Ата Заңымызда айтылғандай, әрбір қазақстандық азамат жалпы білім алып, қоғамда еңбек етуге құқылы. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы басты мәселе – кәсіпкерлікті дамыту жолында да әрбір адамға мол мүмкіндік бар. Міне, соны пайдаланып жүрген жанның бірі – Аршалы кентінің тұрғыны Дәулетхан Әбжанов.
–Еңбек жолымды Семей қаласында құрылыс саласында қарапайым жұмысшы болып бастадым. Еркін, Ерлан есімді жігіттерден осы құрылыстың бүге-шүгесін үйреніп, кейін өзімнің бригадамды жинадым. Талай адамдардың үйі мен моншасын салып, еңбегімнің жемісін көріп жүрдім, – дейді ол. Иә, үйренген өзіңе жақсы деген ұстанымды берік ұстанған Дәулетхан қандай материал болмасын, үй салудың, кірпіштен пеш соғудың да шебері. Көз шырағы көмескі тартып, II топтағы мүгедек деген үкімге мойынсұнбай, ауыр жұмыстан қашпады. Денсаулығы сыр берген соң, жеңілдеу жұмысты қарастырды. Қазіргі таңда Аршалы аудандық қорғаныс бөлімінің күзетшілік қызметінде екен.
Бұл жұмыстан алатын азын-аулақ еңбекақымен отбасын асырау қиындыққа түсерін сезіп, етікшілікті қолға алады. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жалға орын алады. Өзінің шағын шеберханасында небір тозығы жеткен, өкшесі кеткен аяқ киімдерді жаңартып, тағы біраз уақыт киюге жарайтындай етіп иесін қуантуда. Биылғы жылы немересі мектеп табалдырығын аттады.
Баланы мектепке дайындау да қаржыны талап ететіні белгілі. Отбасын, немере жағдайын ойлаған жанның ісіне қызыға қарадық. Кейбір он екі мүшесі сау азаматтардың екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерін көргенде, неге өздерінің қабілеттерін ашу жолында осындай бір ұмтылыс жасамайды екен деген ой келеді. Біз барғанда биге арналған туфлидің өкшесін жасап отырған етікші Дәулетханның еңбегі жанып, жерлестерінің ризашылығына бөленуде. Өзі ешқашан да ренжіп, мұңайып жүрмейтін жан.
–Ісімді ашқанда мемлекеттен маған мүгедек ретінде қандай жеңілдік бар екеніне мән бермей, ешқайда бармадым. Өзімнің күшіме сендім. Сөйтсем, салықтан үлкен жеңілдік бар екен. Алда Еңбек күні. Осындай мерекелерді атап өтіп жатқан біз тәуелсіз елдің еркін әрі бақытты ұрпағымыз. Осы игілігіміз ұзағынан болсын, – деп жұмысын жалғастыра берді Дәулетхан. Иә, барға қанағат ететін, өзіне сенімді осындай жандар мол болсын!
Мәулен Әжіқанова.
Аршалы ауданы.