Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт білімі мен руханиятының екеуінде де үлесі бар - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт білімі мен руханиятының екеуінде де үлесі бар

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінде жазушы мүсіні ашылды

Иә, жүрегі «ұлтым» деп соққан талай жанның көңілін асқақтатқан сонау бір қуанышты күн біздің де есімізде. Онда да кеудемізді шаттық кернеп, сол ортадан табылудың сәті түскен. Солақай саясаттың салдарынан кезінде жабылып тынған бұл оқу орнының қайта ашылуына сол тұста белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы
Жанайдар Мусин ағамыз жетекшілік еткен облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің ұжымы мен бір топ мәдениет, әдебиет және білім қайраткерлерінің өлшеусіз үлес қосқандығын еш ұмытуға болмайды.
Содан бері ширек ғасыр уақыт өтіпті. Кедір-бұдырлығын да ескерсек, оңай соқпаған жылдар. Алайда, сол алғашқы оқу жылының өзінде табандылық танытып, өз жұмысын жоспардағы 75 оқушының орнына 150 оқушымен бастаған колледж биыл бірінші курсқа 300 бала қабылдап отыр. Өткен жылдарда ұлттық мектептеріміз бен бала бақшаларымыз үшін мыңдаған бастауыш сынып, музыка, ағылшын пәндері оқытушылары мен тәрбиеші мамандарды даярлап шығарған оқу орны қазір еліміздің теріскейінде ғана емес, бүкіл республикамыздағы осы бағыттағы алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірінен саналуы тегін емес.
Осының сырына бойлағанда, мұндай жетістіктің өзі бір есептен басшы кадрлардың тұрақтылығынан-ау деп те ойлайсың. Біздіңше, шыны сол.  Бір жақсысы, қазіргі бей-берекет ауыс-түйіс бұл колледжді айналып өтуде. Осы жылдар ішінде бір ғана директор ауысқан. Оқу орнының бастау тарихында есімі өңірімізге белгілі зияткер тұлға Мұрат қажы Ыдырысов тұрса, одан бері колледжге ұзақ жылдар бойы өз ісінің білгірі, талантты әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат жетекшілік етуде. Осы ұстаздардың алғашқысы еліміз үшін тарихи сын болған өтпелі кезеңде жаңадан ашылған білім ордасының қалыптасуына көп еңбек сіңірсе, екіншісі оның одан әрі дамып, нығаюына бар күш-жігері мен білімін сарқа жұмсаумен келеді.
Соның бәрі зая кетпеуі колледждің бүгінгі бағындырған биік белестерінен де айқын аңғарылуда. Оқу орнының өзі облыс орталығының бір шетінде орналасып, оған қатынауда белгілі бір қиындықтар да бар болғанымен, халық арасында абырой-беделінің жоғарылығынан, осында оқуға тілек білдірушілер қатары жылдан-жылға артып отыр. Әрі олардың көбі біздің қазақтың қазақтығын сақтап тұрған,  жағдайы бапты  дей алмайтын өз ауылдарымыздан. Ана тілімізде білім беретін осы сүйенерлері болмаса, қазақ мектептері мен сыныптарында ұстаздық мамандықты қалаған қара домалақтарымыз қайда барып оқыр еді?!. Тіліміз әлі тегеуірін таныта алмай, таныта алмауы былай тұрсын, кейде қайтадан шатқаяқтап бара жатқандай көрінетін мына алмағайып заманда осыған да тәубе дейсің. Бүгінгі таңда колледж қабырғасында 1200 оқушы білім алып жатса, олардың 87 пайызы ауыл балалары. Сол біз айтқан алтын бесік – ауылдарымыздың білім мен ілімге құштар алтын асықтай ұл-қыздары. Бұдан шығатын қорытынды, өңірімізде ана тілімізде білім беретін бұл жалғыз орта арнаулы оқу орны жаз шықса, талай баланың арман-аңсары осылай қарай алып-ұшатын өзіндік бір  ұлт ұстыны, ұлт дәнекері.
