Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс сапарымен Ақмола облысында болып, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдерімен егін орағын қысқа мерзімде ұйымшылдықпен өткізуге және агроөнеркәсіп саласын ойдағыдай дамытуға арналған аграрлық кеңес өткізді.
Онда ауыл еңбеккерлері алдында тұрған бүгінгі таңдағы және таяу келешектегі міндеттер талқыланды. Елбасының облысымызға сапарында Президент Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулин, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бірге болды.
Облысымыздың қалалары мен аудандарының әкімдері, шаруашылықтар мен өңдеуші кәсіпорындардың басшылары қатысқан бұл агрокеңес Зеренді ауданының «Викторовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабында өтті. Кеңестің өтуі үшін арнайы орын жабдықталып, барлық тиісті шаралар қарастырылды. Жылда дәл осы кезде ақмолалықтар ортасынан табылатын Мемлекет басшысын жиналғандар орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Бұл солтүстік өңір аграршыларының елімізде ауыл шаруашылығының дамуы үшін көп көмек-қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасына деген зор сүйіспеншілігі мен құрметі еді.
– Жылдағы дәстүр бойынша биыл тағы да Ақмола өңіріне, сіздермен кездесіп, кезек күттірмес міндеттерді айқындап алуға келдім. Бүгін жаңбыр жауып өтті. Бірақ, ауа райы жақсарады деген сенімдеміз. Әзірше жағдай осылай қалыптасып тұр. Бірақ, күн ашылып, егін орағына жаппай кірісетін сәт те туары сөзсіз, – деп Мемлекет басшысы бірден күн тәртібіндегі мәселеге көшті.
– Бүгінгі аграрлық кеңеске үш облыстың басшылары мен агроөнеркәсіп қызметкерлерінің жиналып отырған себебі, – деді одан әрі Елбасы, – республикамыздағы дәнді дақылдар егістігінің 75 пайызы осы өңірлерде орналастырылған. Биыл да егін жаман болмауына барлық күш-мүмкіндіктер жұмылдырылды. Үш облысты қоса алғанда тек берілген субсидияның өзі 155 миллиард теңгені құрайды. Сондықтан, осының қайтарымы жөнінде алдымен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековты тыңдап алайық.
Бұдан кейін сөз алған министр еліміздің ауыл шаруашылығында өндіріс көлемінің соңғы жылдары екі есе өскендігін атап көрсетті. Бір адамға есептегенде еңбек өнімділігі 1 миллион 75 мың теңгеге жетіп отыр. Салаға инвестициялар салу да екі еседен астам ұлғайып, 173,3 миллиард теңгеге жеткен.
Биыл еліміз бойынша 21,2 миллион гектарға дәнді дақылдар себілген болатын. Оның 14 миллион гектары бидай, 2 миллион гектары майлы дақылдар, ал, 425 мың гектары бау-бақшалық өнімдер. Сондай-ақ, 3,7 миллион гектар шабындық алқаптары бар. Биылғы жылы осы егістік көлемі 316 мың гектарға көбейе түскен. Ал, бидай дақылы 615 мың гектарға азайтылып, оның орнына майлы дақылдар себілген көрінеді. Міне, осынау қыруар егістік алқабын ысырап қылмай, уақытында жинап алу – бүгінгі таңдағы ең басты міндет болып отыр. Еліміздегі астық бағасы әлемдегі бағадан айырмашылығы жоқ. Сондықтан, егін орағын ойдағыдай өткізіп, саладан табыс табуға әбден қол жеткізуге болады. Қыркүйектің бесіне дейінгі мәлімет тұтастай еліміз бойынша 3,4 миллион гектардың астығы жинап алынғандығын көрсетуде. Бұл барлық егістік алқаптың 22 пайызы. Батыс облыстарда құрғақшылық орын алып, егін жөнді шыққан жоқ. Сондықтан, жылдағыдай солтүстік өңірлерге жүктеліп отырған міндет жүгі ауқымды.
