Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, олардың тездетіліп іске қосылуы үшін жаңа шаралар қарастырды. Алдымен, өңір басшысы «AqroInterTech» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын шет елдік ауыл шаруашылығы техникаларын, қондырғылар мен қосалқы бөлшектер сатумен айналысады. Кепілдендірілген толық сервистік қызмет көрсетеді. Өткен жылы 147 миллион теңгенің өнімін сатыпты. Қазір мұнда 32 адам еңбек етеді.
Одан әрі облыс басшысы жаңа мешіт маңайының абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Нысанды осы айда пайдалануға беру көзделген. Мұнда облыс әкімі атқарылған жұмыстарға баға беріп, кейбір мәселелерге жіті назар аудару қажеттілігін ескертті.
Өңір басшысы «Бижан» ет өңдейтін за-
уытында да болды. Кәсіпорын құрылысының бірінші кезеңі 2012 жылы жүзеге асырылып, ет өнімдері өңделе бастаған. Өткен жылы құрылыстың екінші кезеңі қолға алыныпты. Бүгінгі таңда шикізат, шұжық және консерві цехтары салынуда. Жақын арада соңғы екі цехты пайдалануға беру жоспарланған. Мұнда халал өнімдер өндірілетінін атап өткен жөн. Зауыт мемлекеттік қолдауға ие болып, «КазАгроФинанс» акционерлік қоғамының бюджеттік бағдарламасы арқылы ауысымына 70 бас ірі қара мал соя-тын өндірістік желі сатып алған көрінеді.
«Ақмола бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәнді және майлы дақылдарды сақтап, өңдеумен айналысады. Мұнда облыс басшысы құрылысы аяқталуға жақындаған диірмен кешеніне назар аударды. Кешен Ресейде жасалған инновациялық қондырғылармен жабдықталған. Сондай-ақ, мұнда бір мезгілде бидай мен майлы дақылдар қабылдай алатын қабылдау-өңдеу желісі бар. Элеватордың сыйымдылығы 30 мың тоннаны құрайды. Диірмен тәулігіне 200 тонна ұн тартады. Жобалық қуаты жылына 57 мың тонна. Майлы дақылдарды өңдеу және облыста құс шаруашылығын дамыту үшін құрама жем қондырғылары сатып алынып, орнатылыпты. Кәсіпорын күзде бидай қабылдай бастайды. Диірмен кешені іске қосылғанда жаңадан 100 жұмыс орны ашылмақшы. Қазір құрылыста 70 адам еңбек етуде. Жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрап отыр.
Облыс әкімі облыс орталығының абаттандырылуына және көгалдандырылуына да баса назар аударып, барлық көшелерге осы кезден бастап ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.