Облыс әкімі Сергей Кулагин өткен жексенбі күні Көкшетау қаласындағы орталық базарда болып, теңгені таргеттеуге байланысты күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының көтерілуіне жол берілмеуін бақылады.
Аймақ басшысы аралаған сауда нүктелерінің басым көпшілігінде айтарлықтай баға өсімі байқалмайды. Сұйық май, тұз, көкөніс бағасы тұрақты. Біраз жылдардан бері ет сатумен айналысып келе жатқан Гүлбике Әубәкірованың айтуынша, еттің құнын көтеру былай тұрсын, қазіргісіне өткеніне қуанатын күн болып тұр. Бүгінгі баға майлылығына, мүшеге жіктелуіне қарай мың теңгеден әрі. Сүйек-саяқ одан арзан тұрады.
Ал, қант бағасында жиырма теңгеге дейінгі өсім бар. Кеше Ақкөлден жұмыртқа алып келгендер бағаны он пайызға өсіріпті. Бірақ, көкшетаулық сатушылар өздерінде қордың барын айтып, ол өнімді қабылдамаған. Облыс әкімі бағаны осылайша негізсіз көтеріп, жеке бас пайдасын көздеген пысықайларды тауып, мәселенің ақ-қарасын ажыратуды тапсырды.
Нан бағасы да көтерілген жоқ. Кәмпит-печенье мен басқа да тәттілер де сол қалыпты ұстап тұр. Шұжық өнімдері мен күріш, тарыға да баға баяғыша. Ауылдың құрт-майы сатылар нүктеде болған аймақ басшысы басқа елден келетін өнім бағасының бірден өсуіне негіздің жоғын алға тартты. Мал азығы – жемшөп былтыр дайындалған. Үйдегі сиырды сауу үшін шетелден еш нәрсе алудың қажеті жоқ. Тиісінше, бағаны көтеру де қисынсыз болмақ. Өңір басшысы сауда жасауға келген тұрғындармен тілдесті. Олар да базардағы бағаның айтарлықтай шарықтағанын байқамағандықтарын айтады.
Орталық базардағы сауда-саттықтың жайын өз көзімен көрген облыс әкімі кеше өзінің орынбасарлары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, тауар өндірушілері және кәсіпкерлермен осы жолы байқалған кейбір олқылықтарды жою жөнінде жедел кеңес өткізді.
Облыс орталығындағы сауда нүктелерінде қант бағасы 20 теңгеге көтерілген. Бір-ақ күннің ішінде айды аспанға шығарардай дәнеңе де болған жоқ. Көтерме бағамен алушылардың дәл сол күні қоймадағы бар өнімі сарқыла қалғаны ма? Мұндай әрекетке жол бергендермен нақты жұмыс жүргізілуі керек.
Өңір басшысы бұдан кейін аймақта жүріп жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты да бірқатар мәселені ашып айтты. Елорда маңында су тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлерге қосымша қаражат бөлінбейді. Құрылыс материалдарының қымбаттағанын сылтау етіп, бюджеттен тағы қаражат бөлуді талап етіп отырғандардың есіне салар жайттар бар. Біріншіден, Оразақтағы үйлердің алды тамыз айында тапсырылуға тиіс болған. Межелі уақытынан кешіктіріліп жатса да, жергілікті әкімдік оларға түсіністік танытты. Енді келіп, қазынадан қаражат сұрар олардың жөні жоқ. Біз де өз мүддемізді қорғап, осыны сол серіктестіктерге дұрыс жеткізе білуге тиіспіз.
Жиында сөз алған облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Берік Мұстафин өңірде 93 күндік азық-түлік қорының жасалғанын айтты. Бұл – 24 миллиард теңгенің өнімі. Соңғы күндері қанттан басқа сүзбе, ірімшік, кеспе мен тауық етіне баға бірер теңгеге көтерілген. Ал, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, арнайы құрылған штаб бағаны бақылауда ұстап отыр. Әзірге жанар-жағармай мен өнеркәсіп өнімдерінің құны өспеуге тиіс. Дегенмен, кей сауда орындарында алкоголь мен тұрмыстық техника, автокөлік бағасының үстемеленгені бар. Аймақта 700 дәрі-дәрмек түріне баға жыл аяғына дейін сақталады. Ал, қалған 200-інің қоры он-он төрт күнде сарқылуы мүмкін. Содан кейін аздап өсімнің сезілуі ықтимал. Валюта айырбастау пункттері қалыпты жұмыс істеуде. Қазір алғашқы күндердегі абыр-сабыр сейілген.
– Иә, нарықтың аты нарық. Оны тізгіндеп тұру мүмкін емес. Бұл – бір орында тұрмайтын өмір ғой. Бағаның өзгеруі заңды. Дегенмен, осы жағдайды желеу етіп, мол табысқа кенелгісі келетіндер бар. Міне, солардың қолдан жасаған абыр-сабырының кесірінен халықтың әбігерге түсуіне жол бермеуге тиіспіз, – деді Сергей Кулагин. – Біздің қазіргі басты міндет – сүт, ет, нан мен жұмыртқа, басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының бағасын күрт өсіріп, жұрттың наразылығын тудырып алмау. Осыған жол бермеу үшін өңірде тұрақтандыру қоры құрылып отыр.
Перизат БӨЛЕКОВА