Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біреу тоңып, біреу тойып секіреді - АРҚА АЖАРЫ

Біреу тоңып, біреу тойып секіреді

немесе еңбекақы төлеудегі жөнсіздіктер

Бұл дүниедегі барлық игіліктер адамның ақыл-ойы, күш-жігері мен ерен еңбегі арқылы жасалады. Тіпті, миллионер, миллиардер атанып жүргендердің өзі мұны мойындайды. Олар құрған ірі-ірі компанияларда сол жетістіктерді жасаушылардың, зәулім ғимараттарда қарапайым құрылысшылардың қолтаңбалары бар. Ақпараттық технология дамып кетті дегеннің өзінде жұмыс күшіне деген қажеттілік артпаса, төмендеген жоқ.

Бар мәселе, сол теңдессіз ресурс – адамның, оның еңбегінің бүгінгі күні тиісті деңгейде бағалана алмай отырғандығында болса керек. Таңның атысы, күннің батысы бала-шағасын асыраймын деп жұмысқа асыққан еңбекқор жандар маңдай тер, табан ақыларын неге ала алмай, біреуге жалынышты болып жүр?.. Нарықтық экономикаға көшу – барша қоғам мүшелерінің өзін-өзі жан-жақты жетілдірілуіне және жеке сектор субъектілерінің көптеп ашылуына мүмкіндік туғызды.  Елімізде экономиканың күретамыры саналатын бизнестің кең қанат жаюына тосқауыл болар кедергілерді жою мақсатында тексерістер де қысқартылып жатыр. Әйткенмен, осының бәрін шексіз еркіндік деп сезінген қайбір кәсіпкерлер сараңдыққа салынып барады. Оған ұжымдардағы еңбек дауларының көбейіп кетуі дәлел. Әсіресе, әр нәрсені сылтау етіп, ақы төлемеуге әуестердің саны артып келеді.
Жалақыны «кейін беремінге» салушылар – ұжымдағы алауыздықты өршітетін негізгі тұлғалар. Жұмысшылардың ашу-ызасын туғызып, жанжалға жол ашатын да – солар. Еңбек дауларының біз білетін жеке және ұжымдық, талап қоятын және талап қоймайтын түрлері бар. Оның қай-қайсысы болмасын, тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Азаматтық қоғам қағидаттарына сай, еңбек дауы жөніндегі келістіру комиссиясының шешімін қайта қарау өкілеттігі сотқа берілмеген. Оны шешу тәртібі мен әдістерін реттеудің құқықтық негіздері Қазақстан Республикасының  «Ұжымдық еңбек даулары және ереуілдер туралы» Заңында белгіленген.
Еңбек жағдайларымен еңбекке ақы төлеуді белгілеу және өзгерту, ұжымдық шарттар мен өзге де келісімдерді жасасу, оларға өзгерістер енгізу және орындау мәселелері жөніндегі талаптар осы ұжым мүшелерінің жалпы жиналысында қаралады және көпшілік дауыспен қабылданып, бекітіледі. Жазбаша түрде баяндалып, жұмыс берушіге жіберіледі. «Қазақстан Республикасындағы еңбек
туралы» Заң да қараша халықтың мүддесін қорғауға бағытталған.
Баршаға ортақ заң бар десек те, оған бәрі бағына бермейді. Мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Өз өңірімізде де жетерлік. Жуырда Астрахан аудандық прокуратурасы  «Острогорский» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жалақы бойынша жеті миллон теңге берешегінің барын анықтады. Нәтижесінде шаруашылыққа оны қысқа мерзімде өтеп, заң бұзушылықты жою жөнінде нұсқау жіберілді. Бірақ, бұл талап толық орындалған жоқ. Прокурорлар сот орындаушылары арқылы есеп айырысу операцияларымен мәжбүрлеп орындату шарасын қолданды. Тек осыдан кейін ғана серіктестік қарыздан құтылу үшін ірі қара малын ішінара сата бастайды. Бірақ, бұл сатылымнан түскен қаражат та жалақы төлеуге жұмсалмаған. Осылайша, прокурорлық ықпал ету шараларын шыбын шаққандай көрмеген құрылтайшылар мен лауазымды тұлғаларға қатысты  Қылмыстық кодекстің 152-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Астрахан ауданы бойынша еңбек инспекторының айтуынша, қазіргі таңда аталған шаруашылық субъектісі жұмысшыларына 23775000 теңге қарыз.
Қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғау – өндірісті қала Степногорск прокуратурасының да алдында тұрған басты міндеттің бірі. Құзырлы орган тексерістерінің нәтижесінде қабылданған шаралар   жауапкершілігі шектеулі «Ақ Су Стиль», «Қазэлектромонтаж», «Степногорск – Тазалық» серіктестіктерінің 232 жұмысшысының пайдасына 19,9  миллион теңге көлеміндегі еңбекақыны өндіріп алуға мүмкіндік берді. Сонда мекемелер қызметкерлеріне прокуратура тексерісі жүргенше айлық төлемей жүре бермек пе? Басшылардың еңбек адамдарында да өздеріндегідей ауыздың барын, олардың да ас-су ішуі керектігін, киім-кешек киетінін естен жиі шығарып алатындығына таң қаласың.
Анықтағанымыздай, жұмысын бітіртіп алып, адамдардың еңбегіне ақы төлеуден қашқақтайтындардың көбі құрылыс саласындағылар мен жеке шаруашылықтар, басқа да уақытша, мерзімдік  жұмыс көздері болып  табылады. Нысанды салып, мемлекеттен бөлінген қаражатты қалтаға басып сытыла жөнелетіндер солардың қатарында. Мыңдаған жұмысшыны ұстап, қымбат металымыз бен қара алтынымызды шетел асырып жатқан атағы дардай зауыттардың да ішінде ақы төлеуге сараңдары көп.
Ауылдағы аңғал халықты жемшөппен алдап, онсыз да шамалы тиын-тебеннің өзін жылдап бермей жүретіндердің үстінен «Бұдан да айырылып қалармын!» деген үрейден шағым түсіруге қорқақтайтындар қаншама? Енді қайтсін? Басқа жұмыс жоқ. Бүгінгі ауылдың күні сол серіктестіктерге қараған. Оның басшылары сол елге өздері би, өздері қожа.
– Өзім Еңбекшілдер ауданының тумасымын. Елде жұмыс болмағасын, Астанаға құрылысқа бардым. Басында бір-екі ай жалақымызды кешіктірмей беріп тұрды. Кейін жырымдап бес-он мыңнан аударатынды шығарды. Есептей келгенде, айына 20-30 мың ғана шығады. Елордада ол ештеңеге де жетпейтіні түсінікті.  Басшылардың «Ақша аудармай жатыр, шотқа түскен жоқ» дегеніне сеніп, күттік. Қайыр болмады. Сосын әлгі компанияны сотқа бердік. Прокуратураға да бардық. Қолымызда сот шешімі де бар. Бірақ, еңбекақымызды әлі ала алған жоқпыз, – дейді Асқар Нысанбай.
Иә, бұл жалғыз Асқардың ғана басындағы жағдай, тек соның ғана бас ауруы емес. Барша қоғамның өзекті проблемасы. Айлап соттасқаннан ол шешім орындала қойса жақсы. Үшінші бір тараптың араласуымен қозғалмастан жабылып қалып жатқан қылмыстық істер аз ба? Еңбек инспекциясы жөніндегі облыстық басқарманың бас маманы Сұңғат Мұратов келтірген деректер де көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері 299 мекемеде тексеріс жүргізілген. Еңбек дауларының басым көпшілігі  жалақыны уақытылы төлемеуге байланысты болып отыр. Демек, азаматтардың  конституциялық құқықтарын оп-оңай аяққа таптайтындарға қолданылар шараны күшейту керек.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар