Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қашан дәрігерлер жеткілікті деп айтар екенбіз?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қашан дәрігерлер жеткілікті деп айтар екенбіз?!.

Медицина саласында маман тапшылығы бұрыннан бері бар ауқымды проблема. Дегенмен, елімізде бірнеше жоғары оқу орындары бола тұра, ауруханалар мен емханалардың дәрігерлермен қамтылуы әлі сын көтермейді. Соған қарамастан, емдеу орындары түрлі сырқаттардың алдын алуға барынша күш салуда. Есіл аудандық ауруханасында болғанымызда осыған тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

Аталған салада қырық жылға жуық еңбек өтілі бар аудандық аурухананың бас дәрігері Қабдырашит Әлмағамбетовтың сөзіне қарағанда, емдеу мекемесіне неонатолог, терапевт сынды жалпы тәжірибедегі дәрігерлер қажет. Әсіресе, ауылдық жерлердегі медициналық пункттерде маман тапшылығы салдарынан зейнетке шыққан дәрігерлерді жұмысқа тартуға тура келеді екен. Бас дәрігер дипломды жастардың ауылға келгілері келмейтіндігінің себебі еңбекақының аздығында деп ойлайды.
Жеті-сегіз жыл бойы қалада оқу оқып, үздік медициналық орталықтарда тәжірибеден өткен жас дәрігерлерге ауылдың беретін жетпіс мың теңге айлығы аз болып көрінуі мүмкін. Алайда, осыны ескерген аудан басшылығы облыстық әкімдік және облыстық денсаулық сақтау басқармасымен үшжақты келісімге отырып, ауылға келген медицина мамандарына 250 мың теңге көлемінде әлеуметтік көтермеақы төлейді, қажет болса, баспанамен де қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, жастар да мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды түсініп, ауылдық жерде кемінде үш жыл еңбек етуі қажет. Айта кетейік, мұнда жұмысқа келген мамандар жарты жыл ішінде пәтер алады. Өйткені, бұл мәселе аудан әкімінің ұдайы назарында.
Осы орайда, аудандық ауруханаға екі ай бұрын қызметке орналасқан Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі Светлана Андриановамен әңгімелескенімізде, ол да жуық арада жайлы баспанасы болатынына үміттеніп отырғанын айтты. Жас болса да, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын кейіпкеріміз жайлы әріптестері  жақсы пікірде. Жас маман жоғары оқу орнында  жалпы тәжірибедегі дәрігер мамандығын меңгеріп, кейін айнаға түсірудің де қыр-сырын үйреніп алған. Қазіргі таңда ол ауруханада жатқан сырқаттарды емдеумен қатар, айнаға түсіру арқылы сүйек  сынығы, өкпе ауруларын анықтайды.  Светлананы қоса алғанда, қазіргі таңда мекемеде барлығы қырық жеті дәрігер адам өмірін түрлі ауру-сырқаудан арашалап қалу жолында күн демей, түн демей аянбай еңбек етіп жүр. Солардың бірі  тәжірибелі дәрігер, әріптестері арасында сыйлы әрі өз саласының білгірі ретінде танылған Светлана Мұртазинаны сөзге тартқан едік.
–Кітаптан оқыған мен тәжірибеде көрген-түйген бір бөлек. Әсіресе, мәселе адам тағдырына қатысты болғандықтан, оқу орнын енді ғана бітіріп келген жастар алдыңғы аға буын өкілдерінен көп нәрсені үйренулері керек. Үлкендердің ізін жастар жалғастырып, солардан үлгі-өнеге алып, тәжірибе жинақтаса жақсы ғой. Осы орайда, білгенімізді кейін келген әріптестерімізге үйретуге қашанда дайынбыз, – дейді терапевтік бөлімнің меңгеушісі ақ көңілмен ақтарыла сөйлеп.
Соңғы кездері басқа сырқаттарға қарағанда, жүрек қан тамырлары ауруымен ауыратындар ауруханаға жиі келіп түсіп жатқан көрінеді. Мұның себебі, ауданда зейнет жасындағы тұрғындардың саны басым. Есесіне, туберкулезге шалдыққандар саны азайған. Босанған аналардың өлімі тіркелмеген. Ал, жыл басынан бері екі нәрестенің туа біткен ауытқушылық және уақытынан бұрын тууы салдарынан шетінеп кеткенін бас дәрігердің бізге берген мәліметтерінен білдік. Жүкті әйелдің немесе құрсағындағы сәбиінің денсаулығында қандай да бір кінәрат бар болған жағдайда, олар облыс орталығына немесе Астана қаласындағы Ана мен бала орталығына жіберіледі. Өйткені, жүктілігі мен босануы ауыр өтетін ондай нәзік жандыларға ерекше күтім, сапалы, заманауи медициналық көмек қажет. Өкінішке орай, сырқатына қарамастан, жүкті әйелдердің барлығын өздерінде босандырып алуға ауылдық жерлердегі ауруханалардың көпшілігі қауқарсыз. Бұл дәрігерлердің біліксіздігінен емес, заманауи медициналық құрылғылардың жеткіліксіздігінен екені анық.
Медицина саласына мемлекет тарапынан зор қолдау-көмек  көрсетіліп жатқанда, аудандық ауруханалардың да озық емдеу мекемесіне айналатын кезі алыс емес деп ойлаймыз. Мұның барлығы да уақыт еншісінде. Біз болып қайтқан аудандық аурухана жыл сайын жас мамандармен толығып, материалдық-техникалық базасы да нығайып, тұрғындардың дәрігерлерге деген құрметі арта беретініне сенімдіміз.  

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар