Өткен демалыс күндері Бурабай баурайында бүркітшілердің II халықаралық фестивалі өтіп, үздік құсбегілер анықталды. Екі күн қатарынан ұйымдастырылған дүбірлі додаға 10 мемлекеттен келген бүркітшілер бақтарын сынады. Атап айтар болсақ, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғыз Республикасы секілді алыс-жақын шетелдерден келген құсбегілер қырандарын аңға салды.
Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші, бүркітші қыран құсын қоян және түлкіге салып, алымдылығын көрсетсе, келесі кезеңдерде құсын қолына қондырып, көкке еркін ұшыру секілді сатылардан өтті.
–Бүгінгі өтіп жатқан II халықаралық бүркітшілер фестивалінің маңызы зор. Бұл, әрине, біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан қанымызда бар төл өнеріміз, ұлттық құндылықтарымыздың бірі, – дейді Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.
Жарыс қорытындысына орай, Астана қаласының тұрғыны Серікбек Күнтуған бірінші орын алса, Жамбыл облысының өкілі Жалғас Әкімбеков екінші орынды иеленді. Ал, үшінші орын Ақмола облысының бүркітшісі Олжас Бекхожинге бұйырды. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған шараға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік көрсетті. Сонымен бірге, байқау барысында ардагер спортшы Қанат Ахметовтің
70 жылдығы құрметіне «Бүркітшілікті дамыту» тақырыбында арнайы ғылыми конференция да ұйымдастырылды.
Ал, жалпы алғанда, әлемнің бірнеше елдерінен саятшылар қатысқан бұл дүбірлі доданың Ақмола жерінде өткізілуі өңірімізде осы спорт түрінің одан әрі дамып, қанат жаюына өзінің игі ықпалын тигізе түсеріне сеніміміз мол.
Аслан ОСПАНОВ
Бурабай ауданы.