Бүгінгі таңда жауапты науқанда жанар-жағар май, басқа да қажеттіліктерден қолбайлау болмауы үшін барлық тиісті шаралар қарастырылды. Әсіресе, астық комбайндарының 99 пайызы дерлік науқанға дайын. Үкімет «Лизинг-2015» бағдарламасына сәйкес пайыздық мөлшерлемені төмендетуге бағыт ұстануда. Мұның өзі тек биыл ғана шаруашылықтардың осы лизингке 400 жаңа комбайн сатып алуларына мүмкіндік туғызған жайы бар.
Осыны айта келіп, одан әрі жауапты науқанды өткізу стратегиясынан хабардар еткен министр елімізде биыл жалпы астық түсімі 17,3 миллион тоннаны құрауы тиістігін де атап өтті. Гектар шығымы орташа есеппен 11,7 центнерден айналады деп күтілуде. Жиналатын осы өнімнің шашпай-төкпей сақталуына да тиісті шаралар қарастырылған. Қазір қолда бар элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығы 13,7 миллион тоннаны құраса, шаруашылықтардың өздерінде 12,6 миллион тонна астық сақтауға болатын өз қоймалары бар. Биылдың өзінде бұған 1,1 миллион тонна астық сақтауға болатын жаңа орындар қосылып отыр.
Елбасының өткен аптада ғана Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапары және онда қол жеткен уағдаластықтарға байланысты астықты экспорттауда жаңа бағытқа жол ашыла түспекші. Яғни, ендігі арада бұл ел біздің бидайымызды көбірек алатын болады.
Биылғы жылы елімізде 18,8 миллион тонна пішен дайындалып, мал азығының да берік қоры жасалды. Жемшөптің мұндай қажеттілігі мал басының өсуінен туындап отыр. Жаңадан ұйымдастырылған тауарлы сүт фермалары мен бордақылау алаңдарында мал табындары 2,5 есе ұлғайса, шаруашылықтарда құстың барлық түрінің де айтарлықтай өсімі бар. Бүгінгі таңда етті экспорттау бағдарламасы да жолға қойылып келеді. Осы орайда, Елбасы алдында есеп берген Асылжан Мамытбеков әсіресе, құс шаруашылығындағы жағдайдың күрт жақсаруын жақсылыққа балады. Ол сонымен бірге, мал дәрігерлік салада жағдай тұрақты екендігін, мал мен құстың қауіпті жұқпалы ауруларының жоқтығын, қазіргі кезде бруцеллезге қарсы күрестің жете қолға алынып отырғандығын атап өтті.
Шынында, мал шаруашылығындағы қолға алынып жатқан жобалар өзінің ауқымдылығымен ерекшеленеді. Таяу арада еліміз бойынша үш бройлерлік құс фабрикасы, екі өсімдік майы зауыты салынбақшы. Бұдан әрі әрине, министр саладағы әлі шешілмеген мәселелерге де тоқталды. Соның бірі, Парламент депутаттары қарайтын сақтандырудың жаңа тетіктерін енгізу мәселесі. Бұл ретте, Канаданың тәжірибесі зерттеліп, арнайы қорлар құрылуда. Мұның өзі банктер тарапынан қаржының құйылуын ұлғайтатын болады. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялар бөлу де жақсартыла түсуде. Ендігі жерде сол субсидиялар тек соңғы нәтижеге бағытталатын болады. Өйткені, тәжірибе жаңа технологиялар мен инновация-ларды қолданған шаруашылықтарда астық түсімінің басқаларына қарағанда 3-4 есе жоғары болатындығын көрсетіп отыр.
Келесі бір өткір тұрған мәселе – жерді тиімді пайдалану жағдайы. Егер жер иелері онымен жұмыс жүргізбейтін болса, мұндай егістік алқаптар қайтарылып алынады. Мұның да тиісті механизмдері қарастырылуда. Айталық, шаруа өз жерінде өнімді аудандық орта көрсеткіштен аз алса, әрі бұл үш рет қайталанса, онда сол фермердің жері алынады. Қалай дегенде де, жерге мықты ие керек. Қазір оны сату мәселесінің де көтеріліп қоятыны осы себептен барып туындауда. Нақты меншік иесі шықпайынша, жер де дұрыс күтілмейді.
