Облыс әкімі Сергей Кулагин жаңадан ашылған «SmaLL» көтерме сауда маркетінде болып, 5500 шаршы метрді алып жатқан сауда алаңы мен қойманы аралап көрді. Алдымен, азық-түлік бағасына назар аударып, аудан әкімдеріне мұндағы бағаны өздеріндегі дүкендердің бағасымен салыстыруды тапсырды.
«SmaLL» маркеті негізінен көтерме саудамен айналысады. Мұнда азық-түлік тағамдары, тұрмысқа қажетті тауарлармен қатар, ыстық және салқын еттік тағам түрлері, наубайхана мен кондитерлік цехтың өнімдері сатылады. Тұтынушыларға қолайлы болу үшін әртүрлі банктердің банкоматтары, төлем терминалдары мен автоматты сақтау камералары орнатылған. 145 орындық автотұрақ та қарастырылған.
Маркет қыс айларында автономдық түрде жылытылады. Жалпы, бұл жобаның құны 600 миллион теңгені құраған көрінеді. Нысан жеке меншік иесінің қаржысына салынған. Қазір мұнда 220 жұмыс орны ашылған. Орташа жалақы 80 мың теңге.