Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өңірімізге жұмыс сапарымен келген Швецияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Христиан Камилл мен ол бастаған делегация мүшелерін қабылдады.
Жылы жүздесу құрметті қонақтармен танысудан басталып, ықылас гүлін тарту етумен жалғасты. Нұрлан Нұркенов меймандарды облыстың мәдени және экономикалық жетістіктерімен таныстырып өтті.
Сонымен бірге, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева өңіріміздің мәдени тынысы жөнінде әңгімелеп берді. Өз кезегінде швециялық делегация мүшелері бұл айтылғандарды ұйып тыңдап, өздері білгісі келген сауалдарын қойды. Әңгіме барысында қонақтар облысымызда осы елдің көшпелі көрмесін ұйымдастыру ниеттерін жеткізді. Мұндай тарихи көрме Беларусь Республикасында да өтіпті. Бұл туралы Минск қаласындағы Ұлттық мұражай директоры Олег Рыжков баяндап берді. Кездесу соңында екі жақ естелік сыйлықтармен алмасты.
Сол күні меймандар облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, көрме ұйымдастырудың мүмкіндіктерін қарастырды. Ел астанасы Стокгольмдегі армия музейінің директоры Ева-Софи Эрнестелль «BITS AND PIECES» деген көрме атауының өмір мен өлім арасындағы заттар деген ұғымды білдіретіндігін жеткізді. Көрмеде негізінен, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстардағы құралдар көрсетіледі. Бір айта кетерлігі, бұл екі соғысқа да шведтер қатыспаған.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы директорының орынбасары Алма Құнанбаева өз сөзінде көрмені өткізуге қызығушылықтың барын, дегенмен, мәселені салалық министрлікпен және еліміздің Ұлттық музейімен бірлесіп шешкен орынды болатынын жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.