Мемлекет басшысы министр Асылжан Мамытбековтың есебін тыңдау барысында көп мәселені нақтылап, қайта анықтап, алға жедел міндеттер қойып отырды. Сондай сауалдың бірі етті мал шаруашылығында асыл тұқымды малдың үлес салмағы туралы болды. Бұл көрсеткіш 18 пайызды құрайды деп жауап берді министр. Елбасы таяу арада оны одан әрі ұлғайтуды тапсырды.
– Бұрын субсидиялар автоматты түрде беріле беретін. Қазір асыл тұқымды мал сатып алғандарға береміз. Мұның өзі осы салада нарықтың пайда болғанын көрсетеді,–деді осыған орай А.Мамытбеков. Елбасының асыл тұқымды малға бөлінген несиелердің уақытында қайтарылып отыруы жөнінде қойған талабына да солай жасалып жатқандығы айтылды.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы алдында күзгі дала жұмыстарына дайындық шаралары және облыстағы жалпы ахуал туралы өңір басшыларының ішінен бірінші болып Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин есеп берді.
– Биыл облыс диқандары 4,5 миллион гектар алқапқа тұқым септі. Оның 4,2 миллион гектары дәнді, 244 мың гектары майлы дақылдар. Осы егістік алқаптарынан 4,2 миллион тонна өнім жинау көзделіп отыр. Гектар түсімі орташа есеппен 10 центнерден айналады деп күтілуде. Жауапты науқанға 8,5 мың астық комбайны қатыстырылмақшы. Бұл комбайндардың 2,5 мыңы шетелдік жаңа дала кемелері. Бүгінгі күнге дейін 900 мың гектардың егіні орылды. Егін орағын қолайлы мерзімде аяқтауымызға барлық мүмкіндік бар. Облыстағы 60 элеватор мен астық қабылдау кәсіпорны бес миллион тонна өнімнің ойдағыдай сақталуына жағдай жасайды,–дей келе, өңір басшысы Елбасына аграрлық салаға көрсетіп отырған зор көмек-қолдауы үшін алғыс сезімін білдірді. Соның арқасында тек бір ғана минералдық тыңайтқыштарды субсидиялау мөлшері 1,5 есеге артты. Мал басы да айтарлықтай көбейіп отыр.
Теңгенің таргеттелуіне байланысты облыс-та бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасының қалыпты деңгейде қалып отырғандығы да атап көрсетілді. Бұл істе тұрақтандыру қоры айтарлықтай маңызға ие болуда. Өткен жеті айда өндіріс көлемінің индексі 101,1 пайызды құрады. Облыста қазір 218 миллиард теңгенің 38 жобасы жүзеге асырылуда. Оның 16-сы биылғы жылдың аяғына дейін іске қосылады. Облыс жемшөптің бір жарым жылдық берік қорын жасап алып, бүгінгі таңда бар күш-мүмкіндікті күзгі жиын-терінді ойдағыдай аяқтап шығуға жұмылдыруда.
Кәсіпкерлік саласында да белгілі бір табыстар баршылық. Өңірде шағын және орта бизнестің елу мыңнан астам субъектісі тіркелген. Бұл еңбекке қабілетті халық санының 20 пайызы. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 8,7 миллиард теңге бөлініп отырса, оның 2 миллиард теңгесі биыл қолға тиіп, игі істер ауқымы одан сайын кеңейе түсуде. Биыл тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспары да 1,5 есеге асыра орындалуда. Облыс бойынша орташа айлық жалақы 6,4 пайызға өсіп, 86,3 мың теңгеге жеткен. Қысқы жылу беру маусымына қажетті отынның да екі айлық қоры жасалғандықтан, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы ойдағыдай деп айтуға әбден болады.
Мемлекет басшысы әрі қарай дәл осындай тәртіппен Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов пен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың да есептерін тыңдап, бұл өңірлерде де егін орағы жұмыстарының бүгінгі жай-жапсарына, аграрлық саланың жалпы жағдайына мұқият назар аударды.
