Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінде Қазақстан халқы мен бүкіл әлем мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, жамағатпен әңгімелесті.
Бұл күні адамдар өкпе-реніштерін кешіріп, бір-біріне жақын бола түседі. Сондықтан, мереке біріктіруші рөл атқарады. Біздің халқымыз Тәуелсіздік алғаннан кейін ислам дінімен қайта қауышты. Соның арқасында даму бағытындағы жолымызды жалғастыра отырып, бірлігіміз бен татулығымызды нығайттық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қазіргі замандағы қақтығыстардың негізгі себептеріне де тоқталды.
Бұлар – ең бірінші жер аумағына байланысты даулар. Біз осындай дау
тумауы үшін көрші елдермен уағдаластық арқылы шекарамызды бекіттік. Екінші – этносаралық қақтығыстар. Өз ұлтын өзгеден жоғары санау – аса үлкен күнә. Біз Қазақстанда көпұлтты халықтың бірлігін қамтамасыз еттік. Этникалық тегіне қарамастан, әркімді де құрметтей отырып, елдегі тұрақтылықты нығайттық. Үшінші – бүгінде бүкіл әлемде болып жатқан дінаралық қақтығыстар. Еліміздің мұсылмандары өз дінін ұстана отырып, өзгелерді құрметтейді. Соның негізінде біз халықтың бірлігі мен достығын қамтамасыз еттік. Сондықтан, халқымызды өз дінінде мейірімділік пен қайырымдылық жолын таңдауға және өскелең ұрпақты осы бағытта тәрбиелеуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті баршаны тағы да мерекемен құттықтап, әр шаңыраққа бақ-береке тіледі.