Білім күні қарсаңында қала әкімі Әнуар Күмпекеев пен қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Владимир Козейчук «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында бірінші сыныпқа баратын бір топ жеткіншекке сабаққа қажетті оқу құралдары бар сөмкелер табыс етті.
Қала әкімі алдымен, жиналғандарды Білім күнімен құттықтап, балалар мен олардың ата-аналарына жарқын болашақ тіледі. – Жас ұрпақ – еліміздің ертеңі болып саналады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жас буынға қамқор болуды ұдайы айтумен келеді. Бүгінгі шараны сол ықыластың бір белгісі деп біліңіздер, – деді бұл ретте қала әкімі.
Қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Владимир Козейчук халық қалаулылары атынан шәкірттерге сыйлықтар үлестірді. Бұл шара тек сый-сияпат таратумен шектелген жоқ. Балалар шығармашылық үйінің оқушылары қонақтарды өз өнерлерімен тәнті етті. Қалада бұл акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасатын болады.
Полатбек ЖАНБАЕВ.
Степногорск қаласы.