Өткен жексенбі күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған жерлестеріміздің өнеріне жанкүйер-лер риза болып тарқасты. Қызықты өткен ойынды тамашалауға әдет-тегідей облыс әкімі Сергей Кулагин де келді.
90 минут бойы екі жақтың да бір-біріне шабуылы толастамады. Алайда, алаң иелері оңтүстіктер қақпасына көбірек қауіп төндіріп, оның екеуі Дмитрий Сычевтің және команданың таңдаулы сұрмергені Лука Родковичтің дәл соққыларымен голға айналды.
Осы орайда, жерлестеріміздің қарсылас жақ бірінші болып есеп ашқанына қарамастан, ойынның өн бойы жеңіске деген жігер таныта білгендіктерін айта кету керек. Әсіресе, команда капитаны Ә.Бөлешевтің, сондай-ақ, Павел Шабалин, Руслан Сақалбаев сияқты ойыншылардың белсенділігін ерекше атап өтуге болады. Біріншілік кестесінде жетінші орында тұрған «Оқжетпес» келесі ойынын енді сырт алаңда 12 қыркүйекте «Таразбен» өткізеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.