Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шырайлы шаңырақ - АРҚА АЖАРЫ

Шырайлы шаңырақ

Байтақ өлкеміздің қай қиырында болмасын, ауыз толтырып айта алатын, үлгі тұтуға тұрарлық шаңырақтар баршылық. Ондай отбасылар біздің аядай ғана ауылымызда да жетерлік. Солардың бірі – бес ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген Даитовтар әулеті.

Қарапайым отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Аталған шараның өскелең буын, әсіресе, жас жанұялар үшін тәрбиелік мәні зор. Меніңше, Даитовтардай әр шаңырақ «Мерейлі отбасы» атануға әбден лайық. Кәкен мен Роза балаларымен сексенінші жылдардың басында бізге көрші ауылдан қоныс аударған-ды. Отағасы  – жүргізуші, ал, жұбайы  фермада бригадир, кейін диспетчер, газ қазандығында оператор болды. Қай істі болмасын, тыңғылықты атқарып, көзге түсті, елдің құрметіне бөленді.  Осы ерінбей еткен еңбек елеусіз қалған жоқ. Кеңшар үй салып берді. Балалары ауылдағы мектепті бітіріп, қалаған мамандықтары бойынша білім алу мақсатында оқуларын әрі қарай ірі қалаларда жалғастырды.  Бүгінде олар бір-бір кәсіптің, шаңырақтың иелері. Үйлі-күйлі болып, ата-аналарының көз қуанышына айналып отыр.
Ұл-қыздары, келін-күйеу балалары  Ғабиден мен Бағлан, Сәкен мен Сәуле,  Гүлнәр мен Сағадат, Айдар мен Ғалия  бүгінде үбірлі-шүбірлі отбасылар.  Егіздер Жанайдар мен Жанар да өмірден өз орындарын тапқан. Бұлардың алды бақытты ата-әже атанып отыр. Өкінішке орай, Кәкен марқұм шөбересін көре алмай өмірден өтті.  Үйдің кенжесі Данияр да үйленді, Наташамен отау құрып, қара  шаңырақтың түтінін түзу өрбітіп отыр. Осылайша бес келін мен екі күйеу балаға ардақты ене болып отырған Роза апайдың  пейілінің кеңдігі өмірден көрген-білгені, түйгені мол көрегенділігінен болса керек. «Отбасы – шағын мемлекет» деп текке айтпаған ғой. Сол шағын мемлекеттің өзінің ішкі саясаты болады. Кіші келін ұлты орыс болса да, енесін өз қолына алды. Даниярдан тараған үш қызға қазақы тәрбие беруде. Оның «біссімілләні» аузынан тастамауының өзі бір ғанибет емес пе? Бір қызығы, бұл шаңырақтың барлық құдалары осы ауылдан, келіндері өзара тату. Бес келінді бір үйдің қыздарындай етіп ұстау – ененің білгендігінің арқасы екендігін қайталап айта кеткім келеді.  Олар  – Розаның мектебін бітірген өнегелі келіндер.
Осы орайда, әдебиетші-ғалым Немат Келімбетовтың кітабының мына бір тұсы есіме түсіп отыр. Ол кісі келіні Фатиманы мақтай отырып,  мынадай ой-түйін айтады: «Олар да біреудің әлпештеген балалары. Осыны ұмытпау керек. Мүсіншілердің тілімен айтсақ, келін деген – шикізат тәрізді.  Балшық – шикізат, одан азуы алты қарыс арыстан да, томпиған тасбақа да, иманжүзді адам да жасауға болады. Сол сияқты келінді де өз қызыңдай қабылдап, тәрбиелеу керек». Иә, керемет айтылған сөз.
Дана халқымыз қашанда жақсының жақсылығын жеткізіп, нұрын тасытып отырған. Біз де жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білейік. Әр перзент өмірге өз ризығымен келеді.  Жастарға Алланың берген ұрпағын көпсінбей, өмірге әкеле беріңдер демекпін. Балаларың көп болса, олар өскенде Даитовтар отбасы сияқты қуанышқа бөленесіңдер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, қазағымыздың саны көбейе бергей. Сөздің тоқетері  осы.

Қапан СӘТҒОЖИНОВА.
Бозайғыр ауылы,
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар