Мемлекет басшысының ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-несиелік және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, екі ел лидерлері халықаралық күн тәртібіндегі негізгі жайттар бойынша ұстанымдарды қарастырды.
Мемлекет басшысы жылы қабылдауы үшін ҚХР төрағасына алғыс айтты және елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас 20 жылдан астам уақыт бойы ұдайы өсу жолында дамып келе жатқанын айтты.
– Бұған Сіздің биылғы мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапарыңыз барысында қол жеткен уағдаластықтар септігін тигізіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті сондай-ақ, қытай халқын жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңістің 70 жылдығымен және Бейжіңнің 2020 жылғы қысқы Олимпиа-даны өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.
Бейжің жазғы және қысқы Олимпиада ойындары өткен әлемдегі бірден бір қала болады, – деді Мемлекет басшысы.
Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Қытайдың арасындағы стратегиялық серіктестік үздіксіз нығайып келе жатқанын атап өтті.
Біз бүгін Қазақстан Президентімен бірге жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі туралы бірлескен декларацияға қол қоямыз. Бұл құжат біздің көпжылдық жемісті іс-қимылымыздың қорытындысы болады және болашақтағы ынтымақтастық бағдарламасына айналады, – деді Си Цзиньпин.
Келіссөздер барысында қытай жағы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін қош көретіндіктерін айтты және бұл оқиғаның екіжақты қатынастарды арттыру үшін маңызды екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ, «жасыл технологияларды» дамыту саласындағы ынтымақтастықты Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің әлеуеті ауқымында дамытуға уағдаласты.
Елбасы сондай-ақ, мемлекеттік сапары аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен, Цзянсу провинциясы халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы – партия комитетінің хатшысы Лоу Чжицзюнмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжан Дэцзянмен кездесті.
ҚХР-дың іскер және қаржылық топтар өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Брифинг барысында Елбасы ҚХР-ға мемлекеттік сапардың маңызы жоғары екенін атап өтті