Осы арада, тағы да колледждің 25 жылдық мерейтойына қарай ойыссақ, ол да ауыз толтырып айтарлықтай игі істермен ерекшеленуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында білім ордасына көптен күткен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Материалдық-техникалық жағдайы да жақсара түсуде. Икемді басшы кейде жоқтың өзінен бар жасайды. Соңғы кезде мемлекетіміз бәрін де ескеріп, сала атаулыға қаржыны алғаусыз бөліп жатқандықтан, бұл ретте, ауызды қу шөппен сүрткендігіміз әбестік, әріден алсақ, әділетсіздік болар еді. Бірақ, кейде сол қаржыны да тақа тілемейтін жұмыстар бар. Айталық, ол – әр мекеменің ішкі мәдениеті, сырт келбетінің көзайым көркі, қапысыз жинақылығы. Бұл жағынан, қазақ педколледжін көбіне-көп қазаққа қия бермейтін, кейде осыған өзіміз де іштарлық жасап қалатын ұлттық рең мен мәдениеттіліктің эталоны дерсің. Асыра айтып отырғанымыз жоқ. Өзіңіз барып, көруіңізге де болады. Тұғырын тастан текшелеп қойған қырағы қыран кескінінің өзінде мұраты биік ел ертеңімен үндестік бардай.
Бұған әсіресе, биылғы мерейтойлар жылы бірінен-бірі асқан мазмұнды шараларды қосыңыз. Бұл орайда, оқушыларға берілетін білім сапасы, ұлттық тәлім-тәрбие мәселелері де педагогикалық ұжым қаперінен еш шығып көрген емес. Қайта таным мен талғам тұрғысынан бәрі ұштастырыла жүргізілуде. Жоғарыда колледждің сырт келбетін айтсақ, оқу ғимаратының ішкі безендірілуі,  көрнекі нышан, белгілеріне де бір марқайып қаласың. Табалдырығынан ибалылығымен қарсы алатын ұлттық оқу орнының осы дидарлы кейпіне ризашылықтан басқа айтарың жоқ. Осы жолы көзіміз анық жеткендей, бұл тұрғыда белгілі суретші-дизайнер Қайрат Сауханов пен ұжым арасындағы тығыз іскерлік байланыс та  биылғыдай мерекелі жылы өз жемісін молынан бергенге ұқсайды.  
 Енді тоқетер сөздің бір түйіні мынада. Алдағы бірер аптада колледж ширек ғасырлық мерейтойына орай, бір шеті Англия, Ресей, өз елімізден танымал қонақтардың  үлкен бір тобын қарсы алмақшы. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізілетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға тек ғылым докторларынан ғана 15 адам қатысады деп күтілуі тегін болмаса керек. Жоғары оқу орны болса, сөз басқа.  Орта арнаулы оқу орны үшін бұл әрине, кез-келген білім ордасының маңдайына жазыла бермейтін үлкен шара.  
Ал, әзір біз сол ұлт мерейі үшін абыройлы һәм қуанышты оқиғаның беташары – Білім күніндегі салтанатты тамашалаудамыз. Колледж ұжымы үшін ерекше жыл болып тұрған соң ба, оған жиналған жұртшылық қарасы да өте көп көрінді. Жаңа оқу жылының бастау өзегіндегі бұл шараға қала тұрғындарымен бірге, ауыл-ауылдан да ата-аналар аз келмегенге ұқсайды. Міне, алдымен алаңда оқу орнының аты мәшһүр «Айбын» әскери-патриоттық клубының мүшелері, оқушылар мен ұстаздар қауымы сап түзеп, бастапқы әскери даярлық пәнінің оқытушысы, запастағы полковник Есентай Жылқыбаевтың рапорты берілді. Іле колледж туы да көрнекі жерден орын алды. Асқан бір шабытпен еліміздің Әнұраны, одан кейін ұландар хорының орындауында білім ордасының өз әнұраны шырқалды. Ара-арасында колледжде білім мен өнердің егіз өріліп келе жатқанын  паш еткендей, «Өркен» триосы, басқа да талапты жастар ән шырқап, көпшілік көңілін көтере түскен салтанатты жиынды оқу орнының директоры Нұртас Ахат әсерлі де мазмұнды кіріспе сөзімен әрлеп, күні ертең ұлт жолын ұстанып, ел намысын ту ететін саналы ұрпақ тәрбиелеу қамы, осы бағытта қолға алынып жатқан игі істер легі жайлы баяндаса, келесі сөз кезегін алған бұрынғы Көкшетау облыстық білім басқармасының басшысы, ардагер ұстаз Тельман Мұқышев кешегі тәуелсіздігіміздің алдындағы буырқанысты жылдарда колледж негізінің қалай қаланғаны, оған қарсылық көрсеткендердің де болғаны, сондай кезде өзінің ұстанған оң көзқарасы жайлы  тәлімді ой өрбітті. Ал, белгілі қоғам қайраткері, жазушы Ғосман Төлеғұл бүгінгі жас ұрпақты  білімнің қия жолында нендей қасиеттердің керектігімен  қамшылай түссе, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тілек Сәбитова жаңа оқу жылының кейбір ерекшеліктеріне тоқталды.   
