Тәуелсіз еліміздің экономикасын дамытып, әл-ауқатын, атақ-беделін көтеретін де денсаулығы мықты адамдар екендігі даусыз. Адам денсаулығына мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отырғандығы да осыдан екендігі анық. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана халқымыз. Денсаулықты сақтап, нығайтуда табиғат аясында дем алудың мәні өте зор.
Сарыарқаның сайын даласында орын тепкен үш ұлттық парк пен ЮНЕСКО-ның Табиғат мұрасы тізіміне енгізілген бірегей Қорғалжын мемлекеттік орнитологиялық қорығы, атақты Щучинск-Бурабай курортты аймағы мыңдаған туристерді қабылдап, өлкеміздің атын әйгілеп қана қоймай, жеті атасы аяғын баспаған шетелдіктер үшін жер жәнаты болып отыр десек, асыра айтпағандаймыз.
Солардың арасында Қазақстан Республикасының Индустрия және ақпараттық технологиялар министрлігінің тапсырмасымен қолға алынған бес жұлдызды «Burabay Lakes Resort Hotel» туристік қонақ үй кешені, «Оқжетпес» шипажайы, «Парк Хаус» және «Көкшетау» парк отелі және Қазақстан Лапландиясы тәрізді туристік нысандар бүгінгі күні еліміздегі демалу индустриясының көшбасшысы ретінде кеңінен танылуда. Сондай-ақ, мұнда қазіргі заманға сай өзге де туристік кешендері де бой көтеріп, демалушылар игілігіне қызмет жасауда.
Щучинск-Бурабай курортты аймағының құрылуы өңірдегі туризм саласын дамытуға айтарлықтай серпін берді. Бағдарлама қолға алынғаннан бері 2010 және 2014 жылдар аралығында аймаққа демалуға келетін туристердің саны 1 миллионға дейін жетті. Оның ішінде жаз айларында 500 мың адам демалуда. Осы аралықта облыс бойынша 90-ға жуық туристік инфрақұрылым нысаны құрылып, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы туристік саладан бюджетке түсетін салық және өзге де түсімдер көлемі артып, 1,2 миллиард теңгені құрады. Щучинск қаласында салынып жатқан республикалық шаңғы базасы мен Бурабай кентіндегі гольф клубы алдағы уақытта пайдалануға берілетініне сенім бар. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,4 пайызға жоғары көрсеткіш. Өңірде туризмді дамыту мұнымен шектеліп қалмайды. «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Бурабай сияқты табиғаты көркем Ерейментау, Сандықтау, Қорғалжын, Зеренді аудандарында туризмді дамытудың әлеуеті жоғары. Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 11 туристік инфрақұрылым нысаны ашылды. Оның ішінде Зеренді ауданында «Ансат-кz» және «АVRORA CARDEN» қонақ үй кешені, Сандықтау ауданында 5 қонақ үй және ТҚС «техникалық қызмет көрсету стансасы», Бурабай ауданында «Орленок-К» серіктестігі спорттық-сауықтыру және оқу кешені және 2 жол бойында қызмет көрсету нысаны бар.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аймақтарға зерттеу мақсатында мамандардан құралған арнайы экспедиция ұйымдастырылды. Жарнамалық қызметті кеңейту бағытында да біраз жұмыстар қолға алынды. Соңғы жылдарда туризм саласын жарнамалау және насихаттау жөніндегі материалдар шығару көлемі де артып отыр. Бұдан жарнамалық өнімдердің саны ғана емес, сапасы да жақсара түсуде. Осының нәтижесінде облысымыздың демалыс орындары туралы ақпараттар аумағы кеңеюде. Бұл өз кезегінде бізге келетін демалушылар қатарының өсуіне игі ықпалын тигізіп отыр деп айта аламыз.
Бір сөзбен айтқанда, өңірде туристердің
демалуы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Мәселен, автокөлік жолдарына жөндеу мен жаңарту жұмыстары жүргізілуде, инженерлік коммуникациялар жаңартылып, экологиялық проблемалар шешімін табуда.
Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі аясында Целиноград, Аршалы, Қорғалжын аудандарында этно-ауылдар құру бағытындағы
5 жобаны жүзеге асыруға дайындық жүргізілуде, мұның өзі көрмеге қатысу үшін келетін мыңдаған туристердің қазақ халқының бай тарихы, төл мәдениеті, дәстүрлерімен танысуларына мүмкіндік береді.
Қазақтың «бірінші байлық – денсаулық» деп бар байлықтың басына денсаулықты қойғаны тектен тек емес. Осыған қарап, Ақмола облысы еліміздің ғана емес, алыс-жақын шетел туристерінің де жиі келіп, әсем табиғат аясында демалатын курортты мекеніне айналуда. Тіпті, бой сергітер, дертке дауа ауасын жұтып, мөп-мөлдір өзен, көліне шомылып, ем-шипасын алатын сүйікті орнына айналып отыр десек қателеспейтіндейміз.
Шынарбек БАТЫРХАНОВ,
облыстық туризм
басқармасының басшысы.