Қазақ халқының әдеби мұрасын соны дүниелермен толықтырған классик жазушы Мұхтар Мағауиннің: «Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі», – деген сөзі бар.
Дәл осы ғажап теңеу кешегі Құртқа мен Ақжүніс, ұлт анасы болған Домалақ ене, Қыз ене, Айша-бибі, Абақ ана, Абайдың анасы – Ұлжан, Айғаным ханша, ел басына күн туғанда қолына найза алып жауға шапқан Бопай апаларымыздың жалғасы, асылдың сынығы – Қазина Ысмайыловаға да арналып айтылғандай. Ғасырдан ұзақ жасаған бұл кісі еліміздің ең қарт тұрғынының бірі.
Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр кентінде тұратын ардақты әже 1901 жылы қазіргі Еңбекшілдер ауданының Қойтас ауылында дүниеге келген. Атасы кезінде өз заманының ең бай адамдарының бірі болса керек. Алты мыңдай жылқысы болыпты. Кейін Кеңес өкіметі орнаған кезде ауқатты әулеттің сол дәулеті бастарына пәле болып жабысады. Ұжымдастыру кезінде барлық мал-мүліктері тәркіленеді. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына» демекші, мұндайда жан сақтап қалудың өзі мұң еді. Қудалауға іліккен бұл шаңырақ та туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған.
Сөйтіп, Омбы облысының Есіл ауданына тұрақтайды. Бойжеткен Қазина Нұралы атты жігітке тұрмысқа шығып, өмірге Қариден есімді ұл келеді. Іле бүкіл дүниені дүрліктірген, адамзат тарихындағы ең жойқын екінші дүниежүзілік соғыс та басталып, 1941 жылдың маусымында жан жарын майданға аттандырады. «Бәрі де Отан үшін!» деген ұранмен өзі де Жеңісті жақындатуға жан аяған жоқ. Колхозда еңбек етті, егін екті, астық орды, шөп жинады. Қысқасы, істемеген жұмысы, араласпаған шаруасы қалған жоқ. Таңның атысы, күннің батысы бар қиыншылықты жұртпен бірге көтерді. Тек жақсылыққа, ертеңгі күні арайлап атар ақ таңға сенген Қазина Құсайынқызын да бұл сұрапыл соғыс қосағынан мәңгілікке айырды. Сөйтіп, жесір әйел ұлымен жалғыз қалды.
Басына қандай қиын күндер туып, тағдыр желі қарсы алдынан үйіре соққанымен, қайсар әйел қасқайып алға қарай жүре берді. Бір өзі бәрін де жеңді. Екінші рет өзгемен отау құруды қалаған жоқ. Жарына деген адалдығы мен ақ махаббатын мәңгілікке сақтап қалды. Мұқағали ақын айтпақшы, ешкім де мәңгі сүрінуге жаралмаған ғой. Ес жияр күн де жетті. Жалғыз ұлы, өмірдегі бар қызық-қуанышы азамат болды. Ананың перзентіне айтар бір ғана тілегі бар еді. Ол – туған елге оралу болатын. Қазыналы қарт ұрпағының өз топырағында өсіп-көктеп, тамыр жайғанын қалады. Бала да ана өтінішін жерге тастаған жоқ. Бір-ақ күнде сол өзі туған Еңбекшілдер ауданына көшіріп әкелді. Бұл – 1963 жыл болатын. Кіндік қаны тамған өңірге деген махаббат ештеңеге қаратпады. Сол қарбаласпен жүріп, әжеміз құжаттарын да алмапты. Оған жылдар бойы ешкім мән бермеген де. Сөйтіп, ғасырдан ұзақ жасаған бұл кісі тек 109 жасында ғана зейнеткерлікке шыққан. Ондағы басты себеп, кейуананың құжаттары тек сол кезде ғана түгелденіп бітіпті.
