Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Әке, балаңа алимент төле...» балаңа...» - АРҚА АЖАРЫ

«Әке, балаңа алимент төле…» балаңа…»

Алимент… Бұл бастапқыда белгілі бір салада қолданылған термин болғанымен, бүгінде жалпыхалықтық қолданысқа толығымен еніп кетті.  Тіпті, алимент төлеу жайы қазір қоғамдағы түйткілді мәселенің біріне айналғандай.

Дәм-тұзы жараспай, жолы қақ айырылып жатқан отбасылар саны күн санап артуда. Шаңырақтардың шайқалуы тек сол жұптарға ғана емес, онда өмірге келген жазықсыз балаларға да тиіп жатыр. Ажырасқан отбасыларда өскен ұрпақтың жалтақ келіп, өздерін қатарластарымен көп салыстыруға бейім болатынын, не тым ерке, қыз мінезді болып өсіп жатқанын бұған дейін де жазып, мамандар дабыл қағып айтып жүр. Бүгінгі мәселе – сол балалардың материалдық тұрғыдан қаншалықты қамтылып жатқандығы. Әрине, сол бірер мың теңге алимент бүгінгі нарық заманында баланың көйлегін көк, тамағын тоқ қылуға жетпес те.  Дегенмен, біз тілдескен аналардың сөзінен оның біраз жыртықты жамауға жарайтындығын аңғардық.
Жұбайымен келіспей қалып, ұрпағын жартылай жетім еткендердің  бәрі сол азын-аулақ ақшаны өз балаларына беруге құлықсыз. Нақты деректерді сөйлетер болсақ, бүгінгі таңда өңірде 10149 алимент өндіріп алу туралы атқару өндірісі бар. Осының ішіндегі өз еркімен төлейтіндері  екі мыңнан астамы ғана. Жартысының жалақысынан ұсталып қалады. Ал, кейбірі, нақтырақ айтар болсақ,  1603 борышкер өз қарыздарын өтеуге сыңай танытар емес.   Облыстық әділет департаменті өкілдерінің айтуынша,  оларға қатысты түрлі мәжбүрлеу шаралары қолданылуда.  Жыл басынан бері  Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 669-бабы бойынша жүзге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған бап борышкерді бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуды немесе оған он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.
Дегенмен, алимент ала алмай жүрген ата-ана  екінші тараптың атына шағым түсіріп, жауапкершіліктен жалтарып жүрген азаматты жазаға тартуды құқық қорғау органдарынан өзі талап етуге де  құқылы. Мұндай жағдайда ол  адамның бас бостандығы шектелуі мүмкін. Бұл тұрғыдағы құқықтық заңнаманың жыл сайын қатайып келе жатқандығын айтпай кетуге болмас. «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға сәйкес,  мойнында қарызы барлардың ел аумағынан тыс жерлерге шығуына тыйым салынған.  Аталған заңның 34 және 126-баптары борышкерлерді көлік жүргізу құқығынан да айыруды көздейді. Соңғы жылдары алимент өндірудің әлеуметтік маңыздылығы ескеріліп, ол мемлекеттік сот орындаушыларымен қатар, жеке сот орындаушыларына да беріліп жатыр. Бұл бір жағынан аталған санаттағы істер санының артып келе жатқандығын көрсетсе керек. Облыстық әділет департаментінің Көкшетау қаласындағы  №2 аумақтық бөлімінің басшысы, аға сот орындаушысы Еркін Қабышевтың айтуынша,  борышкерлердің балаларын асырауға қаржы бөле алмауына олардың жұмыссыздығы мен үй-жайының жоқтығы да әсер етеді екен.
Біз сөзге тартқан Айғаным Қуанған бұл пікірмен келісе қоймайды. Оның айтуынша, бұрынғы  күйеуі табысы жеткілікті екендігіне қарамастан, жауапкершіліктен жалтарып жүр. Ол екі бірдей  баласын асырауды жалғыз анасының мойнына жүктеп қойыпты.  Баға алмаса, өзіне алып қоятындығын айтып, қоқан-лоққы жасайтын көрінеді. Бір өкініштісі, бұл тек Айғанымның басындағы ғана жағдай емес. Мұндай жалғызбасты аналар бүгінгі қоғамда толып жатыр. Қос тараптың өзара ымыраға келе алмауы мен бітпейтін дау-жанжал да алимент төлемеуге алып келіп жатқан көп себептің бірі сияқты.
Әрине, бұл тұрғыда дұрыс өндіріп ала алмады, істі атқару жағы нашар болды деп сот орындаушыларын да қаралауға болар. Бірақ,  олардың әлгі баспанасыздарға үй әперіп, тұрақты жұмысы жоқтарды еңбекпен қамтуға құдіреті жетпейді ғой. Сондықтан да, жоғарыдағыдай әкелердің өз міндеттерін сезіне білгендіктері жөн болар. Әкелердің дейміз-ау, қазір борышкер қыз-келіншектердің де көбейіп келе жатқандығын айтады мамандар. Ең дұрысы, ешкімнің шаңырағы шайқалмасын, ешкім ешкімге берешек болмасын, – деп тілейік…

 

Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар