Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар көшелерді аралап көріп, жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды, сондай-ақ, қазақ педагогикалық колледжінде болып, жағдайымен танысты.
Алдымен, өңір басшысы Құрылыс-шылар қалашығы шағын ауданындағы 3 үйдің лифтін жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмысты «Даяна Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Биыл көпқабатты 9 үйдің 27 лифтісі жөнделеді. Келесі жылы көпқабатты 11 үйдің 29 лифтісін жөндеу көзделіп отыр. Бұл жұмысты қазан айында аяқтау жөнінде тиісті басшыларға тапсырма берілді. Лифт пәтер иелері кооперативінің балансына тапсырылатын болды.
Бүгінгі таңда Бурабай шағын ауданындағы 58 үйдің ауласында абаттандыру жұмысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі жаңадан салынған жолдарды аралап көріп, жарықтандыру, балалар алаңы мен аялдама салу, үйлердің сыртын сылау сияқты жұмыстарды жөнге келтіруді тапсырды. Автотұрақтарды тәртіпке келтіру қажеттігін айтты. Осы маңдағы көпқабатты 9 үйде бір мыңға жуық пәтер бар. Өңір басшысы сенбілік ұйымдастыру арқылы тұрғындарды ағаш көшеттерін отырғызуға тартуды тапсырды. Ағаш көшеттерін күту жауапкершілігі пәтер иелері кооперативіне жүктелді.
Осы аптада Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің ашылғанына ширек ғасыр толады. Облыс басшысы осы білім шаңырағында болып, студенттердің тамақтануы және спортпен шұғылдану мәселелеріне назар аударды. Биыл колледж ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Жарқыраған қабырғалар мен едендер ерекше көз тартады. Өңір басшысы колледж ұжымымен кездесіп, алдағы уақытта оқу орнының өзге де мәселелері шешілетінін жеткізді.
Облыс әкімі Сәтпаев көшесі бойындағы көлік жолының күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Кемшіліктерді түзету қажеттігін айтты. Көлік жолының бойына екі қатар ағаш көшеттерін отырғызуды тапсырды. Капцевич көшесін абаттандырудың жобасына да назар аударып, жөндеу жұмыстарын келесі жылы жүргізуді тапсырды.
Қазір Абай көшесі басында орналасқан Тутұғырға «Көкшетау – Жәрдем» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Облыс әкімі кәсіпорын басшысы Олег Топорковқа жұмыстың сапасына назар аударуды және Құлагер ескерткішін жөнге келтіруді тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.