Елге келгесін ұлы үйленді. Бүгінде апамыз – алты немереден тараған 14 шөберенің қызығына кенеліп отырған бақытты әже. Сол жалғыз перзенті осыдан бірнеше жыл бұрын дүние салғанымен, қызындай болып кеткен келіні әлі күнге жанында. Жетпістің бел ортасындағы Майра апай қарт ананы бағып-қағып отырғанын ешқашан міндетсінген емес. Ол енесімен жарты ғасырдан астам уақыт бірге жасасып келе жатқанын айтады. Өрімдей 17 жасында осы шаңыраққа келін болып түскеннен бері ақылшысы – осы Қазина ана. Үйінен аттанарда қызына әкесі өмір бойы қайын енесін күтіп-бағуды аманат еткен екен. Есті қыз аманатқа қиянат жасамаса керек-ті. Өзі әже атанып отырған жан енесінің алдында әлі де баладай құрақ ұшып жүр. Күн сайын сан түрлі ас әзірлейді, басқа да жағдайларын жасайды. Сол бір шынайы қамқорлықтан болар, апамыз ауру-сырқау дегенді білмей келеді. Соңғы уақытта денсаулығының сәл сыр бере бастағанын ол кәріліктің «әлегі» деп есептейді. Той-томалақ бола қалса, екеуі бірге барады. Қазина әже бата беріп, Майрасы ән айтып, отырыстың көрігін қыздырады.
–Енем дегеннен анам дегенім жөн болар. Мен бұл кісіден көп нәрсені үйрендім. Әсіресе, қонақжайлығы ұнайды. Есіктен біреу кірсе, екеуміз де жан ұшырып, сол мейманның көңілін табуға тырысамыз. Өзі салмақты, біртоға жан. Артық-ауыс әңгімесі, көңіліңе алып қалар сөзі жоқ. Біз осы анамыздың тек амандығын тілейміз, – дейді инабатты келін.
Келінінің енеге деген мұндай ілтипаты көп жасқа үлгі боларлықтай. Ғасырдан ұзақ жасаған кейуанамен елу жылдан астам уақыт сыйластықта өмір сүрген бұл кісінің мұнысы шынында да сауапты іс. Күйеуі екеуі жұмыста болған кезде балаларды да әй-шәй демей, осы енесі бағатын. Тамағын беру әркімнің қолынан келе бергенімен, тәлімді тәрбие жағын тек осындай текті аналар ғана атқара алмақ. Әженің өзі өсірген сол немерелері бүгінде әр салада ел игілігі жолында жемісті еңбек етіп жүр. Бірі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істесе, енді бірі Мәскеуде оқиды. Басқалары да шаттықтың шырайын келтіріп отырған бір-бір шаңырақ. Бәрі осынша жасқа келген үлкен әжелерін мақтан тұтады, жұмыстан қолдары қалт ете қалса, бір қажетіне жарауға тырысады. Жиі-жиі сәлем-сауқатын әкеліп, хал-жағдайын біліп тұрады. Олардың осы бір елгезектігі де қанмен дарыған қасиет болса керек. Бәрінің санасында, зәу биікте Қазина әже тұр.
Сүйегі асыл қарт әңгімеміздің соңында бізге жас баланың – күлкісін, жас ананың – игі ісін, жомарттың – қолын, жорытқанның – жолын, қыздың – қылығын, судың – тұнығын, асаудың – арынын, түнгі оттың – жалынын, асқар таудың – паңдығын, бұлбұл құстың – таңғы үнін, даланың – жазықтығын, гүлдің – нәзіктігін, теңіздің – тереңдігін, қыранның – көрегендігін, ердің – көңілін, бүркіттің – жігерін, лашынның – жүрегін, нағыз достың – тілегін елестеткендей керемет батасын берді. Ендеше, тек қана ел тыныштығы мен бірлігін, халқымыздың аман-саулығын көксеген аяулы жанның осы бір ақ тілегі баршамызға қабыл болғай!
Перизат БӨЛЕКОВА