Келесі кезекте Ақмола облысы Целиноград ауданының «Родина» Агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр сөз алып, теңгенің еркіндікке жіберілуіне байланысты алғашқы беттегі күрделі кезеңнің өткендігін, өмір өз кезегімен жалғасып, бүгінгі басты назар күзгі жиын-терінде болып отырғандығын алға тартты. Бұл орайда:
– Сіздің ақыл-кеңестеріңізді соңына дейін орындайтындар үшін тақа қиындығы жоқ. Біз де үлкен астық терминалын салдық. Бір мың бас сауын сиырға арналған мал кешені құрылысын жүргізудеміз. Сүт өндіруден 20 пайыз өсімге қол жеткіздік. Біз шығаратын өнім көлемі екі миллиард теңгеге жеткелі отыр. Алғашқы асыл тұқымды малдардың
несие берешегінен құтылдық. Өз есебіміз
бойынша соңғы тауарлы сүт фермасы біріншісіне қарағанда 30 пайызға арзан түсейін деп отыр. Енді, асыл тұқымды малды сатып алмай, өзіміздегі мал табынының жетпіс пайызын осындай деңгейге жеткізіп отырамыз, – деді озат шаруашылық басшысы. – Теңге еркіндігі өз басымызға бөгет бола алмайды. Тек бұл жаңа экономикалық саясаттың тетіктерін дұрыс пайдалану керек. Сіз өткен күндері ғана Қытай елімен жаңа уағдаластықтарға қол жеткіздіңіз. Оны құптай отырып, экспорттайтын бидайымыздың бағасы да өседі деп ойлаймыз. Субсидияларды соңғы нәтижеге қарап бөлу керек. Сонда әділ болады. Биылдың өзінде ғана шаруашылықта 20 үйді пайдалануға бергелі отырмыз.
Осы орайда, Елбасы жақсы тәжірибелердің тек шетелдерде ғана емес, өзімізде де барын жеткізді. Бір-бірімізден соны үйрене білуіміз қажет. Жаңалық ашып керегі жоқ, дұрыстап зер салсаң, «Родина» агрофирмасы сияқты шаруашылықтардың озық қадамы үйренуге, өзіңде қолдануға тұрмай ма?!.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы залдың да пікірін тыңдамақ болғанда, орнынан Еңбекшілдер ауданы «Баймырза Агро» серіктестігінің басшысы Мұрат Теміржанов көтеріліп, өз шаруашылығының жетістіктерімен ой бөлісті. Мұнда 27 мың гектар егін алқабы бар көрінеді. 110 адам жұмыспен қамтылған. Бес мың гектар алқапқа майлы зығыр өсірілуде. Бүгінгі таңда 2800 тонна астық жиналған. Гектар берекесі 14 центнерден айналуда. Бұл басшы да Елбасының Қытай еліне сапарына мұқият зер салғанын атап өтіп, Ресейді қосқанда осы екі үлкен елмен стратегиялық тығыз байланысқа өз қолдауын білдірді. Сондай-ақ, беріліп жатқан субсидияларға да ризашылығын жеткізді. 2011 жылы егінді 10 «Енисей» комбайнымен жинаса, биыл 10 шетелдік комбайнның алқапқа шыққанын мысал ретінде келтірді. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі біздің еліміздің осындай үлкен қадамға дайын екендігін білдірсе керек. Қазақ-Канада бірлескен кәсіпорнын құрып, 566 миллион теңгенің астық комбайнын саттық деп түйіндеді ол өз сөзін.
Мемлекет басшысы осы кеңес соңындағы өзінің қорытынды сөзінде тағы бір рет үш облыстың күзгі жиын-терім науқанын өткізу дайындығына мұқият тоқтала келіп, оның қарқынын күшейту қажеттігін айтты.
– Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Дегенмен, аграрлық сектор әлі экономиканы әртараптандырудың тірегіне айнала қойған жоқ. Мұның өзі еңбек өнімділігін дамыту саласындағы үлкен резервке, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін кеңейтуге, салаға сыртқы инвестицияларды тартуға қатысты болып отыр, – деді Елбасы өз сөзінде.
Кеңесте Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік жағынан маңызы зор азық-түліктің бірі – нанның бағасын нарық бағасына сай реттеуді ұсынды.
– Біз нан мен бағаның қолайлы болуы үшін тұтынушыларды субсидиялауымыз қажет. Қазір ол қолайлы емес. Сонда ғана сіздер ақшаға қол жеткізетін боласыздар, – деді бұл орайда Мемлекет басшысы.
