Жаңа оқу жылы қарсаңында Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешіті және «Зекет» қорының ұйымдастыруымен «Мектепке жол – 2015» акциясы өтті.
Акция аясында көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларында тәрбиеленіп жатқан 211 балаға 800 мың теңгенің оқу құралдарымен көмек көрсетілді.
Шара барысында алдымен құран оқылып, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин ғибратты уағыз айтты. Ол таяу күндері Алланың үйі – жаңа мешіттің ашылатынынан хабардар етіп, мектеп оқушыларын жаңа оқу жылымен құттықтаса, Жүнісбек қажы бата-тілегін жеткізді.
Одан әрі бас имам мен Ақмола облыстық «Зекет» қорының басшысы Ерболат Шарипов арнайы жасалған тізім бойынша мешітке келген оқушыларға оқу құралдары салынған мектеп сөмкелерін тарту етті.
Мешітте жасалған осындай қайырымдылық акциясының арқасында оқушылар мектепке қуанып баратын болды. Балаларының шаттанғанын көрген ата-аналар да осы сауапты істі ұйымдастырушыларға шексіз ризашылықтарын білдірді.
Иә, бала – адамның бауыр еті. Ендеше, олардың таршылық көрмеуіне көмек қолын созатын жомарт жандардың қатары көбейе түссе, нұр үстіне нұр. Жүрегімізді мейірім шуағына бөлейтін осындай ізгі амалдарымыз жалғаса берсін.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