Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті.
Министр Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау бағытында қандай бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқандығын кеңінен баяндады. Үкімет мүшесі өз сөзінде,
1 қыркүйек күні 7,5 мыңнан астам мектеп 2 миллион 600 мыңнан астам оқушыны қабылдайтынын алға тартты. Олардың ішінде мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бүлдіршіндер саны 336 мыңды құрап отыр. Сараптамалық көрсеткіштерге жүгінетін болсақ, жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар саны артып келеді. Осыған байланысты үш ауысымдағы және апатты мектептер проб-лемасын шешу мақсатында бірқатар ілкімді шаралар қолға алынған. Сәйкесінше, биыл 157 мектеп пайдалануға беріледі де, үш ауысымдағы мектептердің саны азаяды. Сонымен қатар, апатты мектептердің 66-сы ғана қалады. Министр 2017 жылдың соңына қарай осы түйткілді мәселені толықтай шешеміз деп сендіріп отыр. Әрі екі жүз елу мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, оқулықтар мәселесіне келетін болсақ, үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 12,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осылайша, барлық өңірлер қажетті оқу құралдарымен жүз пайыз қамтамасыз етілген.
Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіне өзгерістер енгізілуі ықтимал. Түлектердің тесті жазбаша түрде емес, онлайн режімде тапсыру жағдайы қарастырылуда. Бұл бастама мектептердің базасында сынақтан өткізілетін болады.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.