Астананың іргесіндегі Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылында «Жасыл» экономиканы қолдау және G–GiobaI-ды дамыту коалициясы, «Ақбота» қоғамдық қоры және Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен «Жасыл технологиялар халық академиясы» оқу орталығының ашылу салтанаты болып өтті.
Салтанатты шараға облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин қатысты. Басты мақсаты «Жасыл технология» жайында толық мәліметтер беру әрі оқыту болып табылатын аталмыш орталықта қазірдің өзінде өзгелерге үлгі боларлық біраз істер тындырылған. Мәселен, мұндағы 1000 шаршы метрлік жылыжайда озық технологиялар қолданылып көкөніс өсірілуде. Бір назар аударарлығы, мұндағы қондырғылардың бәрі дерлік отандық кәсіпорындардың өнімдері. Негізінен, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорларын «Жасыл технологияны» игеруге, су мен электр қуатын үнемдеу жолында қандай мәселелерді қолға алу керектігін үйретумен айналысуға тиіс бұл орталықтың жұмысы алға басса біраз игі іске бастамашы болары сөзсіз. Әсіресе, фитодиодты жылыжай, ондағы тамшылап суару технологиясы, ал ең бастысы, жоғарыда айтып өткеніміздей, инновациялық қондырғылардың барлығы отандық кәсіпорындарда шығарылғандығы азық-түлік, соның ішінде әсіресе, көкөніс өндіруде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатындығын көрсетеді.
Аталмыш орталықта «Жасыл технологияны» игеруге ынта білдіріп, оқуға келгендер үшін 30 орындық қонақ үй жұмыс істейді. Жалпы, бұл іске бастамашы болушылардың айтуынша аталмыш орталықта атқарылатын жұмыстар 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қосылған үлес болмақ. Ол үшін әрине, әлі де талай жұмыстар атқару қажет. Бүгінде олардың алғашқы нәтижелері көрініс тапқан. Мәселен, осындай жылыжайларда, тіпті мектеп сияқты толық бір ғимаратты күн сәулесі арқылы алынатын энергиямен жылыту, ыстық сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер өз шешімін тапқан. Ол қондырғылардың да басым көпшілігі отандық кәсіпорындарда шығарылғандығы қуантады. Бұл орайда, орталық Назарбаев университетінің технопаркімен, басқа да отандық оқу орындарымен және кәсіпорындармен тығыз байланыста болады.
– Бұл орталықтың алдында келелі міндеттер тұр, – деді өз сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Стивен Тулл. – Межелеген істер жүзеге асырылса Қазақстанда «Жасыл технологияның» кең өріс алары сөзсіз. Оқу-тәжірибелік кешен болып табылатын бұл орталықта тұрғындар «Жасыл» экономика мен «Жасыл технология» жайында білім алумен қатар, қолданысқа жаңа ене бастаған заманауи қондырғылардың жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алады. Оның ішінде Пиролиз пеші, күн батареясы мен коллекторлары, жарықдиодты және фотодиодты энегия үнемдеуші сорғыштар және басқа да қондырғылар бар. Мәселен, ыстық беретін энергияны мүлдем аз тұтынатын арнайы қондырғының авторы Назарбаев университеті Технопаркінің басшысы Диаз Байсейітов оның қалай жұмыс істейтіндігі, қолданыстағы басқа қондырғылардан артықшылықтары жайында түсініктеме берді. Сондай-ақ, жылыжайдың жұмысы, онда пайдаланылатын озық технологиялардың бәрі де бұл орталықтың болашағы зор екендігін көрсетеді.
Әрине, «асатпай жатып, құлдық» деуден аулақпыз, дегенмен, мұндай жылыжайдағы көкөністерді, осы технологияларды пайдалану арқылы ауылдағы мектеп жанында өсіріліп жатқан көкөністердің сапасын, шығымдылығын көрген адам электр қуатын, суды мейлінше үнемді пайдалану арқылы да мол да, сапалы өнім алуға болатындығына көз жеткізе алады.
Талғат ҚАСЕН
Аршалы ауданы.