«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Жастардың кадрлық резерві» жобасының екінші іріктеу кезеңі өтті. өтті.
Екі күнге жалғасқан сұхбаттасу кезеңіне облысымыздың Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, тағы басқа аудандарынан 97 адам қатысты. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жетекшілік еткен
комиссия жастарға өмірге деген көзқарастары, алдағы жоспарлары жайлы сұрақтар қойып, әр үміткермен жеке-жеке танысты. Айта кетейік, барлық сыннан сүрінбей өткен екі қатысушыға ғана республикалық жастар кадрлық резерві жобасында бақ сынасуға жолдама беріледі. Сұхбаттасу барысында жастардың көбісі аталған жобаға қызметте өсу, жаңа адамдармен тәжірибе алмасу үшін қатысқылары келетіндерін айтса, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап бере алмай, мүлт кетіп жатқан жас мамандар да болды. Мәселен, үміткер Мадияр Амангелдиновтың Қорғалжын аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы бола тұра, өз ауданындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі қандай дәрежеде екенін білмегені өкінішті-ақ. Өз қызметтерін аудандық деңгейде дұрыс меңгере алмаған
жастар республикалық ауқымдағы істерді тыңғылықты орындайды дегенге сену қиын. Сондықтан да, жобаға қатысуға жолдама берердің алдында жастарға қатаң талаптар қойып, біліктіліктері мен білімдеріне жақсылап көз жеткізіп алған артықтық етпейді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.