жөнелтпесек, сөзге қаламыз» деп тайсақтайды көбі. Содан барып, көпе көрнеу жоғарыдағыдай жайларға ұрынамыз. Кейбір имамдар «шүберек таратпаңдар» десе, «бізден емес, келесі үйден бастаңдар» деп бет бақтырмаймыз. Сонда бұған көніп, көзге ұрып тұрған осы жөнсіздіктерді солай жібере береміз бе?!.
Меніңше, бұл іске ауыл әкімдері де белсене ат салысып, арнайы
комиссиялар құрылуы керек. Олар артық жөн-жоралғыларға тыйым салса, батыра айтып түсіндіріп, бірауыздан кесімді шешімдерін шығарса, бұдан қаралы үйдің жандары ешқайда асып кете алмайды деп ойлаймын. Қазір облыс орталығының батысына таман шоғырланған бір топ ауылдарда жұрт қызыға айтып қоятын бір жақсы дәстүр бар. Олар кісісі қайтқан үйге мал сойдырмай, салмақ түсірмей, жаназаға барған халықты үйді-үйге өздері бөліп әкетеді. Міне, осы үрдісті басқа жерлерде де ойластырса, артық болмас еді. Менің ортаға салғаным, көптің көкейінде жүрген ортақ мәселе екені даусыз. Ендеше, бұл пікірлерге өзге газет оқырмандары да өз ойларын білдіріп жатса, құба-құп. Осылай көптеп-көмектеп, қайткенде де бір ілгерілеушілікке келуіміз керек.

Іңкәр МҰҚАНБЕТЖАНОВА.
Қызылегіс ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар