Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен ағымдағы мәселелерді нақтылауға арналған жиын өткізілді.
Өңір басшысы ең алдымен жаңадан тағайындалған сала басшыларымен таныстырды. Облыс әкімінің өкімімен Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы болып Дина Қамидоллақызы Ахметжанова тағайындалды. Дина Қамидоллақызы еңбек жолын 1981 жылы бастаған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ, Айна Ермекқызы Мысырәлімова Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі болып тағайындалды.
Мұнан соң облыс әкімінің қатысуымен өтетін маңызды іс-шаралар тізбесі пысықталды. Бүгін Целиноград
ауданына қарасты Оразақ ауылында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілті табыс етіледі. Сондай-ақ, облыс орталығында бір күннің ішінде жеті жаңа өндіріс, әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Осы аптада Атбасар қаласында қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толуына орай сомдалған жаңа ескерткіштің ашылу салтанатын өткізу жоспарланып отыр.
Алдағы түйінді мәселелерді таратып айта келе, өңір басшысы аса жауапты науқан – орақ жұмысына қатысты барлық дала жұмыстарын мейлінше жандандыру қажеттігі орайында сала басшыларына нақтылы тапсырма берді. Сонымен бірге, облыс аумағында әлеуметтік нысандарға жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тағы бір пысықтап, әрбір жобаға бөлінген қаржының уақытында игерілуі керек екендігін қатаң ескертті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.