Мен Ыбырай Алтынсарин, Міржақып Дулатұлы сынды қазақтың маңдайына біткен көрнекті тұлғалары дүниеге келген Торғай жерінде туып, өстім. Ата-әжем де сол қасиетті топырақта өмірге келіп, отбасым тұрғылықты ұлтпен біте қайнасып кеткен еді. Анам маған қазақша ертегі оқып, қазақтың әндерін тамылжыта шырқайтын. Осылайша, мемлекеттік тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік менің бойымда бала кезден қалыптасып кетті.
Кішкентай кезімнен қазақ тілін үйренуге құлшынысым жоғары болды. Оған қоса, ертелі-кеш ойын қуып ойнайтын достарым да қара көзді ұл-қыздар еді. Адамды орта тәрбиелейді ғой. Соның әсерінен бе, тілді тез меңгеріп алдым. Тіпті, білім алған мектебім орыс тілді болса дағы, үзіліс уақытында жапа-тармағай қазақша шүйіркелесетінбіз. Ойымды екі тілде де еркін жеткізе алатын болдым. Мен үшін қазақ тілі – әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай, келбетті тілдердің бірі. Сол себепті, қазақ жерінде тұратын әр азамат мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Әрбір қазақстандықтың оны қолдау және дамыту бағытында барынша мүдделілік танытып, тіл жанашырлары қатарынан табылғаны дұрыс деп ойлаймын.
Кейін, ес білгелі қазақ әдебиетінің жауһарларын оқуды әдетке айналдырдым. Бұл тілді ғана емес, әдет-ғұрып, ырымдарды жетік білуіме өз септігін тигізді. Көрнекті жазушылар Ғабит Мүсірепов, Тахауи Ахтанов, Ілияс Есенберлиннің кітаптары қолымнан түскен емес. Әрине, осы ретте мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Лидия Қожмұхамбетованың орны ерекше. Әрдайым білмегенімді үйретіп, қамқорлық танытып, қасымнан табылушы еді. Ұстазымның көмегімен мектепішілік концерттерде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындағанда, тыңдағандарды бейжай қалдырмайтынмын. Орыс ұлтының өкілі болсам да, қазақ тілінде ән айтудан ешкімге дес бермеуші едім.
Бүгінде сүйіп қосылған жан жарым Бауыржан – қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бірі. Екеуіміз өмірдің ыстығы мен суығын бірге көріп, бір қыз, бір ұл тәрбиелеудеміз. Қазақшаға судай болғандықтан, қайын жұртыммен тіл табысу қиынға соқпады. Қазақтың келіні атану үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сол себепті, ұлттың салт-дәстүрлерін көздің қарашығындай сақтау басты міндетім деп білемін. Отбасындағы береке, бірлік келінге байланысты болатынын ешқашан естен шығарған емеспін.
«Отан отбасынан басталады» демекші, ынтымақ пен бірліктің негізі әр шаңырақтан басталуы тиіс. Балаларымның қазақ тілін және рухани құндылықтарды жетік меңгеруге деген талпынысын барынша қолдап отырамын. Анам да маған қолғабыс танытып, олардың бойында ұлттық мәдениетті қалыптастыруда өз үлесін қосып келеді. Өзім көп жылдар бойы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы «Атбасар электр жабдықтау дистанциясының» кадрлар бөлімінде қызмет етемін. Оған қоса, аталған мекемедегі іс-қағаздарды қазақ тіліне аударамын. Мұның бәрі мемлекеттік тілді білуімнің арқасы.
Елбасымыздың «Әлемде бір ғана қауым бар, ол – адамзат қауымдастығы, бір ғана жаратушы бар, ол – Алла Тағала. Бір ғана тіл бар, ол – жүрек тілі. Ендеше барша адамзаттың тілегі бір», – деген адасқанға жол сілтер, қамыққанға жөн сілтер ұлағатты үндеуі жадымызда сақталуы тиіс. Бір шаңырақ астында татулықты әспеттеп, ұлт бірлігін баянды етуде күш-жігерімізді аямауымыз керек. Бүкіл дүние жүзі біздің татулығымызға қызыға қарайды, тіпті, достығымыздан үлгі алады. Жастарымызға келісім, достық сияқты ұғымдардың мән-маңызын түсіндіріп, олардың өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет сезімін қалыптастыру маңызды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатының арқасында еліміздің әлем сахнасында өркениетті, дәулетті елге айналатынына сенімім мол. Ендеше басшыға қосшы болып, ел бірлігі Сіз бен біздің қолымызда екенін ұмытпайық.
Виктория АЯПБЕРГЕНОВА.
Атбасар ауданы.