Көкшетау қалалық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полицияның кіші сержанты Данияр Аманжол төрт бала мен олардың анасын өртеніп жатқан үйден аман алып шықты.
Бұл оқиға былай болған еді. Данияр әдеттегідей күнделікті жұмысынан үйіне келіп, киімін ауыстырып, көлігімен қала ішіне шығады. Уәлиханов және Жеңіс көшелерінің қиылысындағы дүкеннің маңынан өтіп бара жатқан ол сол тұстағы бір жеке меншік үйден өрт шығып жатқанын байқайды. Дереу әлгі үйге жақындап келіп тоқтай қалғанда, отқа оранған үйдің терезесін іштен біреудің қағып тұрғанын көрген Данияр сол арада жалма-жан терезе әйнектерін сындырып жіберіп, өртенген бөлмеге кіреді де, үш баланы алма-кезек көтеріп, сыртқа алып шығады.
Осы сәтте төртінші баласын іздеген аналары іште қалып қойған еді. Данияр шашына дейін күйе бастаған оның да терезеден шығуына көмектесіп, енді үйде
ауырып, төсекте жатқан қыз баланы өрттен құтқаруға жанталасады. Бірақ, қолқаны қапқан қою түтіннен қанша іздесе де таба алмайды. Сондықтан, тез қайта далаға шығып, өрт сөндірушілерге хабар беріп, олармен бірге төртінші баланың да оттан аман қалуына бар жағдайды жасайды.
Сын сәтте өжеттік пен батылдықтың үлгісін көрсеткен Данияр Аманжол Зеренді ауданындағы Қарабұлақ ауылының тумасы. Оның ішкі істер органына қызметке келгені жуырда ғана. Соған қарамастан, осындай азаматтық танытқан Даниярды облыстық ішкі істер басқармасы ерлігі үшін тиісті марапатқа ұсынып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.