– Одан да біздің айлығы төмен мамандарға ақша беріп, көмектескеніміз дұрыс. Батыста жағдай осындай. Оларды ешкім бақыламайды. Нарық өзі бағаны анықтайды. Ал, біз болсақ, кеңестік кезеңдегі әдеттен арыла алмай келеміз. Әрине, бәрінде халықтың табысымен санасуға тура келеді, – дей келе, Елбасы бензин бағасына мемлекеттік реттеуді алып тастаудың себебін де атап көрсетті. –АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеуді алып тастауды дұрыс қабылдауымыз керек. Бұл бензинді біз Ресейден сатып аламыз. Біз мұндай қадамға бармағанда, бір айдан соң мүлдем бензин болмай қалар еді. Бұл – экономика заңы, оған еш шара қолдана алмайсың. Сондықтан, теңестіру қажет. Біз ашық кеңістіктеміз, арамызда кедендік шекара жоқ. Сол себепті, бұған шара қолдануға тура келіп отыр. Оған түсіністікпен қарау керек.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда 14 миллион гектар жердің пайдаланылмай жатқандығына да тоқталды.
– Біз басты ресурс жерді тиімсіз пайдаланудамыз. Тек сіздердің үш облыстарыңызда ғана пайдаланылмай жатқан 3,5 миллион гектар жер анықталды. Жалға алған, бірақ, пайдаланбайды. Бұған жол беруге болмайды. Жалпы, еліміз бойынша 14 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 5 миллион гектар жайылым жер пайдаланылмайды, – деп атап өтуі осыны анық аңғартқандай болды.
Президент алға тартқан деректерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 180 миллион гектар жайылым жер бар көрінеді. Оларда бүгінде 6 миллион ірі қара, 15 миллион қой-ешкі өсірілуде. Ал, Австралияда 20 миллион гектар жайылымда 27 миллион ірі қара мен 90 миллион қой өсіріледі.
Кеңесте Елбасы Дүниежүзілік сауда ұйымы Қазақстанды ауыл шаруашылығын субсидияламауға мәжбүрлегенін түсіндіріп берді.
– Мемлекет қажетті барлық қолдау шараларын көрсетуде. Біз Дүниежүзілік сау-да ұйымына кіру барысында осы үшін күрестік. Біздерді ауыл шаруашылығын субсидияламауға мәжбүрледі. Біздерге бәсекеге қабілетті емессіңдер деді. Біз мұны басқалары да жасап жатқанын дәлелдедік. Бірақ, қалай болғанда да бұл істе абай болған жөн, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы алға тартқан деректерге сәйкес, соңғы 5 жылда Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыс-тары елімізде барлық ауыл шаруашылығына бөлінген субсидияның үштен біріне ие болды. Яғни, 135 миллиард теңге, лизинг бойынша 3,5 мың техника және «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 51 мың бас асыл тұқымды ірі қара мал осы облыстардың үлесіне тиесілі. «ҚазАгроҚаржы» ационерлік қоғамы осы өңірлерде 103 миллиард теңгенің 170 жобасын іске асырды.
– Міне, осы жұмыстардың арқасында 5 жылдың ішінде үш облыстағы өнімділік 2 есе артып, бір жұмысшыға 1,2 миллион теңгені құрады. Бес жылдың ішінде бұл жақсы көрсеткіш, бірақ, біздер үшін әлі де жеткіліксіз,– деді Н.Назарбаев.
Ал, экспортқа келетін болсақ, Елбасы бұл бағытта қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің зор әлеуеті бар екендігін айтып отыр.
– Егер таяу жатқан көршілердің сұранысын қарайтын болсақ, ол 210 миллиард теңгені құрайды. 20 миллиард доллардың өнімін экспортқа шығара аламыз. 4,5 миллиард доллар – бұл ішкі ресурс, ішкі нарықта да сатуға болады. Яғни, дұрыс нарық бар. Бұған қоса, біз әзірше осынау зор әлеуеттің шағын ғана үлесін пайдаланудамыз, –деді Мемлекет басшысы осы орайда.