Үкімет қаулысымен бұл білім ордасына осы оқу орнының қайта дүниеге келуіне бар жан-тәнімен белсене ат салысқан Жанайдар ағамыздың есімі 1996 жылы берілген болатын. Осы жылдар ішінде небір озық бастамаларымен  танылған  колледж ұжымы белгілі тұлғаның өнегелі өмір және еңбек жолын естен шығармауды өз шежіре-тарихының ажырамас бір бөлігі ретінде қарастырудан танбауда. Мұның өзі өте құптарлық! Өзіміз де алдын көрген қайран, Жанайдар аға! Ұлт дегенде өзегіңіз үздігіп тұрушы еді-ау. Бұл күнде ел есінде барыңыз да, біз білген биікте қала берген арлы атыңыз да содан ғой. Колледжде жыл сайын жазушы өмірге келген ақпан айында
«Жанайдар оқулары» өтіп тұрады. Біртуар тұлға атында шығыс жекпе-жегінен арнайы турнир де бар. Жалпы, алдағы күнге, баянды болашаққа деген ұжым ұмтылысы осылай әркез өскелең заман талаптарымен үндес келіп жатады. Мәселен, қазір колледжде ана сүтімен дарып, ұрпақ түйсігімен өрбитін ұлттық тәлім-тәрбиенің қадір-қасиетін арттыру үшін қолға алынған «Томирис» қыздар клубының тұғырнамасы жасалуы да осы сөзіміздің  тағы бір айқын  айғағы болса керек.
Осы жолы колледжде өткен Білім күнінің басты ғибраты деп оқу орнының екінші қабатында ашылған Жанайдар ағаның ескерткіш мүсінін айтар едік. Бұл тағылымды  шара да салтанатты жағдайда өтіп, өз тілеулестерін көптеп жинады. Мүсінді ашу құрметіне жазушының сүйікті жары Райхан Мусина апайымыз және Жанайдар ағамен  көп жылдар бір редакцияда қоян-қолтық бірге қызмет істеген белгілі қаламгер Төлеген Қажыбай ағамыз ие болды. Дәл осы сәтте мүсінге қарай таяған  жазушының қызы Ләззаттың жанарында қуаныш пен мұң аралас екен. Әкеге сағыныш құдіреті, сен қашанда солайсың ғой. Жазушының келісті мүсінінен біз де өзімізше сыр аулап, көз алар емеспіз. Мерейтойға әбден орынды, лайықты тарту-кәде. Жақсының аты өшпейтіндігі, ізінің көнермейтіндігі осы болса керек. Қазақ жырының наркескені Ғафу аға, Ғафу Қайырбеков:
Ер еді үзілетін тепсе темір,
Кең еді Арқа кеуде, Көкше көңіл.
Жанындай сүюші еді өз өлкесін,
Дос еткен ер серісін, қыз еркесін.
Япыр-ау,  қайран сабаз, қайда кеттің,
Мен түгіл, жер жоқтайды,  тартады ішін, –
деп тебіренген аға орны ортамызда ойсырап қалғалы неше жыл… Сол өкінішті бүгін аздап сейілткендей болып тұр-ау, мына таныс та қымбат бейне. Айтпақшы, ана бір кезде Көкшеге бір келгенінде осы колледждің «Қараторғай» ансамблінің тұсауын да Ғафекеңнің өзі кесіп еді-ау. Жақынды алыс еткен желмая жылдарға енді не дерсің.
Ендігі арада колледж фойесіндегі көрнекті тұлғаның жүзіне жылылық ұялаған жарқын дидары оқу-білімге талпынған жастарымызды тек қана жақсылыққа, жарасымды істерге бас-тай түсеріне шүбә жоқ. Елбасымыз ұсынып, халқымыз қызу қолдаған Мәңгілік ел идеясының өміршеңдігі үшін көп жұмыстар атқарылып жатқан осынау озық оқу орны келешекте де ұлт білімі мен руханиятына өз үлесін аянбай қоса беретіндігі тағы анық.  

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар