Облыс әкімі Сергей Кулагин Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Чехияның Төтенше және өкілетті елшісі Элижка Жигова мен Оңтүстік-Моравск өлкесінің гейтманы (губернаторы) Михаил Гашек бастаған делегацияны қабылдады.
Ақмола облысы мен Чехия арасындағы сыртқы сауда айналымы 2015 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында 1 081,8 мың АҚШ долларын құрады. Бұл облыстың жалпы сыртқы сауда айналымының 0,2 пайызы. Сондықтан, екі жақты ынтымақтастық байланысты нығайтпай болмайды. Кездесу барысында осы мәселелер, атап айтқанда, агроөнеркәсіптік сектор, білім және сауда, экономикалық мүмкіндіктер кеңінен қарастырылды.
Облыс әкімі Сергей Кулагин бұл орайда, өңірімізде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол инвестициялық мүмкіндіктер жайлы сөз қозғап, Чехия елімен жақсы байланыстар орнатуға болатындығына тоқталды.
Оңтүстік-Моравск өлкесінің гейтманы Михаил Гашек мырза өз сөзінде Ақмола жеріне келгеніне өте қуанышты екенін айта келе, жұмыс сапарының мақсатына тоқталды.
–Табиғаты әсем сіздердің облыс-тарыңызда туристік саланың әлеуеті жоғары екендігін байқадық. Ал, біздің елге келетін болсақ, Чехияда 2 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Алдағы уақытта осындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде чех тілін оқытатын бөлімдер ашсақ, бұл бізге мамандар мен студенттер алмасуға мүмкіндік берері даусыз,– деді ол өз сөзінде.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі ақмолалықтардың чехтармен сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін мәлімдеп, мәртебелі меймандарға кәдесыйлар табыс етті. Сапар барысында чехиялық делегация мүшелері «Ақмола Бидай» және «Есіл Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болып, егіншілік және мал шаруашылығы салаларының жетістіктерімен танысты.
Одан әрі бизнес орталығында бірқатар басқарма басшылары мен кәсіпкерлеріміз де шетелдік қонақтармен кездесіп, мұнда да екіжақты байланыстарды дамыту мәселелері қарастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.