Сонымен қатар, кеңесте бүгінгі таңда әлемде қаржы турбуленттілігі сақталып отырғанына, ол елдің экономикалық көрсеткіштеріне ықпал ететініне назар аударылды. Бірақ, дағдарыстық құбылыстарға Қазақстанның дайындығы бар, Қытай және Ресей сияқты жетекші экономикалық серіктестермен ынтымақтастық кеңеюде. Бұл ықпалдастық «Жаңа Жібек жолы» аясындағы бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асыруды, оңтүстік және солтүстік-батыс бағытта сыртқы нарықтарға шығатын көлік инфрақұрылымын дамыту ісін қамтымақ.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстанның аграрлық секторы әзірше экономикамыздың негізгі әртарабы болып отырған жоқ. Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі деңгейі бойынша біз Беларусь пен Ресейден 2 есе, ал, Еуразиялық Одақ, АҚШ, Канада және Австралиядан 10 есе қалып отырған жайымыз бар.
Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда таза экологиялық өнім шығарылатынына ерекше тоқталып өтті.
–Аграрлық өнім өндіру саласында ветеринарлық қызмет пен логистикалық қызмет нашар дамыған. Дүниежүзілік талаптар бойынша ветеринариясыз мал шаруашылығы өнімдерін ешқайда сата алмайсыз. Сондықтан, малдың амандығы үшін осы қызметті жете қолға алыңыздар. Біз ең таза экологиялық өнім бізде деп айта аламыз. Батыс елдерінде қолданылатын симуляторларды бізде қолданбайтынын бүкіл әлем айтады, – дей келе, Мемлекет басшысы гендік өзгеріске ұшыраған өнімдерден қорықпауға шақырды, себебі, оның болашағы зор екенін айтып түсіндірді.
– Бразилия бұл жағынан алдыңғы қатардағы мемлекет деп есептеледі. Мен онда гендік модификацияланған ағзаның қалай жасалатынын көрдім. Онда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ, еш химиясыз. Кейбіреулерге ұнамаса да айтайын: әлем гендік модификацияланған ағзаны айналып өте алмайды. Сондықтан, ол енгізілетін болады. Себебі, Жер бетіндегі адамдар үшін азық-түлік өнімін үш есе көбейтуге мүмкіндік жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесті қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әкімдерден халыққа шындықты айтып отыруды талап етті.
– Бұл қиын кезең баршамыз үшін тыныш өтуі тиіс. Барлығына қиын болатыны анық. Оны мен уәде бергенімдей, ашық айтамын. Сіздер де адамдармен тура және ашық сөйлесіңіздер. Ел болып барша қиындықты бірге еңсереміз. Халқымыздың жағдайы дұрыс болуы үшін мемлекет қолдан келген барлық қажетті шараларды жасап жатқандығын түсіндіріңіздер, – деді Елбасы Ақмола облысына жұмыс сапары кезінде әкімдерге қаратып айтқан сөзінде.
Осы орайда, Президент ең бастысы, халықта азық-түлік, киім-кешек, басқа да мүмкіндіктердің бар екенін түсіндіре кетті. Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміз бүгінгі жетістіктерге ұлтаралық келісім, ауызбіршілікпен жетіп отыр. Ендеше, біз үшін осыдан асқан мұрат жоқ. Мұнымен қоса, Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі жұмыс сапарының мазмұн-мақсатына қайта оралып, қазіргі кезеңде отандық тауар өндірушілердің алдында үлкен жауапкершілік, зор міндеттің тұрғандығын қадап айтты.
– Еліміздің негізгі тірегі сіздерсіздер. Өйткені, осы отырған баршаңызға, бүкіл ауыл еңбеккерлеріне халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Осы мәселе неғұрлым табысты шешілсе, көпшіліктің де көңілі жайлы болады, – деген Елбасының түйінді сөзінде осы жолғы Ақмола облысына келген жұмыс сапарының да бар мән-маңызы айқын аңғарылып тұрғандай еді. Сондықтан, мұндай сындарлы сәттерде қашанда «елім» деп дамыл көрмейтін Мемлекет басшысының осы жолғы алға қойған нақты міндеттерімен өңірде жауапты науқан – егін орағы ойдағыдай өтіп, аграрлық сала өркендей беретініне сенім мол.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА, Аслан ОСПАНОВ,
Зеренді ауданы.